Ынталы жастарға арналған шеберлік сағаты өтті

0 votes

«Жалын» мәдениет үйінде Атырау облысы жас айтыскерлері мен эпикалық дәстүрлі ән орындаушыларына және ынталы жастарға арналған «Бұлақ көрсең, көзің аш» атты шеберлік сағаты өтті.

Бұл шеберлік сағатының спикерлері – айтыскер ақын, «Асыл домбыра» байқауының иегері Шынарбек Қабиев пен жыршы-термеші, республикалық байқаулардың жеңімпазы Манарбек Дәулетов. Сахна төріне жайғасқан қос жерлесіміз төл өнерімізді сөз етіп, оған қызығушылығы мен талант-қабілеті бар жастарды баулитындығын жеткізді.

-Біздің қазақ халқы дүние жүзіндегі түрлі ұлт өкілдерімен салыстырғанда, өзіндік ерекшелігімен көрініп тұрады. Біріншіден, Құдай бізге кең-байтақ жерді берген, бүкіл әлем бойынша  тоғызынша орында тұрмыз. Соған сай бізге кең пейіл берген, әрі өзге ұлттардан бөлек дәстүр, ырым-тыйымдары, салттары бар.Соның ішінде ең құдіреттісі - сөз. «Сөз жүректен шығады, жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді» дейді. Қазақ тілінің сөздік қоры, мағынасы соншалықты бай, кең.Тіпті, біздер кейбір мәселелерді сөйлемей-ақ, ыммен түсіндіре аламыз, астарлап жеткіземіз, мақал-мәтелмен сөйлейміз, бұның бәрі – ежелгі ауыз әдебиетінен бізге жеткен мұралар. Сол ауыз әдебиетінің ең көне үлгілерінің бірі - эпостық жырлар мен айтыс өнері.

Міне, біздер облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен, Атырау облысы айтыскерлер одағының ұсынысымен сіздермен кездесіп отырмыз. Өйткені, соңғы кездері өңірімізде жас толқындар арасында айтыс-кер ақындарымыздың шығуы сирексіп кетті.Қазіргі таңда көптеген жастардың телефонға бет бұруы ұлтқа қауіп болып, ұлттық құндылықтарымызды кейінге ысырып жатыр. Бүгінгі осы жерге келуіміздің де негізгі мақсаты – осы жастардың талантын ояту, оларды өнерге баулу, - деді Шынарбек Қабиев.

Келесі кезекте сөз алған жерлесіміз, дәстүрлі әнші Манарбек Дәулетов эпостық жырлардың мән-маңызына тоқталды. Сондай-ақ, оқушылар тарапынан сұрақтар қойылып, тұшымды жауап ала білді.Кездесу соңында төл өнерге деген қызығушылығы бар балалар  өнер иелеріне арнап өздері шығарған өлеңдерін оқып, бата-тілектерін алды.

                                                                                                     

  Сағыныш

 Сайлаубайқыз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521