«Заң - анау, шаң - мынау». Аққыстаулық кәсіпкер мұңын айтты

Исатай ауданында кеше, яғни, 7-шілде күні аудандық мониторингтік топ рейдке шықты.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы Нұрберген Өтегенов, аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының маманы Айзада Қуандықова, аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрым Мусин, учаскелік полиция инспекторы Арғын Неталиев секілді мамандардан құрылған топ аудан орталығындағы кәсіпкерлік нысандарды аралады.

Облыстық бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің соңғы қаулысында белгіленген шектеулерді орындай отырып, азық-түлік, киім, қажетті тауарлар дүкендері мен дәріханалар, көлік жуу және жөндеу, тағы да басқа қызмет көрсету орталықтарының жұмысына рұқсат берілген. Тек асханаларда жабық ғимаратта тамақтануға, шаштараз қызметтеріне тыйым бар. Кафе, асхана иелеріне ғимарат ауласындағы жазғы алаңқайда қызмет көрсетуге немесе жеткізіп беру қызметі түрімен жұмыс жасай берулеріне болады. Ал, шаштараздарға күшейтілген шектеу шарасының аяқталу мерзімін күтпеске шара жоқ.

0

Кәсіпкерлік нысандарды аралау барысында бұрыннан бері айтылып жүрген, тіпті, күнделікті өмір салтымызға айналып үлгерген қарапайым талаптарға немқұрайлы қарау әлі де бар екенін аңғардық. Мәселен, халық көп баратын бірқатар дүкендер мен қызмет көрсету орындарының есік тұтқаларын жиі дизенфекциялап тұру кәсіпкерлік әкімшіліктеріне жиі ескертілсе де орындалмай келеді. Тіпті кейбір дүкендердің есік тұтқаларының дәкемен оралмағанын да көрдік. Белгіленген шектеуге қарамастан, ебін тауып жұмысын жалғастырып жатқан шаштараздарды да байқадық. Оларға ескертілді.

Кәсіпкерлердің де жағдайын тыңдасаң, жаның ашиды. «Атырау – Астрахан» тасжолы бойында ауылдың кіре берісіндегі «У Амана» шайханасының жетекшісі Мельс Салыхов шектеу шараларының кәсібіне оңай тиіп отырмағанын айтады.

– Тәртіптің аты тәртіп қой, оған еш таласымыз жоқ. Дегенмен, бұл енді ғана етегін жиып келе жатқан шағын кәсібіміз үшін кедергі болып тұр. Жолаушыларға қызмет көрсететін болғандықтан, сапардағы адамдардың жағдайын жасап тұруға тырысатынымыз жасырын емес. Күні кеше ғана Аққыстау ауылы карантинге жабылып, апта бойы шайханамызға қонақ қабылдай алмадық. Заң солай болған соң, клиенттерімізге түсіндіреміз. «Індеттің таралуын болдырмау үшін берген тапсырыстарыңызды көліктеріңізге әкеліп берейік» дегеніңе көбі көне бермейді. Оларды да түсінеміз, әрине. Жолдан шаршап-шалдығып келе жатқан соң, салқын жерде тынығып, ауқаттанып кеткісі келеді. Енді, міне, тағы шектеу шаралары жалғасып отыр, - дейді ол.

Қаулыдағы талапта: «...ашық ауада 30 орыннан аспайтын қоғамдық тамақтану объектілерінің қызметіне рұқсат берілсін» делінген.

– Оны да ұйымдастырып жатырмыз. Дегенмен, шаң бораған жолдың түбінде тұрып, ашық орынға ас беру ақылға сыймайды-ау. Қазір ғана тазалап қойған орынды көріп тұрсыздар ғой, - деді ол үстел бетіне баттаса қонған шаңды саусағымен бір сүйкеп өтіп.

– Жол бойындағы көлік қозғалысынан көтерілген шаң көз аштырмайды. Су шашып шаң басып тұрайын десең, далаға шашпақ түгілі ауыз судың өзін ауылдан тасып отырмыз, - деген кәсіпкер әзірге жеткізіп беру қызметі арқылы ғана жұмыс жасап отырғанын жеткізді.

0

Мониторингтік топ мүшелері қаулыда белгіленген талаптың бәріне бірдей екендігін, дәл қазіргі жағдайда тәртіпке бағынудың маңыздылығын айтып, кәсіпкерлерді уақытша қиындықтарға сабыр қылуға шақырды.

Бұл індет кім-кімді де аяп жатқан жоқ. Тіпті әлемдегі аты дардай өнеркәсіптердің талайына тұсау болып, кейбірін жауып та тынды емес пе? Дегенмен, адам баласы үшін бәрінен қымбат бір нәрсе бар. Ол - адам өмірі мен денсаулығы. Қолға алынып, жолға қойылып жатқан шаралардың да мақсаты - осы бір өтпелі кезеңнен елді аман-сау, шығынсыз алып шығу. Қалғанының орны толар.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521