Өз баласындай қарайтын...

 

- Мен 1961 жылы Забурын елді мекенінде Айғана деген шағын ауылда орналасқан Сталин атындағы бастауыш мектебінің бірінші класына бардым. Ол кезде мектеп директоры Шамахов Құрмет деген атамыз болды. Класс жетекшіміз Шұғайыпов Ғаһарман атамыз, Хайрушев Ғилман деген ұстаздар сабақ берді.

Есімде жатталып қалғаны, ол кездері мұғалімдердің әрбір балаға өз баласындай қарап, сабақ түсіндірген кезде балалардың оларды өзінің әкесіндей тыңдап, әр айтқан сөзін орындауға бар күштерін салатыны. Қазір де сол кездің көріністері көз алдымда тұр.

Мен мектепке 7 шақырым жерден түйемен келіп оқыдым. Жайлы күндері сабақ жібермеуге тырысатынымыз есте. Ал қыстың қатты суығы мен қардың қалың кезінде мұғалімдеріміз бір аптаның тапсырмасын беріп, үйге жіберетін. Ұстаздарымыз осындай жанашыр да қамқоршы болды. Біз сол берген тапсырмаларын бар жанымызды салып орындап келетінбіз. 

Одан кейін оқуымды Забурын (қазіргі Зинеден) ауылындағы Гагарин сегізжылдық мектебінде жалғастырдым. Әр пәннің мұғалімдері әртүрлі жастағы адамдар болды. Мектеп директоры Хұсынов Сайпен ағай еді, өте ыссы, бірақ әділ адам болды. Мұғалімдердің бәрін қатты сыйлаймыз, алдын кесіп өтпейміз. Біздер үшін мұғалімдердің беделі өте жоғары болды. Бала болғасын мұғалімдерден ұрыс естіген кездерімізді үйге айтып келмейтін едік. Айтып келсек, әкеміз ұрысатын еді. Қазіргі ата-ана үйге келгенде «Апайың ұрысқан жоқ па?» деп сұрап отырады. Ол дұрыс емес. Ұрыс естімеген, ұстазын сыйламаған бала дұрыс білім ала алмайтынын қазіргі мектеп бітірген балалардан көріп жүрміз. Ұстаз әр адам үшін ақылшы, тәрбиелікке бастаушы ретінде көрінуі керек деп ойлаймын.

 

Ибатолла ҚАРАЖАНОВ,

ардагер мұнайшы, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT