Өз елінде өрлеген жас ғалым

 

Ауылдан үлкен қалаға сапарлаған әр жастың жүрегінде бір арман, бір мақсаты болады. Сол арманын біліммен бекітіп, табанды еңбегімен жүзеге асырып жүрген жас ғалымдардың бірі – аққыстаулық Ақерке Рамазанова.

Ақеркенің білім жолы қарапайым ауылдан басталып, үлкен ғылым әлеміне дейін жалғасып отыр. Ол 2019 жылы Абай атындағы орта мектепті тәмамдап, арман қала Алматыдағы Сүлеймен Демирель атындағы университетте химия-биология педагогикасы мамандығы бойынша бакалавриатта оқыды. Білімге деген құштарлығын тоқтатпай, 2023–2025 жылдары Қазақ-Британ техникалық университетінде химиялық инженерия бағыты бойынша магистратурасын тәмамдады. Қазір осы салада PhD докторантурасында білімін тереңдетуде. Айта кетерлігі, Ақеркенің барлық оқу кезеңі толықтай ағылшын тілінде өтті. Бұл – өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, әлемдік деңгейде талап етілетін білімге ұмтылған жастың табандылығының айқын белгісі. Бүгінде жас ғалым Алматы қаласындағы А.Б.Бектұров атындағы химия ғылымдары институтында химик-инженер болып еңбек етеді. Зертхана тынысы, ғылыми тәжірибелер мен жаңа жобалар – оның күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналған.

Ақерке шетел аспай-ақ, өз елінде де терең білім алып, мықты маман болуға толық мүмкіндік бар екенін дәлелдеді. Университетке, магистратураға, докторантураға – бәріне өз еңбегімен, өз дайындығымен түсуі – осының айғағы. Ол білім жолындағы табандылығын анасының бала күнінен айтып отыратын қарапайым, бірақ үлкен мәні бар сөзімен байланыстырады:«Басыңдағы білімді ешкім тартып ала алмайды». Бұл сөз оған әрдайым бағыт-бағдар болып, әр басқан қадамына сенім берген.

–    Ауылдан шыққан әр жастың қолында бір емес, мың мүмкіндік бар. Ең бастысы – өзіңе сену. Шетелге бармай-ақ, өз елімізде терең білім алып, мықты маман болуға толық жағдай жасалғанын өз жолыммен дәлелдедім. Білім – адамды биікке шығаратын ең әділ күш. Қателесуден қорықпаңыздар, бірақ ар-намысыңыз бен қадіріңізді ешқашан жоғалтпаңыздар. Мен үшін ең маңыздысы – алған білімімді туған жеріме пайдалану. Өйткені адамның шыққан жеріне деген адалдығы – оның ішкі азаматтығының, нағыз патриотизмінің белгісі,-дейді жас ғалым.

Жас ғалым болашақта алған білімін туған жерінің игілігіне де жұмсауды мақсат етеді. Химиялық технология мен экология саласындағы білгенін ауылдағы экологиялық жағдайды жақсартуға, тұрмыстық қалдықтарды азайту мәдениетін арттыруға, су ресурстарын тиімді пайдалануды үйретуге қолданғысы келеді. Сонымен қатар балалар мен жастарға ғылымды қызықты форматта түсіндіру – оның маңызды жоспарларының бірі.

Алдағы кәсіби мақсаты да айқын: келер жылы Мәскеудегі Менделеев университетінде ғылыми стажировкадан өтіп, халықаралық деңгейде тәжірибе жинау. Ауылдан қанат қаққан Ақеркенің жолы – білімге адалдықтың, еңбекқорлықтың және үлкен мақсатқа ұмтылудың жарқын үлгісі. Туған жерінде білім алып, өз елінде үлгі болу – нағыз патриотизмнің көрінісі.

 

Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT