З.Зубариев: «Қазаққа қанша алғыс айтсақ та артық емес»

«Мен дүниеде қазақтан артық ағайын болуға тұрарлық ел бар деп ойламаймын. Өйткені, өз басым - олардан көп көмек көрген адаммын».

Исатай ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстық «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени қауымдастығының төрағасы Зелимхан Зубариев бізбен әңгімесін осылай бастады.

-1974 жылы Аққыстауға көшіп келгеннен кейін осы ауылдан жақсы көршілер, достар таптым. Қай-қайсысы да қолдан келген көмектерін аяған жоқ. Тіпті атыраулық өнерпаз, сазгер Самат Мәдиев маған арнап күй де шығарды. Осы облыста Құрметті азамат атағын алған жалғыз өзге ұлт өкілі де мен. Олардан бөлек қазақ халқының, соның ішінде осы аудан тұрғындарының кеңдігін, кісі жатырқамайтын қарапайымдылығын ұмыту мүмкін емес, - дейді ол ағынан жарылып.

Одан әрі ауданның Құрметті азаматы аталарының қазақ даласына қадам басқан кезінен естіген-білгені мен көрген-түйгенін тізбектей жөнелді. -Аталарымыз саяси қуғын-сүрінге ұшырап, 44-жылдары жер аударылып, орта Азия елдері, соның ішінде Қазақстанға табан тіреді. Әкелеріміз Алтынемел деген жерге қоныстаныпты. Ата-анамыз тұрған жерде төрт-ақ қана қазақ шаңырағы болған. Қалғандары орыстар, украиндар, немістер еді. Олардың қатарын азғантай ұйғырлар мен біз - шешен ұлты толықтырдық. Менің әкем солардың ішінда қазақтармен жақсы дос болды. Сол кезде әкем қазақ тілін де, орысшаны да түсінбейтін. Қазақтар да орысшаға жоқ. Сонда да шатып-пұтып, ымдап, ишараласып, жақсы түсінісетін, - дейді өткенді ой елегінен өткізген Зелимхан Зубариев.

- Бір күні әкем мен анамды көршісі Мақан деген жылқышы қазақ қонаққа шақырыпты. Бірақ, сол уақытта анам сырқаттанып қалып, әкемнің өзі барған көрінеді. Анамның суық тигенін естіген Мақан жылқышы әкеме құрметін көрсетіп аттандырар сәтте үлкен флягаға құйылған қымызды ұсынып: «Мынаны шұңқыр қазып, соған көм де, күнде келінге беріп отыр» депті. Анам жарықтық алғашқыда ашырқанып іше алмай, артынан үйреніп, сол қымыздың себебімен ауыруынан айыққан екен. Әкем марқұм: «Мынау жақсы болды» деп Мақанға тағы барады, ол кісі де жинап қойған қымызының шетінен беріп отырады. -Сырқаты жазылған анам 13 құрсақ көтеріп, бізді адамасыл қылды ғой, - дейді Зәкең.

- Еуропалық құндылық деген шықты. Мұсылман баласымыз ғой, шынын айтқанда солардың санамызға тықпалап жатқан салттарынан түк те ізгілік көріп тұрғаным жоқ. Алланың дініне, адамдыққа қарсы қандай әрекет бар, соның бәрі солардың ғұрыптарында. Бұнымен айтқым келіп тұрғаны, мен көрген қазақ халқы бұрынғы бабаларынан қалған салт-дәстүрі, тәлім-тәрбиесі, бір сөзбен айтқанда, ұлттық құндылықтарынан айырылмаулары қажет. Қазақты өзге ұлттардан ерекшелеп тұратын - осылар, - дейді Зелимхан аға.

- Жақында ғана шаруаммен аудандық полиция бөліміне барғанмын. Сыртта полиция бастығының орынбасарларының бірімен әңімелесіп тұрып ішке кірмек болып жас та болса басшы, шенді азамат қой деп, бірінші бастап өзі кіруін өтіндім. Сол кезде әлгі жігіт орнында тұра қалып: "Жоқ, сіз өтіңіз. Жасыңыз үлкен ақсақалсыз" деді. Оның заң қызметкері екенін алға тартып мен де бой берер емеспін. Сонда полиция подполковнигі: "Ақсақал, біздің тәрбиеміз сондай, үлкен тұрып кіші жол бастамайды, озып сөйлемейді. Бұл - біздің қанымызға сіңген қасиет. Шенімізге қарап, үлкеннің алдына түсуге салтымыз рұқсат етпейді" деді.

Қазақ халқының қасиетіне тағы да таңырқай түстім. Тағы да бойымды қуаныш, мақтаныш кернеді, - деді кейіпкеріміз.

Құшақ жая қарсы алып, қимай қоштасқан Зелимхан аға сөзінің соңында қазаққа қанша алғыс айтса да артық еместігін, қай кезде де жанынан табылған, әлі де тілеулес, ниеттес жомарт елге қарыздар екенін шын көңілімен жеткізді.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521