Исатай аудандық кітапханасында «Өмірім сәнді салтымен» атты дөңгелек үстел өтті.
Аудандық кітапхана мен «Парасат жолы» орталығының бірлесе ұйымдастыруымен өткен басқосуды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Гүлбану Кабулова жүргізді.
Жиында салт-дәстүр, отбасылық құндылық, бала тәрбиесі жайында сөз болды. Ардагер ұстаз Әлия Фазылова қазақ шаңырағындағы ұлттық дәстүрдің маңызы туралы ой өрбітті.
- «Тәрбие тал бесіктен басталады» деген. Заман қанша дамыса да көне салт-дәстүрді насихаттау тіні берік тәрбиеге жетелейді. Рухани қазынамызды терең зерделей түссек, қазақтай ұлттық тәрбиені бойына сіңірген халықтың жоқ екеніне көз жеткізе түсеміз. Қаймағын бұзылмаған ұлт тәрбиесін бабалар мұрасы ретінде қабылдай білу керек. Соның ішінде отбасы құндылығына ерекеше мән берген жөн. Былайша айтқанда, отбасының әр мүшесі өз орнын білгені дұрыс. Мысалы, мен өз басым «Келінімді қызымдай көремін» дегенге келісе қоймаймын. Екеуінің тәрбиесі екі басқа. Ал, ер адам елді, әйел адам ұлтты тәрбиелейді, - дейді ардагер ұстаз.
Отбасы тәрбиесі жайлы да айтылды.
- Тәрбиелі жерге келін болдым. Тәрбие - өзіңді жат әрекеттерден шектеу. «Ұят болады» деген бір ауыз сөзбен өскен едік. Келінді келген жері жатсынбаса екен, қызыңды барған жерін баянды етсе екен деп тұрамыз ғой. Не дегенмен кісі баласы ғой, келін шаңыраққа сіңіп кеткенше уақыт керек. Оны шеттетпеу де қажет, тым еркелетіп жіберген де дұрыс емес деп есептеймін. Сол сыйластық пен тәртіпті сақтай білген отбасыдан тәрбиелі ұл-қыз өседі, - деді мәдениет саласының ардагері Мұхсина Исімқызы.
- Енем - өте тамаша адам. Мен әлі күнге ол кісідей адамды елестете алмаймын. Сол кісіден ер адамның алдында бір саты төмен екенімді түсіндім. Соны қазір кейінгілерге үйретумен келемін. Отбасының бірлігін сақтау үшін кейде артық ашу мен керексіз сөздерді тежеп ұстау қажет екенін білдім. Осының бәріне енем үйретті, - дейді аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Клара Манашова.
- Мені ұзатар алдында бір үлкен ағамыз бата шайға шақырып ақылын айтқаны бар. «Отбасында кей кезде кінәлі болсаң да, болмасаң да қателікті өзіңнен іздеуің керек» деген кеңесі есімде қалыпты. Қазір соны балаларға айтып жүрміз, - дейді Гүлбану апай.
Осылайша үлкен тәрбие сөз болған шағын жиыннан рухани ләззат алып қайттық.