ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ СТАНЦИЯЛАРҒА 4 ҚЫЗМЕТТІК АВТОКӨЛІК БЕРІЛДІ

Жуырда ауданның ветеринария саласына төрт жаңа автокөлік табысталды. Жалпы, биыл облыс әкімінің  қолдауымен жергілікті жерлердегі ветеринариялық қызметті жүргізуші мекемелердің техникаларын жаңарту жоспарланып, қызметтің сапалылығын арттыру, оның техникалық жарақтандырылуын қолға алу тапсырылған. Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес атаулы сала техникаларының алпыс пайызын жаңарту міндеттелді.

Ауданға бөлінген автокөліктер Қамысқала, Аққыстау, Жанбай және Зинеден ауылдық округтерінің ветеринариялық учаскелеріне табысталды.

–Ветеринария саласына мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Бүгін төрт жаңа автокөліктің кілтін алып қуанып жатырмыз. Енді, шалғайдағы  елді мекендерге қиындықсыз қатынап, сапалы қызмет көрсетуге және мал шаруашылығы дамуына үлкен қолдау болды. Ветеринар мамандарының жұмысына бірден-бір керегі - көлік. Сапалы қызмет көрсету үшін сенімді көліктің болғаны абзал. Бұл көліктер біздің өңірдің табиғатына да қолайлы, шалғай елді мекендерге де жол талғамай, қиындықсыз қатынауға да мүмкіндік береді,-деді аудандық ветеринариялық станса басшысы Аманжол Рахметов.

Жаңа автокөліктің бірі Аққыстау ауылдық округіне қарасты ветеринария бөліміне берілді. Бірнеше елді мекені бар аталған округке автокөлік соңғы рет 2013 жылы беріліп, тозығы жеткен.

–Профилактикалық және диагностикалық шараларды жүргізу үшін темір тұлпар аса қажет. Оған қоса бұрынғы көліктеріміз де ескірген еді. Округте Томан, Өркен, Есіркеп, Шыныбек елді мекендеріміз бар. Жаңа көлік біздің жұмысымыздың жылдам орындалуына, шалғай жерлерге уақытылы баруға мүмкіндік жасайды деп есептеймін,- дейді бізтілдескен Аққыстау ветеринариялық учаске меңгерушісі Алдаберген Салихов.

Жайна ИСЛАТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT