Исатай аудандық мансап орталығы филиалының мәліметінше аудан бойынша жалпы 700 жұмыссыз адам тіркелген. Соның ішінде 47 берешегі бар борышкерлердің тізім түсіп, оның ішінде 24-і жұмыссыз. Ал жұмыссыздықпен күресу мақсатында жыл басынан бері 4 жәрмеңке өткізілді. Бұған дейінгі өткен бос жұмыс орындар жәрмеңкесін кәдесіне жаратқан 52 тұрғын қызметке орналасып та үлгерген. Сондықтан бұндай жобалардың халық үшін көмегі көп.
Осы орайда аудан прокуратурасының бастамасымен аудандық мансап орталығы филиалымен бірлесе отырып, аудан бойынша берешегі бар борышкерлер мен пробация есебінде тұрған жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру мақсатында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Мақсат-тұрғындарды жұмыспен қамту.
Жәрмеңкеге жеке сот орындаушылар Динара Амандықова, Гүлнұр Мукатанова мен Құрманғазы ауданаралық сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімінің басшысы-аға сот орындаушысы Жанар Нажиева берешегі бар борышкерлерді қатынастырып, жұмыс туралы түсінік берді. Жәрмеңкеде жұмыс беруші 7 мекемеден 31 бос жұмыс орындары ұсынылды.
- Иә, жәрмеңкенің жұмыссыз тұрғындар үшін маңызы зор. Әсіресе берешегі бар борышкерлер мен пробация есебінде тұрған жұмыссыз азаматтар үшін аса маңызды. Жәрмеңкеде әртүрлі саладан жұмыс орындары ұсынылды. Оған қоса мамандар азаматтардың осы бағыттағы сұрақтарына заң шеңберінде жауап берді. Бұл жәрмеңке бір ғана адамның немесе отбасының жағдайын жақсартумен шектелмейді, бүтін еліміздің әлеуметтік деңгейін жоғарылатып, экономикасын жақсартуға серпін берері анық,-деді аудандық мансап орталығы филиалы директорының міндетін атқарушы Бақытгүл Сапарғожиева.
Сонымен қатар жұмыссыз борышкерлерге жұмыспен қамту шаралары және «enbek.kz» сайты арқылы облыс көлемінде түскен бос жұмыс орындарын қарап, өздерінің түйіндемелерін жіберіп, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері бар екендігі жөнінде түсінік берілді.
Жайна МӘЛІМҚОЖА