Заң бұзушылықтың басты себебі - жұмыссыздық

Аудандық прокуратураның ұйымдастыруымен өткен ведомствоаралық мәжіліс жұмыссыздық және оның салдарлары, сондай-ақ браконьерлік мәселесіне арналды.

Мәжіліске аудан әкімі Полымбет Хасанов қатысып, жүргізді. «Заңсыз балық аулауға жол жоқ. Халықтың санасын балық кәсібінен ауыл шаруашылығы бағытына қарай өзгерту қажет» деген аудан прокуроры өз баяндамасында аудандағы атқарушы биліктің назарын өңірдегі жұмыссыздықты азайту мақсатында ауыл-елдегі тепсе темір үзетін азаматтарға несие беру арқылы атакәсіп – мал шаруашылығымен айналысуға ниеттендіру керектігін атады.

Әрине, бір демде барлық мәселе оңтайлы шешіліп, өңірде жұмыссыздық күрт азаймас, дегенмен отбасын асыраймын деп теңізге шығып, заңсыз балық аулап, нәтижесінде құрықталып, бас бостандығынан айрылып, салынған айыппұлға сәйкес мемлекетке ондаған жыл берешек болғанша, одан да адал кәсіп жасап, соның нәсібін теріп жеген әлдеқайда пайдалы ғой деген түйін жасадық.

Прокуратураның келтірген мәліметіне сүйенсек, статистикалық дерек бойынша ауданның 12899 экономикалық белсенді халқының 4,5 пайызы (583 адам) ресми жұмыссыз ретінде тіркелген.

Ағымдағы жылы да жұмыссыздық деңгейінің өсуі байқалады. 2020 жылмен салыстырғанда жұмыссыздардың саны 89 адамға көбейген. Жергілікті атқарушы органмен ресми жұмыссыздардың 88-і жұмысқа орналастырылып, оның ішінде 33 адам тұрақты, 54 адам қоғамдық, 1 адам әлеуметтік жұмыспен қамтамасыз етілген. Дегенмен, жергілікті атқарушы органдармен бұл бағытта қабылданып жатқан шаралар жеткіліксіз. Бұған дәлел жұмыссыздардың 44 пайызы немесе 255 адам Жанбай (107), Зинеден (43), Исатай (67), Нарын (38) ауылдарында тіркелген. Аталған елді мекендердің экономикалық белсенді халқының санын ескере келгенде, әр 5-ші тұрғын жұмыспен қамтылмаған. Жұмыссыздық деңгейі қылмыстық құқық бұзушылықтарға тікелей әсер етеді десек, 2020 жылы тіркелген қылмыстардың 61 пайызы жұмыссыз жүрген тұлғалармен жасалған. Бұған қоса ауданда қызметін жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылары соңғы 3 жылда 53 адамды жұмыстан босатып, олардың орнына небары 4 адамды жаңадан жұмысқа қабылдаған. Сондай-ақ жекеленген санаттағы тұрғындар үшін квоталар орындалмайды.

img_3884-min

«Мүгедектер үшін квотаны жергілікті атқарушы органдар жұмыскерлердің мынадай тізімдік саны бар ұйымдарға белгілейді:

- елуден жүз адамға дейін – жұмыскерлердің тізімдік санының екі пайызы мөлшерінде;

- жүз бірден екі жүз елу адамға дейін – жұмыскерлердің тізімдік санының үш пайызы мөлшерінде;

- екі жүз елу бірден артық адам – жұмыскерлердің тізімдік санының төрт пайызы мөлшерінде белгілейді». Бұл ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру министрлерінің бұйрығына сәйкес ел ішінде орындалуы міндетті нұсқамалар. Алайда, аудан аумағындағы жер қойнауын пайдаланушы компаниялар заңмен белгіленген бұл бұйрықты орындауға да құлықсыз. Бұл ретте «Сазанқұрақ», «Прикаспиан-Петролеум», «Жайықмұнайгаз» компанияларының аталған нұсқаманы орындау деңгейін тексеру қажет ететін мәселе» деді аудан прокуроры Руслан Айтимов.

Болжам бойынша ауданда заңсыз балық айналымының көлемі облыста тәркіленген балық өнімінен де асып түседі. Ал, облыста тәркіленген 3 тонна бекіре балығының 80 пайызы, ол Жанбайдан тасымалданып, Аққыстау, Тұщықұдық және Қамысқала елді мекендерінен кедергісіз өткізілген балықтар болып табылады.

Бұл өз кезегінде заңсыз браконьерлікпен күрес жөніндегі су полициясы, көлік инспекциясы, жол полициясы, аудандық ІІБ, шекара қызметінің 2 әскери бөлімдері секілді жалпы саны қадағалауды жүргізетін прокуратураны қоса алғанда барлығы 8 органды құрайтын ауқымды жүйелік жұмыстардан да айналып өтіп, өте жақсы дамыған құрылғылар мен бағалы шетелдік көліктердің көмегімен бекеттерді айналып өтіп жүрген заңсыз балықшылардың көптігін көрсетеді. Немесе құзырлы органдармен сыйбайласа отырып та заңсыз әрекеттерге баруы әбден мүмкін деген аудан прокуроры Жанбай, Зинеден ауылдық учаскелік инспекторларының жұмысына дакөңілі толмайтынын жеткізді.

- Өйткені, былтыр облыстық Су полициясы бөлімі қызметкерлерімен салмағы 183 килограмм болатын бекіре тұқымдас балықтарымен және «Атырау-Орал» тас жолында жол патрульдік полиция қызметкерлерімен 1003 келі бекіре тұқымдас балығы және 230 грамм қара уылдырық тәркіленген кезде екеуі де аталған балықтарды Жанбайдан алғандарын көрсеткен. Яғни, ауылдағы учаскелік инспектормен қоса аудандық полиция бөлімінің толық құрамды жедел уәкілдерінің өзі жағдайды толық бақылауында ұстай алмауда, -деген прокурор аталған сала қызметкерлерінің қызметке толық сәйкестігін қайта қарауды аудандық полиция бөлімінің бастығы Иса Бекқалиевке тапсырды.

Аслан МҰРАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521