Жаңа дәуірде – жаңа мәдени серпін

 

Мемлекет басшысының Жолдауында мәдениет пен өнерге айрықша тоқталуы біз үшін үлкен қуаныш әрі зор жауапкершілік. Жаһандық өзгерістер дәуірінде, жасанды интеллект өркендеп жатқан заманда рухани құндылықтарымыздың дамуына ерекше көңіл бөлінуі – ұлттың болашағына салынған берік негіз деп білемін.

Өнер – халықтың жүрегін тербететін, ұрпақтың санасын тәрбиелейтін құдірет. Ал мәдениет – ұлттың болмысын айқындайтын, тарихымен сабақтасатын алтын арқау. Бүгінде қазақстандық өнер иелері ұлттық салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді шетелге паш етіп, елдің абыройын асқақтатып жүр. Бұл – құрметке де, қолдауға да лайық еңбек. Президентіміз атап өткендей, мәдениет қайраткерлері жаңа заманның талабына бейімделе отырып жұмыс істесе, халқымыздың рухани әлеуеті одан әрі арта түсері сөзсіз.

Біздің басты мақсатымыз – мәдениет үйлерін шын мәнінде халықтың рухани орталығына айналдыру. Ол үшін заманауи инфрақұрылымды жаңарту, жаңа технологияларды енгізу, жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін ашуға жағдай жасау аса маңызды. Жаңа дәуірде мәдениет үйінің сахнасы тек өнерді дәріптейтін орын ғана емес, сонымен бірге жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды тиімді пайдалана отырып, шығармашылықты жаңа деңгейге көтеретін алаң болуы тиіс.

Мәдениет саласына көрсетілер қолдау – ұлттың рухын көтеретін, елдің бірлігін бекемдейтін, болашағымызды жарқын ететін үлкен қадам. Біз, мәдениет қызметкерлері, осы сенімге лайық еңбек етіп, елдің рухани қазынасын байыту жолында аянбай тер төгуге дайынбыз.


Мақсот ИСЛАТ,
Н.Үлкенбайұлы мәдениет үйінің директоры
Тұщықұдық ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT