Бүгін Исатай ауданы, Қамысқала ауылында «Заң мен тәртіп» аясында азаматтарды қабылдау акциясы өтті. Іс-шараны аудандық прокуратура ұйымдастырып, оған мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Аталған іс-шараның басты мақсаты – аудан тұрғындарын мазалаған мәселелерді дер кезінде тыңдап, тиісті шешімін табуға ықпал ету болды.
Басқосудың алғы сөзі Қамысқала ауылдық округінің әкімі Рафиғат Тәжиденова мен мемлекеттік қызмет саласының ардагері Бекболат Мусинге берілді. Олар жиналған азаматтарға игі тілектерін арнап, қабылдаудың маңыздылығына тоқталды.
Рафиғат Тәжиденова халық пен билік арасындағы байланысты нығайтудың тиімді жолы – ашық әрі жүйелі диалог екенін атап өтсе, ардагер Бекболат Мусин мемлекеттік қызметтің жауапкершілік жүгін, тұрғындар сенімін ақтаудың маңызын тілге тиек етті. Екеуі де қабылдауға қатысқан жұмыс тобына сәттілік тілеп, азаматтардың мәселелері назардан тыс қалмайтынына сенім білдірді.
Қабылдауға прокуратура қызметкерлерімен қатар, аудан әкімдігі, жұмыспен қамту, білім, жер қатынастары, халыққа қызмет көрсету орталығы, ішкі істер және тұрғын үй-коммуналдық сала мамандары мен басшысы қатысты. Жиын барысында бірнеше мәселе сол жерде шешімін тапса, бірқатары бақылауға алынып, тиісті жұмыстар жүргізілетіні айтылды.
Қабылдауға келген азаматтар баспанамен қамту, жер телімін рәсімдеу, әлеуметтік көмек алу, еңбек құқықтары мен мемлекеттік кірістер жөніне қатысты сұрақтарын ортаға салды. Жеке кәсіп иелері де өздеріне қатысты бірқатар түйткілдерді көтеріп, нақты жауаптар алды.
Жиын соңында аудан прокуроры Аслан Тұрғанов азаматтардың өтініштерін заң аясында қарау – әрқашан басты назарда екенін атап өтті. Сонымен бірге, мұндай кездесулер апта бойына жалғасын табатынын жеткізді.
Сағыныш Сайлаубайқызы