"Үздік оқырман отбасы" анықталды

Атырау облыстық білім беру басқармасының «Таланттарды анықтау және қолдау орталығы» және аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен 3-4 сынып оқушылары мен ата-аналары қатысқан «Үздік оқырман отбасы - 2023» республикалық байқауының аудандық кезеңі өтті деп хабарлайды "Naryn tany" газеті.

 Мақсаты ата-аналар мен балаларды қатыстыра отырып, олардың ауыз әдебиеті, салт-дәстүр туралы білімдерін шыңдау болған байқаудың ерекшелігі - жанұямен кітап оқу дәстүрін қайта жаңғырту, отбасында балалардың жан дүниесінде рухани ізгілік пен кітап оқуға деген қызығушылықты ояту, отбасы мүшелерінің кітап оқу мәдениетін қалыптастыру.

Аудандық кезеңге қатысқан төрт отбасы Ақселеу Сейдімбектің «Алпамыс батыр», Санжар Керімбайдың «Әлдиден эпосқа дейін», Ыбырай Алтынсариннің «Бір уыс мақта» кітаптарын оқып келуі тиіс болды.

Сайысқа қатысушылар Мадина Нұғман (Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектеп), Асылжан Жұмажан (Аққыстау орта мектебі), Демеу Аманжол (Х.Наубетов атындағы орта мектеп), Айзере Қамбар (Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты) 8 бағытта бақ сынады.

Қатысушы ата-аналар да белсенділік танытып, кітаптың мән-мазмұны туралы өз ойларын ортаға салды. Байқауға төрелік етіп, оқушы мен ата-ананың қарым-қабілетін анықтаған облыстық білім беру басқармасы аудандық білім бөлімінің әдіскері Қарлыға Дүзбаева:

- Аталмыш додаға қатысу арқылы оқушылар кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, тіл байлығын дамытады, сөйлеу мәдениетін және жанұясымен бірге кітап оқу бағытын қалыптастырады. Отбасында рухани ізгілік пен кітап оқу арқылы адам бойына құндылықтарды сіңіреді. Сайысқа қатысушы отбасылар әлі де аз. Алдағы уақытта бұл байқауға ата-аналар мен оқушылардың  көбірек қатысқанын қалаймыз, -деді.

Байқау қорытындысы бойынша: ІІІ орынға  Аманжолов, ІІ орынға –Ислат, І орынға – Кинеш отбасылары ие болды. Ал Бас жүлдеге Н.Нұғманов отбасысы лайық деп танылды.

Конкурс жеңімпаздары диплом және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

 

 Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT