«Жұлдыздай аққан жарығым»

Жанбай ауылында тағы бір тағылымды ән кеші өтті. Дара болмысымен ерекшеленіп, заманында ауылын әнге бөлеген, бойына біткен талантымен көпті мойындата алған өнерпаз азаматтардың бірі Еркін Досқалиевты еске алу мақсатында ұйымдастырылған концертте көрерменнің көптігінен ине шаншыр орын болмады. Жақсының жақсылығын айтуды, оны кейінгіге үлгі қылуды көздеген шара «Жұлдыздай аққан жарығым» деп аталды. Концерт әншінің өмірі жайында түсірілген деректі фильммен ашылды.

Әнші жөнінде қысқаша дерек келтіре кетсек, Еркін Досқалиев 1969 жылдың 18 наурызында, сол кездегі Гурьев облысы, Новобогат ауданы, Жанбай селосында дүниеге келген. 1976 жылы Жанбай селосындағы Куйбышев атындагы орта мектеп табалдырығын аттаған ол сол мектепті 1986 жылы бітіріп шықты. Мектебін тамамдаған соң селолық жұмысшыларды жабдықтау мекемесінде қарапайым жұмысшы болып алғашқы еңбек жолын бастады. 1989 жылы мәдени-ағарту оқу орнында оқып, бір жылдан соң селолық мәдениет үйінде көркемдік жетекші болып кызмет атқарды. Мәдениет саласында еңбек ете жүріп, өз талантын да шыңдай білген ол әртүрлі деңгейдегі ән байқауларының жүлделерін қанжығасына байлады.

- Бұл ән тыңдап жадыраумен қатар, адамға үлкен ой салатын, игілікті, жауапты шаралардың бірі деп есептеймін, - дейді әнші жайында ағынан жарылған ақын Адайбек Есекеш.

- Жиырма жеті жасында жасындай жарқ еткен Еркін ініміз сол қысқа ғұмырында еліне өнерін арнап өткен азамат еді. Ол өр дауысымен біздің есімізде қалды. «Ұлылық деген жерді жалпағынан басып, ақ майға тойып өту емес, ол - артыңа өшпестей із қалдырып, арғымаққа мінгендей зу етіп өте шығу, яғни, өз өміріңді әрі оқыс, әрі әдемі аяқтау» деген екен «Өр Алтайдың кер бұғысы» атанған Оралхан Бөкей. Мен де Еркіннің қысқа ғұмырында ұлылықтың ұшқыны жатыр ма деген ойда тұрмын.

Одан әрі ол ел ішінде талай Еркін секілді дарындардың өсіп келе жатқандығын да атап өтті. - Алматыға бармай-ақ, Астанада болмай-ақ, жоғары атақтарды алмай-ақ, табиғи тума талантымен өнердің шыңында жүрген азамат-азаматшаларымыз бар. Айтайын дегенім, бұл залда өткенімізді жоқтап қана қоймай, қолда бар асылдарымызды, өсіп келе жатқан өрендерімізді ұлықтайтын, демейтін, қолдайтын жиындар өте бергей деп тілеймін. Барымызды қадірлей білейік,-деп ойын түйіндеген ақын арнап әкелген жыр-шашуын да тарту етті.

Кеште облыстың, ауданның мақтан тұтар өнерпаздары Еркіннің репертуарындағы әндерді орындады. Шараның тағы бір ерекшелігі, әндер «Айгөлек» вокалды аспапты ансамблінің сүйемелдеуімен, жанды дауыста орындалды. Әншінің әпкесі Дәмелі Сейсенқызы мен қызы Рысжан Еркінқызы да сағынышты әндерін арнады.

– Досымызды еске алып, осындай концерт өткізу көптен бері ойда жүрген жұмыс еді. Осы бастамамызды қолдап, кештің басы-қасында жүрген Манарбек Дәулетов ағамыз бастаған алдыңғы буын ағалар мен Еркіннің ізін қуған ауданның бетке ұстар жас өнерпаздарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ, - деген ауыл өнерпазы Сәдуақас Мұхаммеджанов ауыл әкімі мен ауылдық мәдениет үйінің басшылығына да ризашылығын білдіріп, әулетіне естелікке әншінің портретін табыстады. Шара соңында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мүтиғолла Насиханов пен Жанбай ауылдық округінің әкімі Дидар Есмұханов ұйымдастырушылар мен мәдениет үйінің залын лық толтырған ауыл тұрғындарына жылы лебіздерін жеткізді.

Серікбол Панабердиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521