Қызылүйлік оқушылар мектепте маска тігуді үйреніп жатыр (+ВИДЕО)

Исатай ауданына қарасты Қызыл үй негізгі мектебінің оқушылары көркем еңбек сабағында маска тігуді үйреніп жүр, - деп хабарлайды Атырау облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі. ⠀

Аудан орталығынан 35 шақырым қашықтықта орналасқан Қызылүй елдімекеніндегі мектепте 41 оқушы штаттық режимде білім алады. Мектеп директоры Қабыл Ғұбашевтан білгеніміздей, өткен жылы пайдалануға берілген 80 орындық мектепте 1-9 сыныптарда 41 оқушы білім алып жатыр. Карантин жағдайына байланысты өткен оқу жылының төртінші тоқсанында оқу жүйесінде ауылда интернет жоқтығына байланысты қиындықтар болған. Оқушы санының аздығына байланысты мектептердің штаттық режимге өтуі - ауылдағы интернет қиындығын жеңілдеткен. ⠀

Мектепте робототехника, биология, көркем еңбек сыныптары соңғы үлгідегі жабдықтарымен қамтылған. Оқу ордасының ер балалары еңбек пәнінде станоктарды пайдаланса, қыз балалар еңбек пәнінің мұғалімі Майдагүл Хайруллинаның тәжірибесімен іс машинасын пайдаланып, маска тігуді үйреніп жүр. Бір айдың ішінде қызылүйлік оқушылар жүзге жуық маска тігіп үлгерген.

"Тігіншілік, аспаздық мамандыққа арналған құралдардың мектептерге келуі оқушылардың мамандық таңдауына септігін тигізіп отыр. Қазірдің өзінде 8-9 сыныптың арасында тігіншілік мамандыққа түсуге ниет білдіргендер бар. Бос уақытында көйлек, кеудеше жасаудың да сырын сұраудан жалықпайды" дейді көркем еңбек пәнінің мұғалімі Майдагүл Хайруллина. ⠀

Айта кетейік, Қызыл үй елдімекенінің іргетасы 1957 жылдары қаланып, Чапаев совхозының ферма орталығы болған. ⠀

Ауылда қазір мектеп, кітапхана, клуб, фельдшерлік пункт жұмыс істейді. Халықтың көпшілігі мал шаруашылығымен айналысады. Заманауи мектеп 2019 жылы НКОК компаниясының демеушілігімен салынған. Онда оқушылар 9 сыныпқа дейін оқиды.

Сурет: видеодан алынды

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT