Ветеринария саласындағы қырық жылдық адал еңбекке құрмет көрсетілді

 

Бүгін аудан әкімдігінде адам еңбегін ардақтаған тағылымды кездесу өтті. Аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Утегенов ветеринария саласында 40 жыл табан аудармастан еңбек етіп, зейнетке шыққалы отырған Әжіғали Қадырғалиұлы Науановты қабылдап, ұзақ жылғы адал қызметі үшін құрмет көрсетті.

Салтанатты жиынға аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов, Атырау облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Эльенора Даутбаева, «Атырау облысы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының Исатай аудандық ветеринариялық стансасы» ШЖҚ КМК басшысы Асланбек Шарипов, сала ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.

 

 

Кездесуде сөз алған аудан әкімінің орынбасары Нұрберген Мұратұлы қырық жылдық үздіксіз қызметтің кез келген маманға бұйыра бермейтін үлкен абырой екенін атап өтті.

– Ветеринария – көзге көріне бермейтін, бірақ елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен қоғамдық денсаулығы үшін аса маңызды сала. Осы бағытта Әжіғали Қадырғалиұлы адал еңбек етіп, білімі мен тәжірибесін аянбай жұмсады, – дей келе, атқарған еңбегі үшін ризашылығын білдірді.

 

 

Салтанатты сәтте Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы филиалы төрағасы Жұмазия Есіміованың атынан Құттықтау хат пен Қазақстан Республикасы «Ауыл шаруашылығы ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің «Құрметті ардагер» төсбелгісі табысталды.

Ал облыстық басқарма басшысының орынбасары Эльенора Есентайқызы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің атынан Алғыс хат табыстап, зейнеткерге жылы лебізін жеткізді.

 

 

Әжіғали Қадырғалиұлы Науанов 1962 жылдың 14 желтоқсанында бұрынғы Гурьев облысы, Махамбет ауданы, Новобогат селосында дүниеге келген. 1970 жылы Новобогат орта мектебінің табалдырығын аттап, 1980 жылы тәмамдаған.

 

 

Сол жылы Алматы зооветеринариялық институтына оқуға түсіп, 1985 жылы ветеринар мамандығы бойынша жоғары білім алып шықты.

 

 

Еңбек жолын 1985 жылы Новобогат ауданы Чапаев қаракөл совхозының №1 қой фермасында ветеринариялық дәрігер болып бастап, кейін аудандық ветеринариялық стансада эпизоотиялық дәрігер, басшының орынбасары қызметтерін атқарды.

1988–1998 жылдары қаракөл совхозының №2 жылқы фермасында еңбек етсе, 1999–2004 жылдары жеке шаруашылықта ветеринар маман болды.

 

 

Ал 2004–2010 жылдар аралығында Исатай аудандық аумақтық инспекциясында жетекші ветеринар маман қызметін атқарып, 2012 жылдан бері аудандық ветеринариялық станса басшысының орынбасары ретінде жүйелі жұмыс жүргізді.

Жиын барысында Нұрберген Мұратұлы оның кәсіби болмысына да ерекше тоқталды.

– Әжіғали Қадырғалиұлы – жоғары білімді, тәжірибелі ұйымдастырушы. Ол облыстың ветеринариялық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында зор еңбек сіңірді. Аса қауіпті аурулар – ірі қара малындағы нодулярлы дерматит пен бруцеллездің күрделі кезеңдерінде ауру ошақтарын жою шараларына белсене қатысып, өзінің ұйымдастырушылық қабілетін дәлелдей білді, – деді.

 

 

Сала ардагерлері мен әріптестері де бұл пікірге қосылып, ақжарма тілектерін арнады. Жиынға қатысқан жас мамандар үшін бұл кездесу – еңбектің қадірін, адал қызметтің бағасын ұғындыратын тағылымды сабақ болды. Қырық жылдық табанды еңбек пен ел алғысына бөлену – кез келген маманға үлгі екені айтылды.

– Әр қызметтің өз шегі бар екен. Бірақ сол шекке абыроймен жету – нағыз бақыт. Осы салада маңдай термен еңбек етіп, жинаған тәжірибені кейінгі буынға аманаттау – үлкен жауапкершілік әрі мәртебе, – деді әріптестерінің бірі Алдаберген Салықов.

Адал еңбектің зейнетін көру – маңдай тердің өтеуі. Әжіғали Қадырғалиұлының қырық жылдық қызмет жолы – ветеринария саласына арналған бір ғұмырдың айқын көрінісі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT