Жәниба Қарасаева: "Қазақтың қызы қазаққа ана болса екен..."

Қазақстан Жазушылар Одағының және Журналистер Одағының мүшесі, Махамбет ауданының Құрметті азаматы, ақын Жәниба Қарасаеваның есімі жырсүйер ағайынға кеңінен таныс.

Айтыс қайта түлеген жылдарда суырыпсалма өнердің қас шебері ретінде Атыраудың атын алысқа шығарған айтыскердің үлкен сахналарда көрсеткен өнері әлі күнге елдің есінде, көптің көз алдында. «Атырау айтысының қарлығашы» атанып кеткен апайдың айтыскерлік өнері бір қыры ғана. Жыр жинақтары мен басқа да шығармалардан тұратын бірнеше кітаптың иесі жазушылығымен, қоғамдағы өзекті мәселелерді дер кезінде, дөп басып, сын садағына іле алатын қаламгер ретінде де белгілі.

Қазақ баспасөзі беттерінде ұлт тәрбиесі жайлы бір кездері ой қозғап, қоғамдық пікір туғызған қаламгердің «Сәулең болса кеудеңде» атты қыздар тәрбиесі жайлы және «Шаңырағыңа ие бол, қазақтың жігіттері» атты ұл балалар турасында жазылған тағылымды мақалалары оқырмандарына ой саларлық олжа болған еді. Қысқасы, айтыскерлік пен қаламгерлікті қатар серік қылған Атыраудың Жәнибасы жөнінде айта берсе, әңгіме көп. Тұщықұдық ауылында өткен кездесу кешінде өнер иесінің көрермендерімен қауышуы, шығармашылығы жайында сыр шертуі саф өнерді сағынғандар үшін тамаша тарту болды.

Кешті аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Саябек Шагиров жүргізді. Алдымен экран арқылы ақынның қысқаша өмірбаяны мен шығармашылығы жайында көрсетілім ұсынылып, одан әрі кеш сұрақ-жауап түрінде өрбіді.

«Бұл – менің де ауданым»

- Жәниба апай, сіз: «Мен - Махамбет ауданында тұратыным болмаса, Исатай ауданына да ортақ адаммын. Өйткені, Бақсай селолық кеңесі кешегі Новобогат ауданының әкімшілік-аумақтық құрылымына қараған кезде айтыскер ақын ретінде осы ауданның намысын талай жыр додасында қорғағам» деп бөлек айтып жүресіз. Ауданның 90 жылдығы қарсаңында сізбен кездесудің бір жағы осы байланысқа да саяды. Олай болса, батыр еліне деген жүрек лебізіңіздің сырын білсек, - деп бастады сауалын кеш жүргізушісі.

- Исатай ауданы мен үшін ыстық. Өйткені, кезінде осы аудан мені тауып алмағанда, кім білген, ақын болар ма едім? Ақындардың, оның ішінде, айтыскерлердің тапшы кезінде менің азын-аулақ талантымды көріп жүрген қапталдастарым мен ақылшы ағаларым осы өнерге алып келді. Ең алғаш 1977 жылы Едіге талында айтыс өтіп, сонда сахнаға шыққан едім. Мені бірінші рет айтысқа қосқан - Жұмажан Қадимов, Қуандық Батыров деген азаматтар, - дейді апамыз. Өзінің айтуынша, ол кезде көп ақынға қойылған, алдымен айтыста айтар сөзді елеп-екшеп, сүзгіден өткізіп, қағаз бетіне түсіріп барып сахнаға шығу талабы өлеңді жазып алып айтысуды ұнатпайтын Жәниба апайға да қойылыпты.

- Алдын ала дайындап апарған шумақтарымды әр жерден жұлым-жұлым қылып қысқартып, «ыңғайлап» беретін. Оған іштей келіспесем де, онымды байқатпаушы едім. Өйткені, сахнаға шыққан соң, тізгін өзімде емес пе?, -дейді апай өткенді ойға алып.

Осылайша, осы топырақтан өнерге қанаттанған ақын республикалық деңгейдегі айтыстардан да алдына қара салмады. Қайда жүрсе де қанатын алғаш қомдаған ұясын есінен шығармаған ол: «Сіздердің жақсыларыңызды жаттап, жоқтарыңызды жоқтап өскеннен шығар, мен де осы ауданның бір мүшесіндеймін» деп түйіндеді ойын.

Қазақтың қазыналы қарашаңырағы – ауылды жырының негізгі тақырыптарының біріне айналдырған ақынның туған жерге деген ыстық ықыласы да айтылды. – Мені ауылдан алыстамауыма мәжбүр еткен ата-анамды көрген адамдардың өзімді екі күннің бірінде «Е, айналайын, пәленшенің қызысың ба?» деген жылы сөздері еді. Бойымда өнерім бар, бел буып, осы жолдағы шет-қиыры жоқ ұзақ сапарға аттануыма ешкім кедергі де болмады. Бірақ, анамыз берген тәрбие бізді алысқа ұзатпады. Өйткені, біз ананың сөзінен аттамаған едік. Рас, біз де жас болдық. Жүрегіміз толқып ғашық та бола алдық. Алайда, жолымыздан тайдырмай, қай соқпақтан да жетелеп алып шыққан анадан алған тәлім-тәрбиеміз, содан тараған жылылық еді, - деген Жәниба апай қыз бала тәрбиесін де әңгімесіне арқау қылды.

Ұрпақ ұлтын ұмытпауы тиіс

- Газеттен «Атырау облысының 19 қызы шетелге тұрмысқа шығып кетіпті» дегенді естіген кезде жүріп келе жатқан жерімнен тоқтап, сол жерге отыра кетіп, әлгі мақаланы соңына дейін оқып шыққанмын. Әрине, олардың ата-аналары жаман адамдар болмауы мүмкін. Қыздарын асырап-сақтап, ақыл-кеңесін айтып, аялап өсірген шығар. Қыздар тұрмыс құрған шетел азаматтары жаман адамдар болмас. Бірақ, қазақтығымызды қайда қоямыз? Қазақ деген елді қайтеміз? Олар өз ұлтының, өз елінің санын көбейтетін аналар емес пе еді? Осы сауалдар көкірегімде тұрып алды. «Осы біздің тәрбиемізде кетіп жатқан кемшіліктер көп-ау» деген сұрақ ойыма орала берді. Сөйтіп, қолыма қалам алдым.

Мақала жарық көргеннен кейін авторға еліміздің әр өңірінен аналар тарапынан хаттар келе бастады. Ақынды қолдаған оқырмандар хат арқылы қазақ әйелінің абыройы жайлы ойларымен бөлісіпті. Мәселен, ауылдан қалаға оқуға барған өрімдей қыз балалардың теріс ниеттілердің құрығына түсіп, қиыс басып жататындығы, оларды ерте солдырмай, тәлімді, ары мен ұятын қорғай алатындай қылып тәрбиелеу үшін ақылшы аналардың, көпті көрген, аузы дуалы қариялардың ақыл-кеңесі керек екендігі айтылыпты. – Өкініштісі, өзіміздің Атырау өңірінен ешкім хат жолдаған жоқ. Бұл бір жағынан атыраулықтардың қыз бала тәрбиесіне мығымдықтарын білдірсе керек, - деді көңіліндегі назын да жасырмаған қаламгер.

– «Біз көрген тәрбие былай еді, осы жолмен жүр» деуге болмайды қазіргі жастарға. Бірақ, жоғалтуға болмайтын бір тін бар. Ол - кеудеңнің түбінде жататұғын «мен - қазақтың қызымын, мен – қазақтың анасымын, мен өмірге қазақ әкелуім керек, мен –қазақтың қожасымын» дейтұғын сезім. Бұл әр қызымыздың жүрегінде болуы тиіс деп ойлаймын. Біреу мақаламызды оқыр, біреу оқымас, біреу ақылымызды алар, біреу алмас. Бұның бәрін жанымыз ұлтты ойлап егілгеннен айтамыз, - дейді ақын.

«Есеп – 1:0»

Көрермендер арасынан аққыстаулық Қаділжан Сағынаев бір кездегі ақын апамыздың белгілі жазушы Мұхтар Мағауинмен «Жас Алаш» газетінің бетіндегі пікірталасын айта келе, қос қаламгердің қазіргі қарым-қатынастары жайында сұрады. – Қазақтағы қасиетті көп Мұхтарлардың бірі ғой ол. Мен ол кісіні қатты сыйлаймын. Мұхаңа әдейілеп уәж айту немесе кінә тағу ойымда да болған емес. Бар әңгіме мынадан туындады. Бір мақаласында ол ұлттың ұйытқысы әйел екендігін айта келіп, шамасы Алла тілінен жаңылдырса керек, мынадай сөз айтты: «Еркегін сыйламайтын әйел болса, ол – тек қана қазақтың әйелі». Мақаладағы бұл сөйлем менің намысыма тиді. «Басқа елдің әйелдері ерлерін сыйлайды екен де, біз, яғни, қазақ әйелдері, ерлерімізді сыйламайды екенбіз. Шынында да солай ма?» деген ой қолыма қалам ұстатты. Содан соң әлгі мақалаға жауап жаздым. Бұл көптеген жерлерде талқыланды. Кейіннен оған жауап та келмеді. Ал сол кездегі мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед бар ерлердің атынан кешірім сұрап: «Сізге Мұхтар ағамыз жауап қайтарды ма?» деген болатын. Мен «жоқ» дедім. «Онда есеп – 1:0, оның қақпасының ішінде сіздің добыңыз әлі жатқан болды ғой» деді күліп, -дейді апай өзі де езу тартып.

Шара барысында жас оқырмандар ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыса, жанбайлық ақын Адайбек Есекеш пен ауданның Құрметті азаматы Жұмажан Қадимов ақынға жылы лебіздерімен қатар арнау жырларын тарту етті. Өз кезегінде сөз алған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мүтиғолла Насиханов та ақын апамызға игі тілегін арнап, иығына қазақы камзол жауып, аудан әкімінің Құттықтау хатын табыстады. Кеш соңында сахнаға көтерілген ауыл әкімі Мәди Өтеғалиев ақынға, сондай-ақ, әсерлі кештің куәсі болған жұртшылыққа жүрекжарды жылы лебізін білдірді. Жәниба апайға қонақжайлық құрмет танытып, камзол жапты, Алғыс хат ұсынды.

Одан әрі Махамбет ауданына қарасты Бақсай ауылдық округі мен Тұщықұдық ауылдық округі арасында мәдени-іскерлік байланыс орнату жөніндегі меморандумға қос округ әкімі қол қойды.

- Мәдениет дамыған қазіргі уақытта өнердің өркендеуімен қатар, қалыс қалып жатқан жерлері де бар екендігін жасыра алмаймыз. Әннен мән, саздан сән кеткен, «шөп те өлең, шөңге де өлең» болған тұста осындай шараларды көптеп өткізу керек деп есептеймін, - дейді кешті ұйымдастырушы ауыл әкімі Мәди Өтеғалиев кездесуден кейін бізбен болған әңгімесінде. – Халықты өңкей әнмен титықтата бермей, поэзиямен сусындатып тұрған да дұрыс қой. Сол бағытта ұйымдастырылған шара өз деңгейінде өтті. Екі ауылдың өзара мәдени-іскерлік байланыс орнатуы да бүгінгі кешіміздің негізгі мақсаттарының бірі. Бұндай мәдени шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, - дейді ауыл әкімі.

Кешкісін екі ауыл өнерпаздары тұщықұдықтықтарға концерт ұсынды. Бір топ бақсайлық өнерпаздардың арасында болған Жәниба ақынның жас шәкірттері де жырдан шашу шашты.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521