Исатай аудандық музейінде Қазақстан Республикасының үздік спорт сарапшысы, КСРО спорт шебері Жеңіс Айтбаевтың қатысуымен «Мықтылық мұратсыз келмейді» атты ауданымыздың жас спортшыларымен кездесу кеші өтті.
Ардагер спортшының 75 жасқа толуына орай ұйымдастырылған сұхбат алаңына аудандық мәдениет және спорт бөлімінің өкілі Саябек Жәнібекұлы да қатысты. Шара Жеңіс Айтбаевтың өмір жолымен басталды. Спортшы 1945 жылы 9 мамырда Х.Ерғалиев ауылында дүниеге келген. Ұлы жеңістің хабаршысы болған ол, 18 жасында қалаға келіп, алғаш бокс үйірмесіне қатысады. 20 жылдың ішінде Қазақстан чемпионы және Кеңес одағының спорт шебері иегері атанып үлгерді. Бокстан ойлаған мақсатына жеткен соң, жеңіл атлетикаға ауысып, одан халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Жүгіруді де жетік меңгергесін, 1995 жылы «Атыраудың желаяқтары» атты кітап жазып шығарады. Осыған дейін шетелдің Италия, Польша, Греция, Голландия, Ресей сынды мемлекеттерінде өнер көрсеткен.
- Жас кезімде үлкен балалардан көп таяқ жегенмін (күліп). Сол кезден бастап бокспен айналысуға құштарлығым артты.
Күні бүгінге дейін таңертеңгі уақытта екі сағаттық жаттығуды қалдырып көрген емеспін. Соның арқасында қазір Қазақстанда ардагерлер арасында жүгіруден үздік үштіктің қатарына ендім. Атырау қаласы бойынша менің жасымда, маған тең келер қарсылас жоқ, - дейді спорт шебері.
Осы кешті ұйымдастырушы әрі жүргізуші аудандық музей меңгерушісі Гүлмарал Бақытжанқызы ауданымыздың шежіре кітабына Жеңіс Айтбаевтың есімін енгізгісі келетіндігін айта кетті. Шара соңында ардагер спортшы өзінің фотосуреттері мен медальдарын музейге табыстады.
Байболат СҰҢҒАТОВ