Қызыл үй мектебі құрылысы аяқтала келді

Қызыл үй елді мекенінде ұйымдастырылған жиында біраз әлеуметтік мәселелер көтерілді.

Мәселен, ауыл тұрғындары ауыл маңындағы жайылымның аздығына қынжылыс білдіріп, ауыл ішіне жарық қондыруды сұрады. Сонымен бірге газдандыру мәселесі, ұялы байланыс орнату, жем-шөптің қымбаттығын да сөз етті. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдаған аудан әкімі Қызыл үйдегі әлеуметтік мәселелердің кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келе жатқанын айтты.

-  Айталық, 2018 жылы ауылға ауыз су жеткізілсе, газ тарту жөніндегі жобалық-сметалық құжаттама бітіп, сараптамадан оң нәтижемен өткесін көп ұзамай газ тарту жұмыстары басталады,- деді ол.

Ал, ұялы байланыс орнату әзірге шешімін таппай тұр, өйткені, «Билайн», «Кселл», «Теле2» операторларының барлығы да тұрғындары 2000 адамнан асатын мекендерге баруға ықыласты. Сондықтан бұл мәселе бүгін-ертең шешіле қоймас. Дегенмен келіссөздерді жалғастыра береміз, - деді аудан әкімі.

Ауыл ішіне жарық қою мәселесі жуық арада шешілетін болды. Ал, мал азығының қымбат болуы ол жем-шөп жеткізумен айналысатын кәсіпкерлердің жеке шаруасы болғандықтан, әкімдік тікелей араласа алмасы анық. Мал жайылымының тарлығы бойынша ауылдан 5 шақырым болатын шекара сызығын белгілеу туралы техникалық шаруаны реттеуді аудан әкімі өзінің аталған сала бойынша орынбасары Еркебұлан Әбілқасымовқа жүктеді.

Жиынның басты жаңалығы – Қызыл үй елді мекенінде салынып жатқан жаңа мектеп құрылысының бір ай көлемінде бітетіні туралы ақпарат болды. Бұл туралы аталған құрылыстың бас мердігері мәлімдеді. Шағын ауыл үшін мектептің жаңа ғимаратқа көшірілуі балалар үшін зор қуаныш болса, тұрғындар үшін де жаңа жұмыс орындары мен қосымша табыс орны болары анық.

Жалпы, құм өңіріне сапар кезінде аудан әкімі Марат Мурзиев ауданның экономикалық-әлеуметтік және шаруашылық дамуына бір кісідей атсалысып отырған бірқатар шаруаларға «Исатай ауданына – 90 жыл» мерекелік төсбелгісін табыс етті. Атап айтқанда, Үштағаннан Әдиетолла Мұхитов, Айбастан Ғафу Есенғалиев, Темірхан Құбақанов, Таңатар Сабыров, Шафхат Байдошев, Жолдыбай Сисенов және Көзгіл қонысынан Бұхар Бисенов медаль алса, Бақтығали Ибрашев аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды.

Аслан Мұратұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521