Адам үшін денсаулықтан асқан байлық жоқ. Соның ішінде тістің саулығы – өмір сапасын жақсартатын ең маңызды нәрсенің бірі. Соңғы жылдары зейнетақы жинағын пайдаланып тіс емдету мүмкіндігі көпшілікке үлкен көмек болып келді. Алайда бұл тәртіпке өзгерістер енгізіліп, енді мұндай жеңілдік толықтай тоқтатылды.
Қазақстанда зейнетақы жинағынан стоматологиялық қызмет ақысын төлеу мүмкіндігі толық жойылды. Денсаулық сақтау министрлігі 2021 жылғы 15 ақпандағы «Біржолғы зейнетақы төлемдерін емделуге пайдалану қағидалары» туралы бұйрығына өзгерістер енгізіп отыр.
Министрлік мұндай шешімге азаматтардың зейнетақы қаражатын мақсатсыз пайдалануы себеп болғанын түсіндірді. Жалған медициналық құжаттар жасау, ақша қаражатын клиникалар арқылы заңсыз шығару жағдайлары жиілеген. Ресми дерекке сүйенсек, 2021 жылдан 2025 жылдың 20 тамызына дейін «enpf-otbasy.kz» платформасында стоматологиялық қызметке 795 мыңнан астам өтініш беріліп, 757 миллиард теңге жұмсалған. Оның ішінде 222 миллиард теңгеден астам қаржы тек 20 клиникаға бағытталған. Мамандардың айтуынша, мұндай шешім халықтың болашаққа арналған зейнетақы жинағын қорғау үшін қабылданды. Бұл қаражат басқа медициналық қызметтерге қолжетімді болып қала береді, ал стоматологиялық қызмет толық алынып тасталды.
Зейнетақы – әр қазақстандықтың қартайған шағындағы негізгі қор. Сондықтан оны әділ әрі мақсатты пайдалану – мемлекет үшін де, әр азамат үшін де маңызды. Қазақстанда зейнетақы жинағынан стоматологиялық қызмет ақысын төлеу мүмкіндігі толық жойылды.
Камилла КАКИМҚЫЗЫ
                                    
            
            
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
    							    						    												
    						
