Қазақ халқы қашан да бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Сол себепті, дана халқымыз «Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» деп, атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді келер ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбиелеуге тырысқан. Санасына қарнының қамын емес, халықтың қамын ойлауды о бастан-ақ сіңіріп өсірген. Осы қасиеттердің барлығын бала бойына ерте кезден құя білген.
«Бала тәрбиесі–өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер» деген екен М.Жұмабаев. Қандай тауып айтылған даналы сөз.Тәрбие – қашан да отбасынан басталады. Әр халықтың тәлім-тәрбиелік мұрасы - ұлттық мәдениетінің маңызды белгісі. Ұлт тәрбиесінің сезімдік әсері зор. Сондықтан халықта «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген мақал бар. Қазақ табиғатында отбасы иелері ең әуелі өз ұлы мен қызының алдында тәрбиелі, өнегелі, көргенді, үлгілі болуға тырысқан. Оның ең басты себебі, «ұлдың ұяты – әкеде, қыздың ұяты – шешеде» деп бағалағандықтан. Ата-бабаларымыз бала тәрбиесіне ерекше назар аударып, «Беске келгенше балаңды хандай ұста, он беске дейін құлдай жұмса, он бестен кейін досыңдай көр» деп, баланың ой-өрісі даму кезеңін ерекше бағалаған.
Қазаққа тән игілік пен ұлттық сана дегеніміз ол – әдептілік, бауырмалдық, қонақжайлылық, еңбекқұмарлық, ұрлық, қиянат жасамау, үлкенді сыйлау, тағы сондай сияқты. Ата-ана және отбасы мүшелері жас нәресте дүниеге келген күннен бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып өсуі үшін қажет жағдай жасайды. Бұған баланың қажеттігін толық қанағаттандыру, оны дене және ой еңбегіне үйрету, күн тәртібін дұрыс реттеуге, салауатты өмір сүруге, адал болуға тәрбиелеу, жақсылықты үйретуге, жамандықтан жиренуге үйрету, бойында жастайынан мәдени құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру жатады. Отбасындағы ата-ана – баланың өмірлік ұстазы және тәрбиешісі. Баланың болашағы, білімі, мәдениеті отбасындағы ата-ананың сіңірген еңбегіне, тәлім-тәрбиесіне байланысты.
Енді бүгінгі өмірге келсек. Қазіргі заманның балаларын өткен ХХ ғасыр балаларымен салыстырсақ, айырмашылығы жер мен көктей. Ол кездің балалары ата-анаға қарсы тұру былай тұрсын, әкенің қабағынан қорқатын. Ал, қазір ше? Өзіңмен қоса жағаласып, қабақ тұрмақ әкенің жүрісінен қаймықпайтын балалар бар. Оған себеп, біріншіден, жұмыстан қолы босамайтын ата-анада, екіншіден, теледидар көрсететін түрлі кинолар мен қолдан түспейтін ұялы телефонда. Бүгінгі баланың тәрбиешісі – теледидар, интернет, аула, қоршаған ортасы. Баласының қайда, немен айналысып жүргенінен бейхабар ата-аналар да аз емес. Егер ер-азаматтар нағыз «түздің адамы» болып, табыс тауып, бала-шағасын бақса, әйелдер де тып-тыныш баласын бағын, күйеуінің бабын тауып, ұрпағының тәрбиесімен айналысып отырар еді. Амал жоқ, сүйенетін ері жоқ көптеген әйел балаға ұлттық тәрбие беруден бұрын олардың қарны тоқ болғанын ойлайды.
Кейбір отбасылардан байқайтынымыз, жұмыстан келген ана кешкі астың қамымен жүріп, мектептен келген баласына қарауға уақыты болмайды. Баласының «мен бүгін бес алдым» деп мақтана келген қуанышына «балам, шаршап тұрмын» деп жас баланың еңсесін түсіріп аламыз. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Себебі, бала жас шыбық сияқты, қалай исең солай иіледі. Болмаса, өз жан тыныштығы үшін баланың қолына ұялы телефон беріп қоятын ата-аналар да бар. Ол жас жеткіншек интернет шырмауына кіріп, санасы уланатынын аңғармаймыз да. Кейбірі балаға нағыз тәрбиені ата-әжесінен ешкім артық бермейді деп жатады. Бәлкім, дұрыс та шығар. Әжесінің айтқан ертегісімен өскен бала, әрине, жаман болмас. Бірақ, қазіргі әжелеріміз ертегіден бұрын телефонның ар жағынан әншілердің өмірін қызықтап отыратыны хақ. Сондағы қазақы құндылық қайда? Енді бір ата-аналар баласына қымбат көлік алып беріп, оны еңбекке емес, байлыққа баулиды. Байлыққа ертерек қол жеткізуді армандаған бала өмірді өзінше түсініп, басқаша қалыптаса бастайды. Бұл үрдіс санасы әлі толыққанды қалыптаса қоймаған жасөспірімдерді жеңіл пайда табуға, ұсақ құқық бұзушылыққа, теріс жолға түсуге итермелейді.
Соңғы кездерде бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде мектеп оқушылары арасындағы тәртіп бұзушылықтар жарыса жазылуда. Мұндай келеңсіз жайттар, әсіресе, өзіміздің облыс орталығы Атырау қаласында да жиірек орын алуда. Яғни қазіргі мектеп оқушылары арасында «электрондық темекі шегушілер көбейіп келе жатқаны», «жоғары сынып оқушылары ақша сұрап әлімжеттік көрсететіні», «белгісіз ұнтақ ішіп, балалар ауырып қалатыны», «бомба жарылады деп жалған хабар тарату» секілді тағы басқа әңгімелер желдей есуде. Бұл біздің ұғымымызша, білім беру саласында қордаланған бірқатар мәселелердің бар екенін көрсетсе керек.
Өткен аптада осы шулы мәселеге байланысты «Атырау» газетінде Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің «Тәрбие-отбасынан басталады» деген мақаласы жарияланған-ды. Онда облыс басшысы: -Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз бар. Бұл бала тәрбиесі әрбір отбасынан бастау алатынын көрсетеді. Сондықтан ата-аналарға айтарым: балалардың тәрбиесіне көңіл бөлейік. Осы жұмыстарды бірге атқарайық. Үйде балалармен тұлға ретінде сөйлесіп, электронды темекінің денсаулыққа зиян екенін түсіндіріп, мектепті жалған «бомбылау» сияқты әрекеттердің артында заң бұзушылық тұрғанын және оның жауапкершілігі бар екенін санасына сіңіру керек.Екіншіден, кәсіпкерлерге, дүкендегі сатушыларға үндеу жасаймын. Бүгін сіздер пайда табамын деп біреудің баласына темекі өнімін сатарсыз,ертең сіздің де балаңыз сол кеселді барып басқа біреуден сатып алмасына кім кепіл?! Біз бұлай бір-біріміздің баламыздың болашағына балта шаппауымыз керек. Әрине, әр дүкеннің алдынаң әр балаға қадағалаушы қоя алмаймыз. Бір ғана жолы бар. Ол тәрбие арқылы, әр баламен түсіндіру жұмысын бірге жүргізе отырып шешуге болады» деген болатын. Бұдан біз облыс әкімінің өзі бұл мәселеге ерекше маңыз беріп отырғанын ойымызға түйдік. Осыған орай қазір облысымыздың барлық білім ордаларында ата-аналар жиналысы өтіп, онда жоғарыдағы айтылған өзекті мәселелер қызу талқылануда. Ондағы мақсат ата-аналар, ардагер ұстаздар, депутаттар, қоғамдық белсенді азаматтар,денсаулық сақтау саласының мамандары, құқық қорғау қызметкерлері, ауылдық округтер әкімдерінің қатысумен бала тәрбиесінде орын алған қоғамдағы олқылықтарды тез арада бірлесе отырып шешу және түсіндіру болатын.
Сөйтіп, біз ең бірінші шалғайда орналасқан Нарын ауылдық округінің Ф.Оңғарсынова атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Р.Абуоваға хабарласқан едік. Оның айтуынша, аталған мектепте «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» атты ата-аналар жиналысы өткен. Оған 67 ата-ана, құқық қорғау қызметкерлері,педагогтар, мектеп медбикесі, психолог, сынып жетекшілері қатысқан. Жиналыста алдымен сөз алған жергілікті учаскелік полиция инспекторы Е.Ұзақбаев кәмелетке толмағандардың көлік құралдарын тізгіндеуіне, балалардың түнгі уақытта көшеде, қоғамдық орындарда жүруіне тыйым салынғанын ескертсе, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Р.Абуова мектеп оқушыларының келеңсіз әдеттерден аулақ жүруіне тоқталды, ал мектеп дәрігері І.Атабекқызы темекі шегу, ішімдік ішу, нашақорлық секілді зиянды әрекеттер адам денсаулығына кері әсерін тигізетінін баяндаған.
Ата-аналар жиналысы Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектепте де өткізілді. «Дені сау, рухани бай ұрпақ тәрбиелеудегі отбасы мен мектептің рөлі» деп аталған мектепішілік басқосу ашық форматта өтті. Жиналысқа қатысуға тиіс 549 ата-ананың 230-ы қатысқан. Күн тәртібінде бес мәселе қаралған. Мектеп директорының міндетін атқарушы А.Алимова ата-аналарға аталған жиналыстың негізгі мақсаты мен мәнін түсіндірсе, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж.Алипов мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты нығайтудың жолдары мен атқарылар ортақ шаралар жөніндегі мәселелерді талқыға салды. Мектеп медбикесі Д.Мұхамбетқалиева «Дені сау бала – дені сау қоғам» деген тақырыпта баяндама жасап, Вейп электронды темекі мен Yupi ұнтағының бала өміріне қауіпті екенін, оларды тұтынуға болмайтынын тілге тиек еткен. Ал аудандық полиция бөлімінің өкілі А.Себекқызы ата-аналарға мектеп оқушыларының түнгі уақытта еш себепсіз жүруіне болмайтынын назарға берсе, мектеп психологы А.Жаңбырбаева балалардың жас ерекшеліктеріне сай тәрбие берудің тетіктерін түсіндіру мақсатында тренингі жүргізген. Жиналыста Қуанбай Нағиев, Әсел Балмұқанова, Нұрғали Сапарғожиев сынды ата-аналар күн тәртібіндегі мәселеге байланысты өз ой-пікірлерін ортаға салып, алдағы уақытта мектеппен тығыз байланыста болатындықтарын жеткізді. Сондай-ақ ата-аналар балалары үшін пәндік үйірмелер ашылса, дүкендерде зиянды заттардың мектеп оқушыларына сатылмауын қадағаласа, мектеп алдындағы «Ақтөбе-Астрахан» тасжолына «Сергек» камерасы орнатса және жаяу жүргінші жолын салса деген ұсыныстарын білдірген
Аққыстау орта мектебінің мұғалімі Шолпан Баделованың айтуынша, ой-санасы дамыған, адамгершілік және дене тұрғысынан салауатты, мәдениетті тұлғаны жан-жақты қалыптастыруды көздеген тәрбиенің мәселелері мектепті де, ата-ананы да әрқашан толғандырып келеді. Оның ойынша, тәрбие жұмысының табысты болуының басты кепілі мектеп пен ата-аналар арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынаста. Осыған байланысты Аққыстау орта мектебінде «Бала тәрбиесіне байыппен қарайық!» деген ата-аналар жиналысы өткен. Онда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық және ата-аналардың бала тәрбиесіндегі рөлі мен жауапкершілігі, оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселелері қаралған. Жиналысқа 200-ден астам ата-ана қатысқан.
Алғашқы кезекте мектеп директоры Тамара Халенова Молдашқызының «Бала тәрбиесіндегі ата-ана мен мектептің рөлі туралы» баяндама жасаған. Бұдан кейін баяндамаға байланысты аудан прокурорының орынбасары Азат Қалиев, аудандық полиция қызметі бөлімшесінің ювеналдық полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры Айсұлу Телеубаева сөз сөйлеп, мектеп оқушылары арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың, зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі өз ой-пікірлерін ортаға салған. Жиналыста ауылдық округ әкімінің орынбасары А. Елубайұлы, аудандық әжелер кеңесінің төрайымы Ә.Фазыловалар да сөз сөйлеп, ата-ананың бала тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарауларын, мектеппен тығыз байланыс орнатулары керектігін алға тартса, ата-аналар да өз тараптарынан толғандырып жүрген ойларымен бөліскен.
Түйін:
Қорыта келгенде айтарымыз, бала тәрбиесі тек мектептің қана шаруасы емес. Бұл мәселені «сенікі, менікі» деп те әр жаққа тартуға болмайды. Ұрпақ мәселесі –қай кезде маңызды мәселе.Біз өзіміз де бір кездері мектепте ата-аналар кеңесінің төрағасы қызметін қоғамдық жұмыс ретінде атқарған жайымыз бар. Сонда мына бір ойды көкейімізге түйіп едік. Бала тәрбиесіне ата-ана да, мектеп те, қоғам да бірдей жауапты. Расында солай. Сондай-ақ ендігі бір айта кететін нәрсе – мектептегі ата-аналар жиналысының форматын көшіру туралы. Бұл жөнінде оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов те қайта-қайта айтып жүр. Сондықтан ұлт болашағы –балаларымыз үшін бірлесе жұмыс істеуге, тәрбие беру бағытындағы істерді жұмыла атқаруға жұмыстанғанымыз абзал.
Аяпберген САЛИХОВ