Әуесқой спортшылар жыл үздіктері

 

Атырау қаласында «Run Club Atyrau» бастамасымен жақында өңірдегі әуесқой жүгіру клубтарының басын қосқан жыл қорытынды кеші өтті. Ауқымды басқосуға Rockets Atyrau, AsylFit, Westernrunners, Isatai Run, Run Club Atyrau сынды өңірге танымал клубтар қатысып, бір жыл бойы атқарылған жұмыстар қорытындыланды.

Мерекелік кештің басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, әуесқой спортты дамыту және жүгіруді қоғамда кеңінен таныту. Осы орайда аудан жастарынан құралған «Isatai Run» клубының қалаушысы Бекзат Қуандықов мұндай кездесулердің маңызы ерекше екендігін бізбен байланысу барысында атап өтті.

 

 

–Бұл кеш – бір ғана клубтың емес, өңірдегі бүкіл әуесқой жүгіру қауымдастығының ортақ жетістігінің айқын көрінісі. Спорт адамдарды біріктіретін үлкен күшке айналып келеді. Әсіресе аудан жастарынан құралған клуб мүшелері қашанда белсенді, түрлі жарыс пен марафондардан қалыс қалмайды. Басты мақсатымыз – салауатты өмір салтын қалыптастыра отырып, клубтар арасындағы достықты нығайту,-деген ол алдағы жоспарларымен де бөлісіп, әуесқой спортты дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын табатынын тілге тиек етті.

 

 

Кеш барысында жыл бойы табандылығымен, белсенділігімен көзге түскен спортшылар арнайы номинациялар бойынша марапатталды. Атап айтқанда, аудан жастарының арасынан Арсен Смайлов «Клуб белсендісі» аталымына ие болса, Асыланбек Аронов «Үздік жаттықтырушы», ал Жайдарман Мұхтарова «Үздік атлет» деп танылды.

 

 

Бұл марапаттар жүйелі дайындық пен қажырлы еңбектің, ортақ мақсат жолындағы ұйымшылдықтың нақты дәлелі іспеттес. Мұндай іс-шаралар спортшыларды жаңа белестерге жетелеп қана қоймай, өңірдегі жүгіру спортының дамуына тың серпін береді.

    
Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT