Әр отбасының іргетасы – бір күнде қаланбайды. Үйлену – жай ғана той жасап, шаңырақ көтеру емес, ол – саналы қадам, өмірлік серіктестікке бастайтын үлкен жауапкершілік. Бүгінгі қоғамда отбасын құруға жеңіл қарайтын жастардың көбейгені жасырын емес: некеге тұрғандардың ажырасып кетуі, ата-аналық міндетке дайын болмауы, сыйластықтың салмағын сезінбеуі – күрделі мәселеге айналды. Осындай жағдайда жас жұбайлардың санасын оятып, болашақ отбасын дұрыс құндылықтарға негіздеудің маңызы арта түсуде
Міне, дәл осы ойды жүзеге асыру мақсатында аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Жанұзақовтың шешімімен және аудандық Отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен «Жаңа өмірге саналы қадам» атты семинар-тренинг ұйымдастырылды. Іс-шараға некеге тұруды жоспарлап жүрген жастармен бірге аудан жастары қатысып, отбасы құндылығы, заңдық жауапкершілік және сыйластықтың маңызы жан-жақты талқыланды.
Семинар барысында аудандық отбасын қолдау орталығының директоры Гүлнара Хайрденова жастарға жүрекжарды ойларын жеткізді. Оның айтуынша, отбасы – әрбір адам үшін ең қастерлі ұғым, ал сыйластық пен түсіністік – мызғымас шаңырақтың тірегі.
- Отбасы – киелі шаңырақ. Жастардың саналы түрде қадам жасауы – бақытты ғұмырдың кепілі. Ерлі-зайыптылар бір-бірін құрметтесе ғана береке қонады. Тәжірибеде біз көптеген жанұяның болмашы ұсақ-түйекке бола ажырасып кеткенін көреміз. Шын мәнінде, шыдамдылық танытып, ашық сөйлескенде мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алуға болады. Отбасында сабыр мен сенім сақталса, ешқандай дау-дамайға орын қалмайды,-деп атап өтті ол.
Жастар түрлі сұрақтар қойып, өздерін толғандырған мәселелерге жауап алды. «Ажырасулардың себебі неде?» деген сауалға мамандар сыйластықтың азаюы, тұрмыстық қиындықтарды бірге еңсермеу, бір-бірін тыңдамау басты себептердің қатарында екенін айтты. «Ал оны қалай болдырмауға болады?» дегенде, мамандар отбасылық кеңес құру, сенім мен сабырды сақтау, шаңыраққа бөгденің араласуына жол бермеу, қажет болған жағдайда психологтың көмегіне жүгіну – ең тиімді жолдар екенін түсіндірді. Ал «зорлық-зомбылық жағдайында не істеу керек?» деген сұраққа Гүлнара Хайрденова зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік қағидасын ұстану қажеттігін ерекше айтты. «Әйелге де, ер адамға да, балаға да ешқандай күш көрсетуге жол берілмеуі тиіс. Бұл – заңмен қатаң қудаланады. Ең бастысы – мұндай жағдайда үнсіз қалмай, көмекке жүгіну»,-деді ол.
Семинарға орталықтың заңгер маманы Гаухар Адрахманова жастарға Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 2-бабын түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, әке мен ана, ерлі-зайыптылар мемлекет қорғауында болып, олардың құқығына ешкім қол сұға алмайды. Әсіресе ортадағы бала мемлекеттің ерекше қамқорлығында. Бұл – отбасы институтының қоғамдағы орнының беріктігін көрсететін маңызды құқықтық негіз.
Жалпы семинар-тренинг аудан жастарына үлкен ой салды. Мамандар отбасын жоспарлау, бала тәрбиесі, ерлі-зайыптылар арасындағы түсіністі нығайту жолдары жөнінде тәжірибеден алынған мысалдар келтіріп, басқосу некеге тұруды жоспарлағандармен бірге болашақта шаңырақ көтеретін жастарға да бағыт беріп, отбасылық өмірге дұрыс көзқараспен қарауға үйретті. Бұл шара әрбір жасқа ой салып, болашақ шаңырақтың берекесін сақтауға ықпал етті. Жастар да өз тарапынан белсенділік танытып, пікірлерімен бөлісіп, болашақ өмірге жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік алды.
Осылайша, «Жаңа өмірге саналы қадам» атты басқосу отбасын құруды жоспарлаушы жастарға тың серпін беріп, әрбір шаңырақтың тұрақтылығы мен берекесін сақтауға ықпал етті. Отбасы күні – шаңырақтың қадір-қасиетін дәріптеп, қоғамдағы ынтымақ пен бірліктің бастауы екенін айшықтайтын мереке. Әр үйде шаттық пен жылылық, мейірім мен сыйластық мәңгі орнасын!
Камилла КАКИМҚЫЗЫ