Кім де болса, өзі еңбек етіп, терін төгіп, ел дамуына сол арқылы үлесін қосып жүрген саланың дамып, жетіле түскенін қалайды. Теміржол саласында ұзақ жылдардан қызмет қылып келе жатқан өзім үшін де солай.
Қазіргідей жетілген, жаңғырып жатқан заман көшінде алдыңғы қатарда болуы тиіс бұл саланың тыныс-тіршілігінде бүгінде ілгері ұмтылушылықтар бар. Ал бұл сол ортада еңбек ететін біздің теміржолшылар үшін ғана емес, сол теміржолдың қызметін пайдаланушы халық үшін де керек-ақ.
Мәселен, алыс-жақынға сапарлаған жолаушы жайлы да жаңа, талапқа сай вагондармен жүретін-тұратын болса қалай мақтаныш етпейді. Адамдардың осындай ризашылықтарын естігенде өзіміз де марқайып қаламыз.
Осы ретте өткен жылы Атырау облысындағы теміржол машина жасау саласының дамуына серпін беріп, қызметін бастаған вагон құрастыру зауыты сыйымдылығы үш мың тонна болатын сұйытылған газ сақтайтын қойма салып жатырғаны туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарынан білгенімізде ойыма осы жайттар келді. Жоба іске асқанда 60 адамға жұмыс табылады делінген. Белгілі болғанындай, «Тексол Транс» ЖШС зауытты одан әрі кеңітіп, өндіріске қажетті қосалқы бөлшектер, вагон түрлерін жасап шығаруды ойластыруы құптарлық. Өңірдегі теміржол-көлік саласының өркендеп, адамдарды жұмыспен қамтуға, экономиканың дамуына өз септігін тигізер осындай өндіріс орны өз қызметін уақыт талабына сай жандандыра түсуі қуаныш.
Жасұлан АМИРОВ,
Атырау жол дистанциясы ПЧ-9 мекемесінің учаске бастығы