«Төбеңнен елдік нұрын тұрған құйып, өмірде еш нәрсе жоқ Тудан биік!» деп Несіпбек Айтұлы айтқандай, сол тудың астында әртүрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің бір мақсатқа жұмылып, бір жүрекпен соғуы – еліміздің басты жетістіктерінің бірі. Бұл – біздің ортақ тағдырымыз, ортақ Отанымыз. Осы тағдыр тоғыстырған тағылымды бірліктің символына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясына биыл 30 жыл толып отыр.
1995 жылы құрылған Ассамблея бүгінде өзінің өміршеңдігін, қажет екенін, уақыт талабына сай бейімделе білетін құрылым екенін толық дәлелдеді. Осы жылдар ішінде ол қоғамымыздың келісімі мен бірлігін нығайтуда маңызды рөл атқарып келеді. Бейбіт өмірдің бағасын білген ел ешқашан алауыздыққа жол бермейді. Біз соны Ассамблеяның миссиясынан, күнделікті тыныс-тіршілігінен көріп отырмыз. Ассамблея – ел ішінде татулықты, мызғымас бірлікті, азаматтық келісімді орнықтырып отырған терең тамырлы, конституциялық мәртебесі бар қоғамдық институт. Үш онжылдық ішінде бұл құрылым Қазақстан қоғамымен бірге өсіп, қалыптасып, бейбіт тіршілігіміздің маңызды тірегіне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Ассамблея – кейбір адамдар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес. Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган. Ассамблея өте ауқымды қайырымдылық шараларын дер кезінде және жедел ұйымдастырып келеді. Мұның бәрі көп жылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз»,-деген сөзі осы институттың мәнін терең ашып тұр.
Қазақстан – жүзден астам этнос өкілдері бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан бірегей мемлекет. Бұл – кездейсоқ жағдай емес. Халқымыздың кеңпейілдігінің, салт-санамыздағы толеранттықтың, және де Ассамблея секілді институттардың жүйелі жұмысының жемісі. Исатай ауданында да түрлі этнос өкілдері өмір сүріп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып келеді. Олардың әрқайсысы –еліміздің тең құқылы азаматы, елдің болашағына жауапты тұлға. Ауданымызда түрлі мәдени-көпшілік шараларда, мерекелік басқосуларда бұл бірлік пен берекенің нақты көрінісін жиі байқаймыз. Мысалы, жыл сайын өтетін Достық фестивалі мен Халықтар бірлігі күніне арналған мерекелік шараларда әр ұлттың өнері, тілі мен дәстүрі кеңінен насихатталады. Осы арқылы жастарымыз өзге этностардың да мәдениетіне құрметпен қарап, сыйластықты бойына сіңіреді.Сондықтан елдегі татулықты сақтаумен қатар, қайырымдылық пен қоғамға қызмет етудің үлгісін де көрсетіп келеді. Әсіресе қиын-қыстау кезеңдерде көмекке келіп, елге жанашырлық танытатын бастамалардың бел ортасында Ассамблея мүшелері жүреді. Осы көрініс оның ел алдындағы шынайы жауапкершілігінің айғағы. Бүгінгі таңда бүкіл әлем тұрақсыздық пен түрлі сынақтар кезеңінде тұр. Мұндай жағдайда ұлтаралық татулық пен ішкі келісімді сақтау – үлкен жетістік. Еліміз осы бағытта озық үлгі ұсынып отыр. Исатайлықтар да ел ішіндегі ынтымақ пен бірлікке ерекше мән береді. Өйткені, біз жақсы түсінеміз: ел боламыз десек, татулықты көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Ынтымағы жарасқан елдің іргесі берік, болашағы нұрлы болады. Бұл – өмір шындығы, тарихи заңдылық.
Ауданда өзге ұлт өкілдерінің ішінде саны жағынан басым – орыстар. Олар өткен ғасырдың 60-70 жылдары теміржол құрылысы мен мұнай өндірісінің және тағы басқа әлеуметтік салалардың дамуына байланысты ауданға көшіп келген. Сол кезде келген көпшілігі осы күнге дейін ауданмен етене араласып, ұрпақ өрбітіп отыр. Орыстардан кейін ауданымызда шешен ұлтының өкілдері тұрады. Олардың бірі – шешен азаматы, елге сыйлы қария Зубариев Зелимхан Асабалаевич. Ол соғыс жылдарында Қазақстанға жер аударылған этностың өкілі. Талдықорғанда дүниеге келген Зелимхан аға әуелі оңтүстіктегі «Көктоғай» кеңшарында, кейін аудан құрылған тұста Аққыстауға көшіп келіп, осы жерде тұрақтап қалған. Көп балалы, еңбекқор отбасының тірегі болған ол – «Құрмет» орденінің иегері, «Исатай ауданының құрметті азаматы». Шаруашылықпен айналысқан, адал еңбегімен ел алғысын алған азамат. Бүгінде ауданда өтетін қоғамдық-саяси шараларға белсене қатысып, жастарға үлгі бола білетін қадірлі қарияларымыздың бірі. Сонымен қатар ауданымызда қарақалпақ ұлтының өкілдері де бар. Олар негізінен қазақ азаматтарына тұрмысқа шыққан аналар. Бұл өз алдына ұлт пен ұлтты жақындастыратын, махаббат пен тағдыр тоғыстырған жылы мысал. Бұлардан басқа татар, башқұрт, өзбек, украин және белорус ұлттарының өкілдері де Исатай жерінде тамыр жайып отыр. Олар – тек қонақ емес, осы өлкенің өркендеуіне үлес қосып келе жатқан азаматтар.
Қазақстан халқы Ассамблеясының тағы бір маңызды қызметі – жас-тар арасында достық пен толеранттылықты қалыптастыру. Себебі ертеңгі ел тағдыры – сол жас ұрпақтың қолында. Ал жастар бірлік пен сыйластықты бойына сіңіріп өспесе, келешектің кемел болуы екіталай. Осы ретте ауданымызда да Ассамблеяның қолдауымен түрлі ұлт өкілдері қатысатын мәдени-көпшілік іс-шаралар, форумдар, пікірталас алаңдары өткізіліп келеді. Бұл – ел ішіндегі сенімді нығайтып, азаматтық жауапкершілікті арттыратын маңызды қадам.
«Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді дана халқымыз. Бұл – өмірдің өзі дәлелдеген ақиқат. Қазақ даласында ғасырлар бойы түрлі этностар бейбіт өмір сүріп, бір шаңырақ астында күн кешіп келеді. Бүгінгі таңда осы бірлігімізді сақтап қалу – бәрімізге ортақ міндет. Ел ішіне іріткі салатын пікірлерге тосқауыл қою, келісімді көздің қарашығындай сақтау Ассамблеяның ғана емес, барша қазақстандықтың парызы болуы тиіс.
30 жыл – аз уақыт емес. Осы уақыт ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы үлкен жолдан өтті. Ол қоғаммен бірге өсіп, бірге қалыптасты. Елдің маңызды шешімдеріне араласып, халық пен биліктің арасындағы алтын көпірге айналды. Себебі бірлік пен келісімге негізделген саясат – тұрақтылықтың, даму мен өркендеудің кепілі. Осыдан 30 жыл бұрын басталған бұл жол – бүгінде баянды бағытқа айналды. Алдағы уақытта да Ассамблея өз миссиясынан айнымай, елдің тұтастығын сақтап, татулықты ту етіп қызмет ете беретініне сенім мол. Бірлігі бар ел – бақытты ел. Ынтымағы жарасқан жұрт ешқашан ұтылмайды. Осы орайда барша исатайлықтарды ел ішіндегі бейбіт өмір мен қоғамдық келісімді сақтау жолында белсенді болуға шақырамын. Себебі, ынтымақ бар жерде ырыс бар. Ал сол ынтымақтың ұйытқысы болып отырған Ассамблея – бүгінгі бірлігіміздің, ертеңгі тұрақтылығымыздың тірегі.
Нұрғайша АБЕЖАН,
аудан әкімінің орынбасары