Қырда қасқыр қайта бас көтерді

Аудан аумағында қасқыр мен шибөрілердің малға шабуы жиіліп кетті. Құмда және теңіз жақ бетте жайылатын тұяқты жануарлар төрт аяқты азулы аңның жемі болып отыр. Жыртқыштар әсіресе, тебінде жайылатын жылқылар мен жеке шаруа қожалықтарындағы жас төлдерге зардабын тигізуде. Бүгінде нақты қасқыр келтірген шығын белгісіз. Тұрғындардың айтуынша, өткен жылдың қараша айынан бері 30-ға жуық жылқы, ірі қара түз тағысына жем болған. Соңғы кездері жұрт шағымының көбейіп кетуіне байланысты және ауыл әкімдерінің есеп беру кездесулерінде көтеріліп, күн тәртібіне шығарылған мәселеге орай өткен аптада аудан әкімі тиісті сала мамандары мен аудан аумағында ресми тіркелген әуесқой және кәсіби аңшыларды жинап, жиын өткізді.

Жиында сөз алған аудан әкімі Марат Мурзиев соңғы әзірде мал бағып, құрық асынған малбегілер қауымының зәре құтын қашырып тұрған дала санитарларының тым көбейіп кетпеуінің алдын алу бойынша әкімдік пен аңшылардың бірлесіп тиісті шаралар атқару керектігіне тоқталып, ол үшін қолдан келетін барлық көмектерді беруге аянбайтынын жеткізе келе, - мал баққан шаруалар мен қариялардың айтуынша соңғы рет 2011-2012 жылдары өңірде қасқыр көп болған екен. Енді қайта айналып соғып, соңғы 1-2 жыл ішінде ит-құс қайта бас көтеріп тұр, - деді.

Ал, облыстық аңшылар қоғамы аудандық филиалының төрағасы Нұрболат Шамұратовтың мәліметінше, бүгінгі күні қасқыр мен шибөрі ату үшін халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы алынатын рұқсат қағазы тек 3 қасқыр мен 3 шибөріге ғана шектеу белгілеп береді екен. - Ол - шектеу аңшылардың жыл сайын төлейтін аңшылық жарнасы бар, көлікке құятын жанармайы бар, азық-түлігі бар, оқ-дәрісі бар және сайланып шыққанда алдынан аң кездеспеу болжамы және бар аңшылар үшін пайдасынан шығыны көп тірлік болып тұр, сондықтан реті келсе бұл шектеуді үшеуден онға, ең болмаса кемінде 5-6-ға көтеру керек, - дей келе мемлекеттен қасқыр үшін төленетін қаржының да уақытылы түспейтінін жеткізді. Оның айтуынша, шибөрі үшін 13 мың, ал қасқыр үшін 25 мың теңге қарастырылған тиісті қаржы 2 ай кешігетіні былай тұрсын, жас аңшылар үшін қызығушылығын оятып, аңшылық мақсатқа үндемек түгілі әр сапары қанжығалық пайдасы тұрмақ, керісінше шығынға батыратындықтан бұрынғы аңшылар мектебінің бүгінде тым сирексіп тұрғанын жеткізді.

Бұл мәселеге үн қосқан әккі аңшылар Нұрболат Қанатов пен Нұржан Сапаров егер мемлекет көмектеспесе алдағы күндері даланың қан сасып, жас төлдердің қынадай қырылып қалу қаупі туындап тұрғанын айтты. - Өйткені, бұл күнде құмға шыққан аңшыларға мал баққан шаруа қожалықтары қолғабыс беруден қалған. Бірлесіп аңға шығу түгілі көлігі сынса қарайласпай, тіпті ас-су беруге жарамайтын малшылар қалыптасуда, - деді.

-  Жалпы жыртқыш аңдардың ішіндегі ең айлакері, әккісі әрі аылдысы саналатын қасқырды аулау оңай шаруа емес. Күндіз қамыс арасына жасырынып қалатын олар көбіне кеш батып, адамдар ұйқыға жататын бейқам уақытта малға ұрынады. Бір жылда бір қыстақтан 50-ге тарта құлын жейтін олар қазіргі кезде құмға киіктің келуіне байланысты аздап тыншу тапқан. Батыс Қазақстан облысында қардың көп болуына байланысты уақытша орын ауыстырған киіктер сәуір айында кері ескі орнына көшеді. Сол кезде ашыққан қасқырлар жаңа туған төлдерге ауыз сала бастайды. Тіпті адамдарға да тісін ақситып, сес көрсеткен оқиғалар да болмай тұрмайды. Сол үшін оларға аяушылық білдірудің қажеті жоқ деген Айбастық шаруагер Мырзабек Біләловтің сөзінің де жаны бар, әрине.

Аудандық ішкі істер бөлімінің берген соңғы ақпаратына сәйкес аудан бойынша 349 адамда 410 қару тіркелген екен. Соның ішінде 176 адамның аңшылық билеті бар. Ал, халыққа қызмет көрсету орталығының мәліметінше, қазіргі кезде 45 адам қасқыр аулауға рұсат алған. Қалыптасқан қағида бойынша өзін аңшымын деп есептейтін қалың шоғырдың тек он пайыздайы ғана рухы жетіп, қолына қару алып, нақты нәтиже көрсете алатынын ескерсек, малбегілердің қасқыр көбейіп кетті деп дабыл көтеруіне толық негіз бар сияқты.

- Қолдағы мәлімет бойынша 2018 жылы аудан бойынша 200-ге тарта қасқыр ауланып, мемлекетке тапсырылды, - деген аудан әкімі Марат Мурзиев қит етсе егеменді Қазақстанды КСРО-мен салыстыратын бәз біреулерге арнап өз базынасын айтты. - Кеңес одағы кезінде барлық мал-мүлік мемлекет меншігінде болды. Сол үшін мемлекет ортақ меншікке ауыз салған зиянкестермен, соның ішінде түз тағыларымен қоғам болып күресуге күш салды. Ал, қазір керісінше барлық зат пен мал-мүлік жекенің есебінде. Сол үшін әрбір қожалық өздері үшін күш салғандары абзал. Егер бір жылда оннан аса төлі төрт аяқтыға жем болатын болса, 1 төлін аңшыға берсін де, айналасын тазарттырып алсын. Сонда аңшы да риза, мал да дін аман болары анық. Бұл әрине, мемлекет қолдау білдірмейді, барлық мәселені жекелер өздері шешсін деген сөз емес, дегенмен де үнемі қол қусырып отыра бермеудің тағы бір әдісі осы, - деді.

Жиын соңында халыққа қызмет көрсету орталығы маманынан аңшылар үшін берілетін рұқсат қағазы туралы анықтап ақпарат сұрағанымызда әр аңшыға берілетін үш қасқыр мен үш шибөрі атуға рұқсат бір реттік екенін айтты. Яғни, рұқсатты үш айға немесе алты айға алатын болсаңыз, тек үш қасқыр мен үш шибөрімен ғана шектелесіз, ал рұқсатты ай сайын алып отыратын болсаңыз, ай сайын 6 жыртқыш атуға толық мүмкіндігіңіз бар.

Аслан Мұратұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521