2023 жылдан бастап елімізде 10 шілде – Ветеринариялық қызметкерлер күні ретінде ресми түрде атап өтіледі. Төрт түліктің амандығы мен ауыл шаруашылығы саласының дамуы үшін аянбай еңбек етіп жүрген ветеринар мамандардың бұл кәсіби мерекесі – олардың қоғамдағы орнын айшықтайтын күн. Мереке қарсаңында Исатай ауданында қуантарлық жаңалық орын алды. Сала ардагері, Зинеден ауылдық округінің ветеринариялық пункт меңгерушісі Зинелғабиден Губашевқа жергілікті әкімдік тарапынан екі бөлмелі қызметтік тұрғын үй табысталды. Жақсы жабдықталған бұл баспана Зинеден ауылынан берілді. Баспананың кілтін аудан әкімі Нұрым Мусин салтанатты түрде табыстап, жаңа үйдің лентасы қиылды.
Салтанатты сәтте ардагердің ветеринария саласына сіңірген көп жылғы еңбегі ерекше аталып, отбасына Алғыс хат табысталды. Бұлауыл шаруашылығында ұзақ жылдар бойы табанды еңбек еткен мамандарға деген зор құрметтің айғағы.
Зинелғабиден Төлепбергенұлы 1985 жылы Гурьев қаласындағы ауылшаруашылығы техникумына оқуға түсіп, 1987 жылы «мал дәрігері» мамандығы бойынша диплом алған. Еңбек жолын сол жылы Жанбай селосындағы совхозда бастап, 1987–1998 жылдар аралығында совхоз тарап кеткенге дейін ветеринар қызметін атқарды. Кейіннен 2010–2012 жылдары Жанбай ауылдық округінде, 2013–2019 жылдар аралығында Исатай ауылдық ветеринариялық пунктінде, ал 2020 жылдан бері Зинеден ауылдық ветпунктінде мал дәрігері болып еңбек етіп келеді. Барлық қызметтік жылдарын ел игілігі жолына арнаған тәжірибелі маман бүгінде округтегі ветеринария пунктінің меңгерушісі. Мал дәрігері ретінде 40 жылға жуық тәжірибесі бар ардагер бүгінде тек өз еңбегімен емес, ұрпағының да мамандыққа деген қызығушылығымен мақтана алады. Қызы Марта мен ұлы Айсұлтан да ветеринария саласында қызмет етуде.
– Бұл қызметтік үй – менің ғана емес, ұзақ жыл бірге тер төккен әріптестерім мен отбасыма қолдау білдірген жандардың еңбегінің жемісі. Осындай қолдау – біздің салаға деген құрметтің көрінісі ғана емес, болашақ жас мамандарға да үлкен мотивация болады, – дейді ардагер.
Зинелғабиден Төлепбергенұлы жұбайы Сағира Мукановамен бірге 3 қыз, 3 ұл тәрбиелеп өсірген. Ұрпағы елдің әр саласында еңбек етіп жүрген өнегелі азаматтар. Жергілікті әкімдік тарапынан жасалған бұл игі бастама ауыл еңбеккерлеріне деген ілтипаттың нақты көрінісі. Кәсіби мерекеге орай көрсетілген құрмет өз саласына адал мамандардың еңбекке деген ынтасын арттырары сөзсіз. Барша ветеринария қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтай отырып, еңбектеріңіз елене берсін, төрт түлігіміз аман болсын!
Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА