Биыл кезектен тыс өтетін Президент сайлауына кандидаттардың көптігі қуантады. Бұл – жаңа адамдар, жаңа бағдарламалар. Оларды ұсынып отырған қоғамдық ұйымдар, партиялар осы маңызды кезеңді жақсы өткереді деп ойлаймын. Жалпы, көппартиялық жүйе мен түрлі кандидаттардың болуы қуантарлық жайт.
Осы бағытта Орталық сайлау комиссиясы жақсы жұмыс жасап жатқаны көрініп тұр. Отандық БАҚ беттері және әлеуметтік желідегі жаңалықтардан кейбір кандидаттардың тіркеуден өтпегеніне куә болдық. Бұл – халықаралық тәжірибеде бар қалыпты дүние. Олардың арасында әйел үміткерлер де бар. Басқа елдерге қарасақ, әйел адамның қорғаныс министрі, премьер-министр тіпті, президент те бола алатын мысал жетерлік. Мұнда барлығы елге, халыққа деген махаббатына байланысты. Сонымен бірге, ол адамның айналасындағы команда мен саяси сауаты маңызды. Адам білімді болса, халқына қажеттіні жасай алса, оның әйел не ер адам болуы маңызды емес. Жалпы, сайлау додасы оңай болмайтын сияқты. Қазіргі Президентіміз өз кандидатурасын ұсынды екен деп, «барлығы шешілген» деуге келмейді. Әр кандидаттың ұсынған бағдарламасын халық бағамдайды. Жауапты кезеңге де дайындық бүгіннен пысықталуы тиіс деп ойлаймын.
Исабай Рысқалиев,
Орлы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы
сурет ашық дереккөз