Өз кәсібін дөңгелеткен -Жайдарман

Тұщықұдық ауылындағы «Ақжан» азық-түлік  дүкенінде ығы-жығы халық. Сауда қызып тұр. Сөрелерде күнделікті тұтынатын азық-түліктер – нан, қант-тұздан бастап, тәтті бәліштер, шұжықтың түр-түрі, кондитерлік өнімдермен қоса тұрмыстық заттар жетерлік. Әр тұтынушы өзіне қажеттісін таңдап, қалағанын осы жерден тауып жатыр. 


Осы дүкенге халықтың көп келетініне куә болып жүрміз. Кәсібін дөңгелентіп қана қоймай, тұтынушының көңілін тауып, сапалы қызмет көрсетіп отырған дүкен иесі Жайдарман Аққалиева кәсібін 2000 жылы ата-анасымен бірге шағын дүңгіршектен бастаған.
   – Өзім 1999 жылы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде химия пәні мұғалімі мамандығын бітіріп келіп, ауылға ата-анамның қасында болып, қолғабыс еттім. Себебі, өз мамандығым бойынша ол кезде жұмыс тапшы еді. Алғашында бізге саудамен айналысудың қыр-сырын нағашым үйретті. Содан ата-анам үшеуміз шағын дүңгершек ашып, жаймен кәсібімізді бастадық. Қай жұмыспен де айналыса келе ысылады екенсің, осыған көзім жетті. Үлкен жетістіктің өзі де кішкентай ғана дүниеден бастау алады ғой. Алғашында, бәрі қиындау болып көрінетіні де рас. Қазақта «көз қорқақ, қол батыр» демей ме? Біз де сол тәуекелге бел буып осы кәсіпті қолға алдық. Адам тәуекелшіл болмаса алға адымдай алмайды. Мен осы кәсіппен айналысқалы осыны түсіндім. Біздің бойымызда бір істі бастауға тәуекел ету қиын. «Болашағы қалай болар екен?» деп мың ойланып, шешім шығара алмай уақыт жоғалтамыз. Ең басты кедергі – осы. 
Адамның өзі еңбек етіп, жеке кәсібінен нәсібін тапқаны - ең жақсы іс. Ешкімге тәуелсіз өз ісіңді жүргізе білу де өнер. Талай қиын сынақтардан өттік, «аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей, он өлшеп, бір кесетіндей тәжірибе жинадық. Күні-түні ата-анам да бел жазбастан, тыным көрмей еңбектеніп, тапқан-таянғанын жинап, үшеуміз өз дүкенімізді салуды жоспарладық. Осылайша, 2001 жылы «Ақжан» дүкенін аштық. Дүкеніміздің аты –үйдің кенже қызы Ақжанның құрметіне қойылды,  -деді кәсіпкер.
Кейіпкеріміз бұдан бөлек, қалада да базарда тұрып, саудамен айналысқанын тілге тиек еткен еді.
Жайдарман араға біраз жыл салып, 2008 жылы Атырау қаласынан үй алып, сол жаққа жұмыс жасауға бел буады. 
- «Дина» базарында 12 жыл бойы көтерме бағамен тауық етін саттым. Қаладағы ең үздік кәсіпкерлермен жақын араласып, тәжірибе алмастым. Олармен әлі күнге дейін тығыз қарым-қатынастамыз. Бұрын олардың қастарында жүріп, үлкен сауда дүкендерін көріп, қызыға қарап, сол жетістікке жетуді іштей армандайтынмын. Ішкі түйсік адамды алдамайды екен. 
  Осылайша қаладан ауылға қайта оралдым. Себебі, 2020 жылы анам қатты сырқаттанып қалып, ауырып қалды. Бір жағынан пандемия басталған тұсы еді. Әкем де осы шаруаның бәрін маған сеніп тапсырып, кәсіпті ары қарай өзімнің жүргізуіме қолқа салды. Содан бері осы уақыт аралығына дейін кәсібімді жүргізіп келе жатырмын. Бүгінде міне, шағын азық-түлік дүкенінен үлкен супермаркет ашуға мүмкіндік берген Құдайға сансыз шүкір айтамын. Бұл да армандар тізбесінде тұрған жоспарымның бірі еді, -деді ол.
Азық-түлік бағасын тұрақтандыру – халық қамы. Кейіпкеріміз де соны басты назарға алып отырғанын айтады. Көптеген тұрақты тұтынушыны өзіне тарту үшін де бағаны көтермейді екен. Осы уақытқа дейін аудан, облыс көлемінен кәсіпкерлікті қолдау мақсатында берілетін грант немесе қаржылай көмек сұрамағанын да айтып өтті ол. Бастысы, ерінбей еңбек етіп, талаптанған адамға барлық жол айқара ашық деп санайтын кәсіпкердің бар ойы - халықтың көңілінен шығып, талабын орындау. Онысына тұтынушылар да дән риза. 
- Мен осы Тұщықұдық ауылының тұрғынымын. Біз отбасымызбен осы «Ақжан» дүкенінің тұрақты тұтынушысымыз. Іздегенімізді осы дүкеннен оңайырақ таба аламыз. Азық түліктің қай түрі де сапалы, жарамдылық мерзімі де уақытына сай. Ауыл халқының көбі, тіпті Аққыстау, Х.Ерғалиев ауылының тұрғындары да жолай осы дүкенге келіп кететінін жиі байқаймыз. Қазіргі таңда бәрі дамыған заман ғой. Тіпті, осы дүкеннің WhatSapp әлеуметтік желісі арқылы топ ашылған. Кәсіп иесі Жайдарман да, іштегі дүкенші қыздар да тамақтардың жаңалай келіп жатқанын ортақ чатқа суретке түсіріп, бағаларын жазып жіберіп отырады. Бағасы да көңілге қонымды. Өзге де кәсіпкерлер осы Жайдарманнан үлгі алса дейміз.Себебі, бағаны да көтермей, тұрақты етіп ұстау арқылы өзіне көптеген тұтынушыларды тартуда. Сауда да сонда ғана жақсы жүріп тұрары сөзсіз.Сондықтан біз оған тек қана сәттілік тілеп, еңбегінің жемісін көрсін деген тілегімізді жаудырамыз,- деді ауыл тұрғыны Ұлдай Ізтелеуова. 
Айлық жалақыға қарап отырмай, өз алдына табыс тапқанды құп санайтын Жайдарман балаларын да кәсіпкерлікке баулиды екен. Сондай-ақ, оның жас кәсіпкерлерге айтары мынау:  «жетістікке жету үшін қателесуден қорықпау керек». Ең бастысы - құлшыныс пен өзіңе деген сенім. Өзі де бірден пайдаға кенемеген ол әлі де білікті мамандардың ақыл-кеңесіне жүгінетінің жасырмайды.  Бәсекелестік қалыптасқан ортада сапалы қызмет нәтиже береді. Қазір ауданымызда сауда нысандарының түрі көп. Бірақ, әр кәсіпкердің өз несібесі бар. Халықтың көзі ашық, сұранысы да кеңіді. Қандай істі қолға алсаң да бірінші талап пен білім қажет. Жайдарман жеткен жетістіктің кілті осыда болса керек.

Сағыныш САЙЛАУБАЙ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521