Жаңару мен жаңғыру - кемел болашақтың кепілі

Жақында Ақмола облысы, «Зерен» сауықтыру орталығы базасында «Зерен» республикалық жастар білім беру лагерінің екінші ауысымы өз жұмысын сәтті аяқтады.

Шараға республикалық жастар ұйымдарының көшбасшылары, жастар ресурстық орталықтарының мамандары, кәсіпкерлер мен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары қатысты. Жаңғыру трендтері. Республикалық жазғы жастар білім лагерінің басты тақырыбы осындай. Яғни, бүгінгі таңдағы жаңғырудың негізгі өзегі неде болмақ? Бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізіп, оны қалай сақтап қалуға болады? Жастардың бойында қандай қасиеттерді қалыптастыру керек? Болашақ ұрпаққа аманат ететін құндылықтар қандай болмақ? Белсенді жастар білім лагерінде осы тақырыптарды талқылады. Жастар алдында сөз сөйлеген белгілі саясаткер Айдос Сарым мен «Қазақпарат» ХАА бас директоры Асқар Омаров ел мен жер, тіл тәрізді құндылықтар туралы ой толғап, өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Шараға арнайы келген Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева мемлекет пен қоғам алдында тұрған асқаралы міндеттерді саралай келе, сол міндеттерді шешуге жастардың да білек сыбана атсалысу қажеттігіне тоқталды. Соның ішінде, әсіресе, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын кеңінен түсіндіріп берді.

«Рухани жаңғыру» елімізде ең үлкен талқыға түскен бағдарлама. Жүзеге асыру қолға алынғаннан бері бағдарлама туралы көптеген ой-пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Осы аралықта республикалық, облыстық деңгейдегі сарапшылық кеңестер бағдарламаның жүзеге асырылуына, жаңа жобаларды жасақтап, ұсынуға өздерінің үлестерін қосты. Қазіргі кезде бұл кеңестерге өзінің құқықтық статусын беру керек болып тұр. Біз оны әкімдік жанындағы консультативтік кеңес ретінде қайта құрылады деп ойламыз, сөйтіп, бұл өзі жүйелі бір үлкен институт арқылы дамып, жүзеге асырыла береді. Елбасы мақалада ұлттың табысты болуы бәсекеге қабілеттігімен айқындалатын атап өткен еді. Сол себепті бүгінен бастап білімді, қабілетті, ұлттық рухы биік, парасатты жастар тәрбиелеуіміз керек. Өйткені, Қазақстанның болашағы білімді және тәрбиелі жастардың қолында. Бүгінгі күні елімізде жастардың өнегелі ұрпақ боп өсуіне барлық жағдай жасалынып отыр» деді.

Сонымен қатар, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына еліміздің әр азаматы қатысса ғана, оның нәтижесі тиімді болатынын айта келе, бұл бағыттағы жұмыстарды одан да тиімді жалғастырыла берілетінін атап өтті. Бес күнге созылған шара аясында «Рухани жаңғыру» тақырыбына арналған семинарлар көптеп ұйымдастырылды. Онда елімізге белгілі саясаткер Саясат Нұрбек, «Егемен Қазақстан» АҚ басқарама төрағасы Дархан Қыдырәлі, Қолданбалы зерттеу орталығының директоры Рақым Ошақбаев, «Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғали сынды азаматтар жаңғырудың бүгінгі трендтеріне, атқарылуы тиіс жұмыстарға кеңінен тоқталып, жастарға бағыттар берді. Ал, жоба жеңімпаздары осы бағдарлама арқылы қорғаған тақырыптары мен жетістікке жеткен жобалары жайында әңгімеледі. Солардың бірі білім лагеріне келген жастардың бірі - Қуаныш Жұмабеков. Ол «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы. Қуаныш 10 жылдың көлемінде қазақтың ауыз әдебиетін, ертегілерін ағылшын тіліне аударып келеді. Төрт тілді еркін меңгерген. Оның айтуынша: Қазақтың ертегілерінде әлемдік трендке айналатын тұлғалар көп. Тек оны насихаттау жағы ақсап тұр. Сондықтан, қазақ ертегілерін шет тілдеріне аударып, әдебиетімізді әлемге таныту керек. Бұл – рухани жаңғырудың бір парасы, - дейді. Айта кетсек, бүгінде елімізде киелі жерлердің географиясына 700-ден астам нысан енгізілсе, оның 10-ы Ақмола облысынан. Сонымен қатар, 18 кітап қазақ тіліне аударылып, университеттерге берілген. Шараның салтанатты жабылу рәсімінде жастар тақырып аясында топ болып жобаларын қорғап, ұйымдастыру алқасы қатысушыларға сертификаттар ұсынды.

Әйгерім Құбаева

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521