Нариман Үлкенбайұлы атындағы ауылдық мәдениет үйі жанындағы Аққыстау халық театрының «Табалдырық» спектаклі өткен аптада Жанбай ауылдық мәдениет үйінің сахнасында қойылды.
Жазушы Тынымбай Нұрмағанбетовтің бұл драмасында бір отбасындағы ата-ана мен бала-келіндерінің қарама-қайшы өмірлері суреттеледі. Ауылдан тәлім алып үлкен шаһарға білім іздеп барып, оқып-тоқып, қызметке орналасып, қалада тәрбиеленген қызбен отау құрып, ауылдағы ата-анасын, бауырларын, ауылдың тәрбиесін, халықтың салт-дәстүрін ұмытқан жастар өмірлерінің соңы орны толмас өкінішке айналатынын нақты дәлелдейді. Тек қара бастарының қамын, баю мен қызмет-мансапты ойлаған жас отбасындағы бақыттың баянсыздығын, қызықтың уақытшалығын ашып көрсетеді.

Ауыл мен қаланың ара қашықтығы ғана емес, салт пен дәстүрінде, тәлім мен тәрбиесінде, күнделікті тұрмыс-тіршілігінде тіпті сәлемдесу, үлкенді сыйлау сияқты қарапайым қағидаттардың сақталмайтыны, кемшін түсіп жататыны байқағанға анық көрініп тұр. Өкінішке орай өздері өсіп-өніп алғасын артына қайырылмай «өзім білем», «өз ақылым өзіме жетеді» деп немесе білім алып, мансапқа қолы жеткесін өзгені көзге ілмейтіндердің көбейіп кеткені дәлелдеуді қажет етпейтін шындық.
Ауылдан барып жоғары білім алып, жоғары оқу орнын басқарған азаматтың өз ата-анасына хабарласып тұруға, отбасына басшылық жасауға, ұрпағын дұрыс тәрбиелеуге, тіпті анасының жаназасына қатысып, топырақ салуға санасы жетпесе кімнен үміт күтіп, кімге сенім артамыз? Бұл, әрине, жазушының шеберлігі, көрегендігі, заман ағымын таразылаған тереңдігі екені даусыз, алайда жан-жағымызға көз тоқтатып қарайтын болсақ, менмұндалап тұрған сол шындыққа тап келеріміз анық.

Өмір шындығымен шынайы қабысқан шығармада тәрбиесіз берілген білімнің пайдасыздығы көрініп-ақ тұр. Аз ғана уақытта бір жағы жанды ауыртатын, бір жағы ғибрат беретін осыншама көріністі көз алдыңнан өткізген жазушыға да, оны жандандырып, көрерменге шеберлікпен ұсынған Аққыстау халық театрының әртістері Жалғабай Мақсотұлына, Алтынай Әділбекқызына, Мақсот Мәлімқожаұлына, Айназ Сашкақызына, Ғалым Тұқпатұлына, Берікбол Талғатұлына, Ахмедияр Әскербекұлына, қоюшы режиссері Фаруза Рахметоваға және басқаларына көрермендер атынан зор ризашылығымызды білдіреміз. Мәдениет үйі залына лықа толған үлкен-кішіге айтары ұғымды, тағылымы татымды осындай дүниелер жиі-жиі сахналана бергей деп тілек етеміз.
Адайбек ЕСЕКЕШ,
ҚР Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі,
Исатай ауданының Құрметті азаматы


