Қыс аспанға қыстамайды оған дайындығымыз қалай?

Аудан жерінің қуаңшылық болуына байланысты бағымындағы малына арналған мал азығын суармалы шабындық тәсілімен дайындап алып отырғандардың бірі – «Бекет» шаруа қожалығы.

Қожалық жетекшісі Бауыржан Ғұбайдуллинның айтуынша, көктем кезінде «ҚазСушар» кәсіпорнынан келісім-шарт негізінде су алып, шабындық жерді суландырып, пішен дайындаудың пайдасы шаш-етектен көрінеді. Өйткені, өзгелер қолдағы аздаған жандығының өзіне тіске басар қылтанақ таба алмай отырғанда, бұлардың шөбі шашақтан асып, тізеге жеткенше шүйгін әрі қалың. Нәтижесінде алған өнімнің саны да, сапасы да жақсы. Тек техникалар сыр бермесін деңіз.

«Бұл жолғы ән бұрынғыдан өзгерек» дейтін сөз бары рас. Дәл қазір оның неге олай айтылғанын зерделеп жатуды мақсат тұтпадық, айтпағымыз – биылғы жаздың аяқ-қолды жазып, жағамыз жайлау күй кешуге дегенде қытымырлық таныта қалғаны. Бұл, әсіресе, алты ай жаз алдағы қыстақтың жайын қаузап, «қыс шанасын жаз сайлайтын» ауыл шаруашылығы саласындағы ағайынға – сын.

Көгергеннің бәрі күйіп кетті

Шаруа баққан ауылдастардың ауа райын бағып, күн қабағынан көп жайтты аңдауға құмар болатындары баяғы бір замандардан қалыптасып қалғаны қапысыз. Солардың өткен қыстақ кезіндегі «кәрі құдаларының» жайлы мінезіне риза болысып отырғанын да талай көргеніміз бар. Ұзын аяқты мал түгелі, ұсақ жандықтың да бір мезгіл далаға шығып келуіне мүмкіндік беріп тұрған сын шаққа қалай риза болмасын... «Тарта жесе тай қалар, қоя жесе қой қалар, қоймай жесе не қалар?» дегенге келгенде діні мықты олардың ойлағаны - күн сайын азаймаса көбеймейтін қорадағы мал азығы, қоймадағы жемі, қоңыр күздің алдында, жүгіріп жүріп дегендей, жинақтап алған жем-шөбін жер аяғы кеңігенінше жеткізіп бағу. Солай болды да. Алайда...

Қар да көп түсе қоймағасын жердің көтерілуі қалай болар екен деп жүрген алаң көңілді ауылдағы ағайын жазғытұрым көктің табаны тегіс білінгеніне бір марқайысып қалған-ды. Тіпті, сәуірдің соңын ала екі-үш күн жауған жай жауыннан соң соны күтіп басын көтере алмай жатқан мортыққа дейін дүр ете түскенде тағы мәре-сәре болысқан. Алайда, ерте қуаныпты. Содан кейін, көк аспанға қаншама телміргендерімен, тамшы тамбай-ақ қойды. Жығылғанға – жұдырық, маусым айы бітер-бітпестен, шілде бастала күн де айналаны шыжғырып ала жөнелді. Басталғанында-ақ бірден қырық градустан асып жығылған аптап онсыз да шөлдеп тұрған шөп атаулыны сарғайтып, кешеге дейін сол «қызуы басылмай», қылтиғанның бәрін күйдіріп-ақ жіберді. Жердің төсін емген төрт түліктің қазіргі талғажау етіп жатқаны да сол.

Есебіміз тап-тұйнақтай

Осыдан кейін қыстың аспанға қыстамайтынын ойға алып, оған дайындығымыз қалай екендігін де білгіміз келді. Бұл реттегі есебіміз тап-тұйнақтай екен. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінен алынған мәліметке қарағанда, аудан бойынша 2018-2019 жылдардың қыстағына 17877 бас мүйізді ірі қара, 48942 бас қой-ешкі, 17877 бас жылқы, 8347 бас түйе малы түседі деп күтілуде болып шықты. Оларға барлық қажетті пішен көлемі 73140 тоннаны құрайды. Оның 2514 тоннасы өткен жылдан қалған қалдық дегенде, енді 70626 тоннасын дайындап алуымыз керек.

- Биыл дайындалуға тиісті мал азығының 42376 тоннасын басқа аудандар мен облыстардан аламыз деген есеп бар. Бұл 60 пайызды құрайды дегенде, қалғанын өз аумағымыздан дайындауымызға тура келеді, ол – 28250 тонна шөп, яғни, дайындалуға тиісті жемшөптің 40 пайызы,-деді бізге аталған бөлім басшысы Қыдыржан Ермұханов. – Қыстаққа қажетті құрама жем көршілес Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарынан, сондай-ақ, Қостанай облысынан тасымалданады деп отырмыз.

Ауданның бас шаруагерінің айтуынша, биылғы мал азығын дайындау жұмыстарына 47 трактор, 14 тырнауыш, 17 трактор тіркемесі, 13 тиегіш, 21 шалғы, 13 тайлағыш, барлығы 12 мал азығын дайындаушы бригада қатысатын болған.

Елде болса, ерінге тиеді

Расында да солай. Мәліметтерге қарағанда, жазымыз қанша қуаң болып, шөп шықпай қалды дегенмен, анау кәрі Каспийдің қолтық-қолтығынан, суармалы табиғи көлтабандардан, құм өңірінен мал азығын дайындап жатқандар баршылық көрінеді. Мақсат – қалай еткенде де қыстаққа қажетті пішенді дайын ету. Қолға тиген мәліметтерге жүгінсек, қазір Тұщықұдық ауылдық округіндегі «Мажанов Т» шаруа қожалығы Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданындағы Базартөбе ауылдық округі жерінен, тұщықұдықтық тағы бір шаруашылық – «Абилов Арман» шаруа қожалығы болса, округтің Ақкөл учаскесіндегі табиғи көлтабаннан пішен дайындауда. Қамысқалалық «Бекет», «Ищанов С» шаруа қожалықтары да көлтабандарға орақ салған. Ал осы округтегі «Мүтиев Б», «Қалимұханов Ж», «Исақұл Ә», «Нұрболат», «Төлеген», «Даутов Н» шаруа қожалықтары күні бүгін қажетті техникалары мен құрал-саймандарын дайын етіп, көлтабандарға шалғы салуға кіріскелі отыр. Исатай ауылдық округіндегі «Шамұратов Ғ» шаруа қожалығы Қарабөлек учаскесінен пішен дайындауда болып шықты.

Елде болса, ерінге тиеді деуіміз бекер емес, мәселен, жеке кәсіпкерлер Жалғасбай Есмұханов, Жүсіпбек Жардемов, Қабдрахим Мамешовтер тіркемелі «КамАЗ» автокөліктерімен әлгінде айтылған «Шамұратов Ғ» шаруа қожалығы дайындаған пішенді тұрғындарға тапсырысымен жеткізіп беруге кіріскен. Олар тұрақты жеткізіп беріп отырған бұл пішеннің әр орамасы – 4500 теңгеден екен. Аққыстау ауылдық округі бойынша көршілес Құрманғазы ауданынан «КамАЗ» көліктерімен пішен тасуды бастаған кәсіпкерлер Қ.Өткелбаев, М.Хамидуллин, С.Әбілқайыров дайын пішенінің бір орамасының бағасын жеткізіп беруімен 5000 теңге деп белгілепті. Құрманғазы ауданының Утера ауылы аумағынан пішен тасып, сатып жүрген кәсіпкер Қ.Жахин да оның әр орамасын осы сомаға саудалауда. Ал Нарын, Забурын ауылдық округтерінде қыр өңірінен, теңіз жағалауынан қол орақпен ақ шөп, бала құрақ шауып дайындап жатқан тұрғындар әр машинасын 40000 мың теңгеден сатуда.

Иә, қолымызға тиген деректер осылай дейді. Ол бойынша, шілденің 24-іне дейін, аудандағы жекелеген тұрғындар мен шаруа қожалықтарында 12662 тонна пішен дайын болған, бұл дайындалуға тиіс мал азығының 18 пайызы ғана.

Жоламан Дәулетияр

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521