Елдің біртұтастығы мен бейбіт өмірін сақтауда айбынды сарбаздардың атқаратын рөлі ерекше. Темірдей тәртіпке бағынған олар күндіз-түні кірпік қақпай, елдің тыныштығы үшін аянбай қызмет етіп жүр. Отан үшін адал қызмет ету - ол әскери киім киіп ғана жүру емес, үлкен жауапкершілікті қажет етеді әрі жүктейді. Еліміздегі 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай, мереке қарсаңында Атырау облысы бойынша басқармасына қарасты Жанбай шекара бөлімшесінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Береке Бекжанұлы Есенбаевты әңгімеге тартқан едік.
-Береке Бекжанұлы, сөзімізді бастамас бұрын сізді алда келе жатқан атаулы күн -«Отан қорғаушылар» мерекесімен құттықтаймын! Жалпы, баспасөз оқырмандарына өзіңіз туралы толығырақ айтып өтсеңіз? Қай өңірдің тумасысыз?
-Алдымен, айтулы мерекемен құттықтағаңызға рахмет! Жалпы, өзім туралы айтар болсам, 2000 жылы желтоқсанның 8-і күні Шымкент қаласында дүниеге келдім. Кішкентай кезімнен бастап, Түлкібас ауданы, Рысқұл ауылында ата-апамның тәрбиесінде өсіп, балалық шағымның дәуірі сол жерде өтті. Осы Рұсқұл ауылында 6-сыныпқа дейін оқып, кейін Тараз қаласына әке, анамның қасында бірге тұрып, №42 орта мектебінен 7-11 сыныпты оқып, аяқтадым. Мектеп бітірген соң, сол жылы шілде айынан бастап, үлкен арман жетелеп, Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара академиясына 1-курс студенті болып, қабылдандым! Қуанышымда шек болмады, себебі бұл бала кезден бергі арманым еді. Осы аталған оқу орнында 1 оқу дивизонының 111 оқу заставасында 4 жыл бойы үздіксіз білім алдым. 2022 жылы 25-шілде күні «Лейтенант» атағын алып шығу, бұл да менің мерейімді үстем етті. Содан алдыңғы жылы тамыз айында Атырау облысы бойынша басқармасына қарасты Жанбай шекара бөлімшесінің тәрбие және әлеуметтік -құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары болып тағайындалдым. Қазіргі таңда осы бөлімшеде қызмет атқарудамын.
-Жалпы, Жанбай шекара бөлімшесінің қазіргі тыныс-тіршілігі қалай?
-Қазіргі таңда Жанбай шекара бөлімшесінің тыныс -тіршілігі бірқалыпты. Мемлекеттік шекараны берік күзетудеміз. Жалпы бөлімшеде жас сарбаздарға барлық жағдай жасалған. Олар қысқа ғана уақыт аралығында отанға деген патриоттық намысын оятып ғана қоймай, елімізге аянбай қызмет етуге, тосыннан қандай жағдай болғанда да, жұдырықтай жұмылуға дайын. Көпшілік «Сап түзеу- ең оңай шаруа» деп ойлайды екен. Бірақ, арада қыл өтпейтіндей етіп тұру, бірден тез қимылдау, шалт қадам басу оңай емес. Ол үшін ұзақ дайындық, табандылық таныту қажет еді. Біздің сарбаздарымыз қаруды жетік меңгерген, көздегенін мүдірмей атып түсіретін мергендер. Қоян қолтық ұрыстың да шебері. Одан бөлек, сарбаздармен бірге ауыл, аудандық іс-шараларға белсене қатысып жүрміз. Жалпы айтқанда, бөлімшеміз ауыл мен аудан көлемінде болып жатқан барлық мәдени-көпшілік немесе спорттық шараларға барынша атсалысуға тырысамыз. Әрине, мен оңтүстіктің тумасы болғандықтан, батысқа келген соң, осы өңірге үйренісе алмай, тіл жағынан, сөйлеу мәнерінен біраз қиындықтар болды. Бірақ көзді ашып-жұмғанша үйреніп, машықтанып кеттік. « Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» демекші, бұл жерде ұлттық салт- дәстүрлерді жақсы ұстанады екен. Адамдары да жылы шырайлы, қашанда құшағы айқара ашық, пейілдері сондай кең!
-Мемлекеттік шекарамыздың бұзылмауы- ел шебін күзетіп жүрген әрбір шекарашылардың орасан зор еңбегін білдіреді. Өзіңіз әскери қызметке қалай келдіңіз?
-Мен бала кезімнен-ақ әскери қызметкерге өте қызығушылық көзқараспен қарайтынмын. Бұл қызмет түрі, маған таңсық емес еді. Себебі, өз отбасымда әкем әскери қызметші болды. «Әке көрген - оқ жонар» демекші, сол кісіге қарап, бой түзедім. Бала кезімізде әскери киімге, қатал тәртіпке, қызуқанды жұмысына қатты қызығып, өзімді болашақта осы бағытта елестететінмін. Мектепте жүргенде де әскери іс-шараларға белсене араласып, әр қырымды байқап көрдім. Өзімнің ағамда осы әскери қызметте. Қазіргі таңда, осы саланың үздік қызметкері болуына бірден-бір себепші болған, өзімнің отбасым яки әкем, ағам сол кісілер жол көрсетіп, көмектесті.
-Әскерилердің имиджын көтеру үшін қандай шаралар қолданылып жатыр? Бұрын әскерге бару сән болды. Жастар әскерге баруға таласатын, әскери киім киіп жүрудің өзі дәреже болды, қазір неге олай емес?
-Жалпы осы бағытта біздің бөлімшеде әскери имиджді көтеру үшін көптеген іс-шаралар өткізілуде. Соның ішінде шекара қызметінде бізде «Шекарашының жас досы» атты бағдарлама бар. Нақты айтқанда, бұл бағдарламаның мақсаты 12-18 жас аралығындағы оқушыларға осы топқа кіріп, әскери қызметтің әртүрлі тақырыптарда тәрбие жұмыстары, әскердің тұрмыс-тіршілігін, өмірін етене таныс болып, олардың әскери патриоттарын ояту болып табылады. Тіпті, қазір дамыған заман болғандықтан, жастарды осы интернет желісі арқылы, қарапайым халыққа әртүрлі бейнероликтер арқылы көрсетіліп жүр.
Әскери имиджге барлық әскери қызметшілердің айлық мөлшерлері көтеріліп, жақсы үйлермен қамтамасыз етілген және әрбір отбасы мүшесіне де ақшалай қарастырылған. Әскеріміздің имиджі күннен-күнге көтерілуде және осы қарқыннан таймай, әрмен қарай жоғары күшке ие болады деген сенімдеміз. Негізі әскерге денсаулық жағдайы өте жақсы, әскери өмірге құлшынысы бар жастар тартылуы керек. Демек, Президентіміз айтқандай, қоғам болып жастарымыздың әскерге деген құлшынысын ояту керек. Бізге алдымен осы жағын ойластыру керек сияқты. Жастарды айыппұл немесе әкімшілік шара берумен қорқыта бермей, өз еркімен баруға сұранатындай, қандай да бір тетіктер ойластырған абзалырақ. Оны жоғарыдағы басшылық қаперге алады деп ойлаймын. Қазағымыз «Ер шекіспей, бекіспейді» дегендей әскери өмірде «тентекті тезге салатындай «тәртіптің болғаны жақсы. Әрине, тәртіпке бағынған құл болмайтының ескерген жөн. Әскер – әр сарбазды шынықтырады, шыңдайды.
-Әскери қызметкер ретінде аудан тұрғындарына айтар тілегіңіз бар ма?
-Барша исатайлық тұрғындарды алда келе жатқан мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Әрбір отбасыға шаттық пен бақыт, деңдеріне саулық, жакындарына амандық тілеймін. «Елдің ертеңін білгің келсе, оның жастарына қара», деген ұлағатты сөз бар. Сондықтан өсіп келе жатқан жас буынға білімдеріңді күшейтіп, елін, жерін қорғайтын ер азамат болсын деген тілектестік білдіремін. Сайып келгенде, елімізді қорғау- тек қана әскери қызметшінің міндеті ғана емес, барша қазақ халқының міндеті деп білемін. Билік пен бұқараның ортасына алтын көпір іспеттес боп жүрген, сіздердің қызметтеріңізге толағай табыс, шығармашылық шабыт тілеймін!
-Әңгімеңізге рахмет!
Сағыныш ҚАЙЫР