Жаңа міндеттер – сапалы медицинаға бастар жол

 

2025 жылдың 8 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын жариялаған болатын. Бұл құжатта денсаулық сақтау саласына ерекше мән беріліп, халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жаңа міндеттер айқындалды. Президент атап өткендей, елді мекендерде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу, кадрларды даярлау және қызмет сапасын көтеру – еліміздің медициналық жүйесін жаңа деңгейге көтеретін басты басымдықтардың бірі.

Осы орайда аудандық аурухана ұжымы Мемлекет басшысының бастамаларын қолдап қана қоймай, оны нақты іспен жүзеге асыруға белсене кірісті. Соның айқын дәлелі – Жасқайрат елді мекеніндегі жаңа медициналық пункттің құрылысы. Жақын күндері пайдалануға берілетін бұл нысан ауыл тұрғындары үшін сапалы медициналық көмекті қолжетімді етіп, шалғайдағы ағайынның денсаулығына деген қамқорлықтың нақты көрінісіне айналмақ.

Аурухананың өзінде де үлкен өзгерістер жасалуда. Инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары аясында заманауи цифрлық флюорограф, маммограф және ультрадыбыстық зерттеу аппараттары алынып, іске қосылды. Мұның бәрі диагностика сапасын арттырып, ауруларды ерте анықтауға және дер кезінде ем тағайындауға мүмкіндік беріп отыр.

Денсаулық сақтау саласы кадрсыз алға баспайтыны белгілі. Соңғы екі жылда ауданымызға 10 жас маман келіп, бүгінгі таңда белсенді еңбек етуде. Жас дәрігерлер мен орта буын қызметкерлері халық сенімін ақтап, тәжірибелі мамандармен иық тірестіре жұмыс істеуде. Бұған қоса, медициналық ұжым жыл сайын біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, өз білімін жетілдіріп келеді. Бұл – кәсібиліктің кепілі.

Тағы бір маңызды қадам – дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сатып алуда отандық өнімдерге басымдық берілуі. Сертификатталған, қауіпсіздігі дәлелденген отандық дәрілер тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Ал жасанды интеллектті денсаулық сақтау саласына енгізу – уақыт талабы. Қызметтің сапасы мен төлемін бақылау, әділеттілікті қамтамасыз ету, ең бастысы, халықтың сенімін арттыру осы жүйенің тиімділігін айқындайды. Былтырғы шілдеден бастап енгізілген ECOMPI бағдарламасы бүгінде біздің аудандық ауруханада да белсенді түрде жүзеге асырылып, медициналық процестердің ашықтығын қамтамасыз етуде.

Біз, аудандық аурухана ұжымы, Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін жүзеге асыруды қасиетті борышымыз деп білеміз. Тұрғындарға сапалы, қолжетімді әрі қауіпсіз медициналық қызмет көрсету – біздің басты мақсатымыз. Өйткені халық денсаулығы – елдің басты байлығы.

 


Нұргүл Измайлқызы
аудандық аурухана басшысының міндетін атқарушы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT