Жәрмеңкенің жайы қалай?

Өткен жұма күні аудан орталығында азық-түлік жәрмеңкесі өткен болатын.

Жәрмеңке деген аты болмаса, тамақ бағасы қымбат екені жасырын емес. Қадағалап, қарап жүрген жергілікті атқарушы мекеме не бөлім мамандары да көзімізге түспеді. Халық көп, көлік одан көп. Бірі қой сатса, бірі киім-кешектерін, тағы біреулері жинаған сүт пен майын, дені азық-түлік сатып әуре.
Жеміс-жидектердің бағаларына тоқталсақ, пияз - 70, картоп - 90-100, қырыққабат – 180, қытай қырыққабаты - 500, сәбіз - 200, тәтті бұрыш пен баялды - 600, қызанақ - 300, жергілікті қияр - 100, алма - 500, алмұрт - 600, киви - 1000 теңгемен саудалануда.
Ал, жергілікті сүт өнімдеріне келсек, сиыр сүтінің 1 литрі - 200, айран - 250, қаймақ – 2500, ал құрттың бір түйірі 50 теңге шамасында. Шұбаттың литрі – 800 теңге де, Ауқайраңнан келген қымыздың бағасы - 1000 теңге.
Орал қаласынан келген сүт өнімдерінің ішінде қаймақтың бағасы - 1800, сүзбенің 1 келісі - 500, ірімшіктің келісі 2500 теңгеден.
Жесең тісіңе, жемесең, түсіңе кіретін жергілікті кәсіпкер базарға шығарған сиыр етінің келісі - 1600, қазы - 2500, қарта - 1000, сиырдың бауырын 700 теңгеден сатылуда. Өтімі де жақсы, келісі 600 теңгеден сазан балығы да бар. Аз болғандықтан, тез өтіп кетті.
Өз кезегімізде біз жәрмеңкеге келген аудан тұрғындарының ұдайы ұйымдастырылып жүрген жәрмеңкеге деген аз-кем пікірлерін де білген едік.

Әбу Сапаев, Аққыстау ауылының тұрғыны:
- Зейнеткермін. Әр жұма сайын осы жәрмеңкеге келіп, үйге керек-жарақ азық-түліктер аламын. Бағасы қолжетімді, халықтың қарасы көп. Мұндағы бағалар да көңілден шығады. Баға арзан болмаса, мына аудан тұрғындары әр ауылдан сабылып келмес еді. Мысалы, қияр мен картоптың бағасы 100 теңгеден сатылып жатыр, жергілікті дүкендермен салыстырғанда, әлдеқайда арзан.

Надежда Хасанова, Тұщықұдық ауылының тұрғыны:
- Жәрмеңкеге балық пен айран алу үшін келдім. Басқа тамақтар бағасының дүкеннен айырмашылығы шамалы. Дастарқанға қоятын кәмпит, печенье, тәтті өрік, шербет, халуа, кішміш сияқты тәттілердің беті ашық, шаң басып жатыр. Халық керегін алады дегенмен, тазалық та керек-ау.

Анаргүл Құсайынова

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521