Өзгерген өңір, шаттанған көңіл

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп атап көрсеткен болатын.

Шынында да Еділ мен Жайық өзендері аралығына орналасқан батыр баба атындағы Исатай ауданы да – тарихы терең, мәдениеті мен өнері тамырлы, қазба байлықтары мол киелі мекен. Көк туымыз көгімізде желбірегелі бергі уақытта өсіп-өркендеген өңірімізге биыл тоқсан жыл толып отыр. Осыған орай біз «Туған жерге туыңды тік!» жобасын қолға алып, жаңа айдар ашып отырмыз. Ондағы мақсат – киелі де қасиетті бүгінгі Исатай, кешегі Новобогат ауданының арғы-бергі тарихы, экономикалық-әлеуметтік және мәдени даму жолы, табиғаты мен қазба байлықтары, жер-су атаулары жайлы жан-жақты мағлұматтар беріп, осы өңірден шыққан тарихи тұлғалар мен елге еңбек сіңірген азаматтар туралы деректер жариялау. Сондай-ақ елдің ертеңгі үміті саналатын жас ұрпақтың туған жерге деген махаббатын ояту. Осыған орай біз жақында ең бірінші аудандық мемлекеттік мұрағатының басшысы Аяпберген Мұханбетовке жолығып, ауданның өткен өмірі туралы қысқаша айтып беруді сұраған едік. Төменде сол сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Ел тарихы – ұрпаққа өнеге

- Аяпберген Сырымұлы, алдымен ауданымыздың ең алғашқы құрылған жылдарына тоқтала кетсеңіз?

- Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің 1928 жылғы қаулысымен Орал губерниясының құрамында Гурьев округі құрылды, оның құрамында құрылған 6 ауданның бірі осы Новобогат ауданы болатын. Орталығы болып Новобогат поселкесі белгіленген. Ол кезде аудан құрамына 10 болыстық кеңес қарады. Олар – Новобогат, Таңқы, Бақсай, Қаңбақты, Орпа, Кетешағыл, Бегайдар, Бесарал, Кеңарал, Жалғансай ауылдық кеңестері. Аумағы 12500 шаршы шақырым ауданда 20451 адам тұрған. Аудан құрылған кезде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Түйебай Мақатов, атқару комитетінің төрағалығына Қалаубай Түрікпенбаев сайланған. Аудан мал шаруашылығы және мұнай өнеркәсібімен шұғылданған, алайда егін кәсіпшілігі мүлде болмаған. Ауданда 46485-қой, 38919-бас ірі қара, 6443-ешкі, 5698-бас жылқы, 7269-бас түйе – барлығы 101814 бас мал болған. Сонымен бірге Новобогатта мұнай іздеу-барлау жұмыстары жүргізілген. Сауда-саттық жұмыстары Гурьев қаласы мен Орал округінің Жанғала поселкесі базарлары арқылы атқарылған. Жол қатынасы жалғыз Гурьев қаласымен арадағы қара жол ғана болған. Байланыс саласында Новобогат селосындағы бір байланыс (пошта) мекемесі жұмыс істеген. Ауданда 9 бірінші сатылы мектеп, 2 дәрігерлік жәрдем пункті, 1 малдәрігерлік пункті, 2 тұтынушылар қоғамы халыққа қызмет көрсеткен.

Ал 1930 жылы аудан таратылып, ірілендіру негізінде Жаманқала, Есбол аудандарымен бірге жаңадан құрылған Гурьев ауданының (орталығы Гурьев қаласы) құрамына кірген. 1930-1932 жылдардағы ашаршылық кезінде аудан халқы үлкен шыдамдылықпен өмір сүріп, Нарын құмындағы құмаршық, сұлыбас тағамдарын азық еткен. Бірқатар адамдар Тайсойған, Бүйрек, Жайық бойы өңіріне қарай кетуге мәжбүр болған. 1934 жылы Гурьев округі құрамында Бақсай, Мақат аудандары құрылды. Новобогат, Манаш, Жанбай, Кетешағыл, Бегайдар ауылдық кеңестері Бақсай ауданына қарады. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Төрал-қасының республика облыстарында жаңа аудандар құру туралы 1939 жылғы 16 қазандағы қаулысына сәйкес Теңіз, Есбол, Бақсай аудандарын ықшамдау негізінде Новобогат ауданы қайтадан құрылған. Жаңа ауданға Бақсай ауданынан Бегайдар, Жамбыл, Жанбай, Кетешағыл, Манаш, Новобогат, Теңіз ауданынан Забурын, Мыңтөбе ауылдық, Есбол ауданынан, Айбас, Бабан, Тұщықұдық, Орпа ауылдық кеңестері енгізілген. Осы 12 ауылдық кеңесте 26 мал шаруашылығы, 4 балықшы ұжымшарлары құрылып, елге қызмет еткен.

Отты жылдар елесі

- Әсіресе, Новобогат ауданы еңбекшілерінің ұйымшылдығы мен тамаша патриоттық бастамалары ел басына қатер төнген Ұлы Отан соғысы жылдарында ерекше көрінгені баршаға мәлім. Тылда қалған ата-әжелеріміз бен буыны бекіп қатпаған балалардың, азаматын соғысқа аттандырған қыз-келіншектердің майдан және Отан үшін жасаған ерлікке пара-пар ерен еңбектері жөнінде кейін жас ұрпақ біле бермеуі мүмкін. Ендігі кезекте әңгіме төркінін осы төңірекке бұрсақ?

- Ұлы Отан соғысы басталғанда новобогаттықтар Жеңісті жақындату үшін жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязына, жұмыстың ауыртпалығына қарамай, күндіз-түні дамылсыз еңбек етті. Соғыс жағдайында ауданда жергілікті мүмкіндіктер мен ішкі резервтер толықтай пайдаланылды. Новобогатқа жақын Ақкүтір учаскесінде Бақсай өзегінің екі бетіне колхоздар тары егіп, оны азық етті. Ағылшын кәсіпкерлерінен қалған мұнай өндірісі ізінде жергілікті мамандар көмегімен шағын зауыт іске қосылып, бензин, мазут, керосин шығарылып, тұрмыстық қажеттіліктерге жұмсалды. Тері илейтін цехтар ұйымдастырылып, онда киім тігу, байпақ басу істері атқарылды. Сол кезде новобогаттықтардың мал шаруашылығын өркендету жөнінде республикалық социа-листік жарысты өрістету туралы Үндеу жариялағанын ерекше атап өтер едім. Оны Компартияның Орталық Комитеті мақұлдап, қаулы қабылдады. Қаулы 1944 жылдың 5 ақпанында баспасөзде жарық көрді. Үндеу халықты бір арнаға тоғыстырар бастама болғанымен, шындығында, қиын кезеңде белді бекем буғызар зор тәуекел де еді. Аудан малшылары бүкіл республикаға арнаған Үндеудегі міндеттемелерді орындауға біркісідей жұмылды. 1941 жылдың 1 қаңтарынан 1945 жылдың аяғына дейін аудан бойынша ірі қара-2, қой мен ешкі-1,7, жылқы-2,2 есеге өсіп, ірі қара 20878, қой мен ешкі-116, 616, жылқы-18552 басқа жетті. Бес жылда орта есеппен әр жүз аналықтан 79 бұзау, 104 қозы, лақ, 80 құлын алынды. Соның нәтижесінде 1944 жылдың қорытындысы бойынша КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысымен мал шаруашылығын өркендетуге бүкіл Одақ бойынша социалистік жарыста үздік шыққан Новобогат ауданына бірінші дәрежелі, ал Гурьев облысына екінші дәрежелі ақшалай сыйлықтарымен қоса Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің ауыспалы Қызыл туы берілді. Бұл Ту 1944 жылдың 31 желтоқсаны күні ауданға салтанатты жағдайда табысталды.

1945 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Одақтық Қызыл Ту ауданға екінші рет берілді. Осы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысымен Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің Қызыл Туы мен бірінші дәрежелі ақшалай сыйлығын Новобогат ауданы еңбеккерлері үшінші рет жеңіп алып, мәңгі сақтауға қалдырылды. Әсіресе, Новобогат ауданының соғыс жылдарында ерекше еңбекпен, тың бастамалармен көрінуіне 1942-1948 жылдарда аудан басқарған Мадияр Қостанбаевтың қосқан үлесі өте зор дер едім. Кейін аудан КСРО Министрлер кеңесінің Қызыл туына ие болды.1948 жылы мал шаруашылығы саласында мал басын өсіру және оны өндіру жоспарларын асыра орындағаны үшін 8 адам Социалистік Еңбек ері атанды. Көптеген колхозшылар КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Указымен мемлекеттік наградаға ие болды.

Төрт рет тараған аудан

- Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарында ауданымызда тағы да құрылымдық өзгеріс-тер болғаны белгілі. Бұл да аудан өміріндегі есте қаларлық оқиға болса керек?

- 1957 жылы 20 ақпанда Новобогат ауданының орталығы Новобогат селосында өткен еңбекшілер депутаттары Кеңесі атқару комитеті Мәжіліс қарарында колхоз шаруашылығынан совхоз шаруашылығына көшу мәселесі қаралды. Жалпы жиналыс қаулысымен «Родина», Фурманов, Ленин атындағы колхоздар базасында Забурын қаракөл қой өсіру совхозы құрылды. Республикалық әкімшілік-аумақтық бөліністегі өзгерістерге сай және шаруашылықтардың ықшамдалуы ескеріліп, 1957 жылы 14 қарашада Новобогат ауданы таратылып, оның аумағы Бақсай ауданына берілді.

Мұнайы бардың – шырайы бар

- Ал 1960 жылдардың басында өңірімізден қазба байлықтар табылып, жерімізден «қара алтын» өндіріле бастады...

- Әрине, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында мұнай табылуы шынында да жергілікті халық үшін ерекше оқиға болды. 1961 жылы Мартыши кен алаңындағы №1 ұңғыға бұрғы салынып, арада екі жыл өткенде 1963 жылы ұңғыдан мұнай бұрқағы атқылады. Мемлекеттік комиссия Мартыши кен алаңындағы мұнайдың қорын анықтап, оны Мәскеуде талқылап бекітті. Осылайша бір кездегі тыныштық құшағында жатқан маң далада қызу жұмыстар басталып, аудан мұнайлы мекенге айналды. Мұнай өндірудің кең көлемді технологиясы жасақталып, 1972 жылы «Қамысты», одан соң «Жаңаталап», «Гран» кен алаңдары пайдалануға берілді. 1968 жылдың 17 ақпаны күні Мартыши мұнайы алғаш рет эшелонмен Гурьев мұнай заводына жөнелтіліп, өндірістік негізде мұнай алу жұмысы басталды. 1969 жылы «Мартыши-Гурьев» мұнай құбыры іске қосылды, 1973 жылдың сәуір айында «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы құрылды. 1977 жылы 16 ақпандағы Қазақ КСР Жоғарғы Советінің Президиумының қаулысымен орталығы Аққыстау кенті болып, қайтадан Новобогат ауданы құрылды. Бұл Новобогат ауданының үшінші рет құрылуы еді. 1971 жылы Орта Азия мен Закавказьені байланыстыратын «Гурьев-Астрахан» теміржолы салынды.

Алайда 1988 жылы 9 шілдедегі Қазақ ССР-інің әкімшілік-территориялық бөлінісіне басқа да өзгерістер енгізу туралы Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Президиумының қаулысы бойынша Новобогат ауданы таратылып, селолық кеңестер Махамбет ауданы құрамына берілді.

Жаса, жайна, Атамекенім!

- Арада екі жылдан кейін ауданымыз қайтадан төртінші рет өз алдына отау тікті. Содан бергі жиырма алты жыл ішінде ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрмыстық жағдайы адам танымастай өзгерді. Бұл тәуелсіздіктің арқасында жүзеге асқан игі істер екендігі сөзсіз...

- Иә, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының бұрын таратылған аудандарын қалпына келтіру және республиканың әкімшілік-аумақтық бөлінісіне басқа да өзгерістер енгізу жөніндегі 1990 жылғы 20 қыркүйектегі қаулысымен аудан қайта құрылып, Исатай есімін иеленді. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Зұлбұхар Сүйнешов, аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы болып Жанай Беркалиев сайланды. Ауданымыздың соңғы құрылуы өңіріміздің тарихи кезеңдерімен тұспа-тұс келді. 1990 жылы еліміздің егемендігі жарияланса, 1991 жылы Тәуелсіздігіміздің Туы көкте желбіреді. 1991 жылы ауданда халық батыры Исатай Тайманұлының 200 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде аталып өтті. 2002 жылы ауданның әкімшілік-аумақтық бөлінісіне өзгерістер енгізіліп, жаңадан Нарын, Забурын селолық округтері құрылды. Тәуелсіздік жылдары ауданымыздың экономикасы мен әлеуметтік бейнесінде көптеген оң өзгерістер болды, ауданның өндірістік потенциалы артты.

«Теңізшевройл», КТК, «ҚазМұнайГаз» «Барлау Өндіру» компания-ларының демеушілігімен 2015 жылы ауданда 400 орындық мәдениет үйі, 2016 жылы Аққыстау ауылында 160 орындық балабақша салынып, пайдалануға берілді. Ардагерлер аллеясы жаңартылды, 2017 жылы Х.Ерғалиев ауылында 100 орындық балабақша салынды. Ауданға 2000 жылы алғаш рет табиғи газ келіп, тұрғындар қуанышқа бөленіп, тұрмыстағы қиындықтардан құтылды. Ауылдық округтер орталықтары түгелдей газдандырылды, қазірде елді мекендерге газ жеткізу жұмыстары жүргізілуде. 3 ауылдық округтің орталығына кірме және 4 ауылда ауылішілік жолдар салынып, күрделі жөндеуден өткізілді. 2015 жылы 60 пәтерлік 1 үй және бір пәтерлік 10 үй салынып, пайдалануға берілсе, 2017 жылы қазанда «NCOC» компаниясының демеушілігімен салынған тағы бір 60 пәтерлік үйге аудан тұрғындары қоныстанды. 6 мектеп, 5 балабақша, аудандық орталық аурухана мен емхана, 4 дәрігерлік амбулатория, 2 мәдениет үйі, дене шынықтыру-спорт кешені салынды.

- Әңгімеңізге рақмет.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521