ЫБЫРАЙДЫҢ ӘНІН САҒЫНҒАН ӘРІПТЕСТЕРІ оны еске алуға арнап волейболдан жарыс өткізді

«Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында із қалдырған»,-деп хакім Абай айтқандай, аз ғана ғұмырында аудан өнері мен мәдениетінің дамуына өлшеусіз еңбек еткен Ыбырай Мұхтаров мәңгілік халық жадында. Исатайлықтар мәдениет, өнер, аудан өнерпаздары десе, еріксіз Ыбырай Мұхтаровты еске алары сөзсіз.

Қажымас өнерге қалтқысыз еңбек еткен Ыбырай Сағидоллаұлының өнер жолы мен аудан үшін еткен ерең еңбегін білмейтін адам кем де кем. Алғаш еңбек жолын Қамысқала мәдениет үйінен бастап, аудандық «Жалын» мәдениет үйінде автоклуб меңгерушісі, көркемдік жетекші болып қызмет атқарған. Жасындай жарқ еткен саналы ғұмырын өнерге арнап, аудан өнерпаздарының жұлдыздай жарқырауына, мәдениет саласының дамуына қажырлы еңбек еткен жанның бірегейі.          

Жанбай ауылдық округіндегі спорт кешенінде аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен 21 мамыр - Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай және аудандық мәдениет саласының үздігі Ыбырай Мұхтаровты еске алуға арналған волейболдан ашық турнир өтті. Жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан, аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ринат Есқали қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ы.Мұхтаровтың жақындары мен балалары шараға қатысушыларға тілегін жолдап, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Турнирде ауданға қарасты мәдениет үйлері, ауылдық клубтар ұжымы сонымен қатар Жанбай және Шәмшиден Шәріпов атындағы саз мектебінің қызметкерлерінен құралған 8 команда өзара бақ сынасты. Турнирдың басты мақсаты - мәдениет және өнер қызметкерлерінің арасында бұқаралық спортты дамыту, достық қарым-қатынас орнату.

- Ыбырай Сағидоллаұлы  – өнердің өз адамы болған тұлға. Себебі, өнер үшін біреуден ақы алмайтын, қолынан келгенін бұлдамайтын, білгеніне бәлденбейтін, бәстенбейтін көркем мінезді азамат еді.Көркем мінезділігімен бірге көпшіл, жүрегі кең ер еді. Ыбырайдың өнерге деген жанашырлығы өзгеден бөлек болды. Оның бір дәлелі кезінде мәдениет үйі жекешелендіруге кетіп, кейін үкіметке қайтарылған уақытқа дейін ешқандай штат болған жоқ. Сол уақытта жұмыс жасау өте қиын болған. Жұмыстың барлығы ауыл еріктілерімен бірге жүзеге асты. Өйткені, жалақы жоқ, тек шынайы өнерге деген махаббаты бар адам ғана қызмет жасайтын. Сол сәтте Ыбырай тек бір сәтте емес, күнделікті ұдайы жұмыс жасау арқылы ауыл өнерін дамытты. Сол жылдары мәдениет үйінде техникалық база жолға қойылмаған, ешқандай аппарат, құрал-жабдықтар жоқ болатын. Міне, осындай кезде Ыбырай Сағидоллаұлы бәрін өз қолымен қисынын тауып жасап, ескі құралдардан қолдан келгенше құрастырып, жоқтан жонып таба білді. Осылай түрлі мәдени шараларды жасады және бұл үшін ешқандай ақы алмады. Бұл деген - нағыз өнерге деген адал махаббат пен шынайы жанашырлық деп білемін. Сөйтіп жүріп, Қамысқала ауылдық мәдениет үйінің жұмысын жандандыруға аянбай еңбек сіңірді. Кейін аудандық мәдениет үйіне ойысып, аудан мәдениетіне де өлшеусіз өз үлесін қосты. Көптеген тың идеялар жасақтап, мәдени шаралардың  жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. Өнерге талпынысы бар жас буынды шыңдай білді. Жақсы аға, жайсаң іні бола білді. Өнер үшін жанкешті осындай әрекеттерге баратын шынайы жанашыр өнер иелері қазіргі қоғамда аз. Ал, Ыбырай сол өнердің асқақ шыңы бола білді,-деп жақын жолдасы болған Серікбол Панабердиев Ыбырай Мұхтаров туралы ескірмес естелігімен бөлісті.

–       Мәдениет қызметкер-лерінің арасында әріптесім әрі өзімнің туған бауырым Ыбырай Мұхтаровты еске алуға арналған волейболдан турнир өз дәрежесінде өтті. Аталмыш турнирді ұйымдастырушыларға туыстары атынан алғысымыз шексіз. Бұндай шаралар бұқаралық спортты дамытып ғана қоймай, ауданның мәдениет, өнер саласына зор үлес қосқан ерлерді кейінгі жас ұрпаққа насихаттау болмақ. Барша атсалысқан жандарға  алғысымыз зор,-деді Ы.Мұхтаровтың апасы Жібек Мұхтарова.

Тартысқа толы ойында шын жүйріктер ғана оза шапты. Нәтижесінде Нариман Үлкенбаев атындағы мәдениет үйі ІІІ-орынға тұрақтаса, Жанбай саз мектебі ІІ-орынды иеленді, ал жүлделі І-орынмен Зинеден, Исатай, Нарын ауылдық клубтарынан жасақталған құрама марапатталып, жеңіске жетті. Жеңімпаздарға Ы.Сағидоллаұлының туыстары мен құрдастары атынан естелік сыйлықтар табысталды.

 

Жайна МӘЛІМҚОЖА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521