Жаңа оқу жылына дайынбыз ба?

 

Мектептердің есігі айқара ашылар сәтке санаулы күн қалды. Сынып бөлмелерінде парта мен тақталар қойылып, кітап сөрелері жаңа оқулықтарға толуда. Балалар мен ата-аналар үлкен үмітпен күткен сәт жақындап келеді. Ал осы үлкен дайындықтың артында қаншама еңбектің жатқанын біреу білсе, біреу білмес. Біз аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиевамен сұхбаттасып, жаңа оқу жылына дайындық барысы, ондағы жаңалықтар мен алдағы жос-парлар жайында әңгімелестік.


– Сәлеметсіз бе, Гүлайна Махмудақызы! Жаңа оқу жылына дайындық қалай жүріп жатыр? Қандай жұмыстар аяқталды?

– Қайырлы күн! Жаңа оқу жылына дайындық – біздің ауданда жыл сайынғы маңызды әрі жауапты шаралардың бірі. Биылғы маусым да өте қарқынды өтті. Қазіргі таңда ауданымызда барлығы 16 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 10 орта мектеп, бір негізгі мектеп, төрт бастауыш мектеп бар. Сонымен қатар білім беру жүйесінің сан түрлі қажеттіліктерін ескере отырып, бір мектеп-гимназиямыз, 12 бөбекжай-бақша, үш саз мектебі, бір оқушылар үйі, сондай-ақ «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубы мен №4 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті үздік қызмет көрсетуде.Білім беру мекемелерінің 14-і типтік үлгіде салынған болса, Томан және Жасқайрат ауылдарындағы бастауыш мектептеріміз бейімделген ғимаратта орналасқан. Биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмегенімен, барлық білім беру ұйымдарында ағымдағы жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталуға жақын. Бұл мектептердің инфрақұрылымын, оқушылар мен мұғалімдердің жайлылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам.Сонымен қатар жаңа оқу жылына дайындық аясында күзгі-қысқы маусымға қажетті барлық қауіпсіздік және техникалық паспорттар жасақталуда. Әрбір мектепте оқу процесінің үздіксіз әрі сапалы жүруіне жағдай жасау үшін дайындық актілері толығымен рәсімделді. Осылайша, барлығы өз деңгейінде ұйымдастырылып, балалар мен ұстаздарға жайлы әрі қауіпсіз оқу ордасы қалыптасуда. Жалпы, биылғы оқу жылына дайындық сапалы, жүйелі түрде жүзеге асырылып, білім беру саласының барлық қызметкерлері мен аудан басшылығы бірлесе жұмыс істеді. Бұл оқу жылының жемісті өтуіне сенім мол.

 

– Ал, материалдық-техникалық база бойынша қандай жаңалықтар бар?

–    Биыл ауданымыздың білім саласына маңызды қаржылық қолдау көрсетілді. Мәселен, мектеп-гимназияны толықтай модернизациялау жұмыстарына 105 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражат негізінен оқу процесін жақсарту мен заманауи талаптарға сай жабдықтау бағытында жұмсалды. Оның ішінде кітапхана бөлмесін жаңартуға – 12 миллион теңге, ағымдағы жөндеу жұмыстарына – 10 миллион, ал оқу-әдістемелік кабинеттерді жаңғыртуға  83 миллион теңге қаржы бөлінді. Осы қаржылық қолдау арқасында STEM кабинеттері, еңбек шеберханалары, инклюзия және психолог кабинеттері, математика кабинеттері жаңадан ашылды. Қалған қажетті кабинеттердің жабдықтары тамыз айында жеткізіледі деп күтілуде.Сонымен қатар Томан бастауыш мектебінің жиһаздары жаңартылып жатыр, ал Ж.Мырзағалиев пен Абай атындағы мектептерге LED экрандар орнатылды. Бұл оқу үрдісін интерактивті әрі қызықты етіп, білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды жаңалықтар.Ағымдағы жөндеу жұмыстарына 78,9 миллион теңге бөлініп, ол қаражаттың арқасында бірқатар нысандарда айтарлықтай өзгерістер орын алды. Мысалы, Новобогат орта мектебінің төбесі толықтай ауыстырылды, мектеп-гимназияның бірінші қабаты кафельденіп, кіреберісі пластик қоршаумен толықтай жабылды. Бәйтерек бөбекжай-бақшасына жылы еден төселіп, балаларға ыңғайлы әрі жылы орта жасалды. Сонымен бірге «Құлыншақ» бөбекжай-бақшасының сыртқы қабырғалары қапталып, асхана, ыдыс жуу бөлмесі мен әжетханалары кафельденді. Санитарлық тораптары толықтай жаңартылып, санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келетіндей жөндеуден өтті.Осылайша, ауданымыздағы білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, оқушылар мен тәрбиешілер үшін сапалы және жайлы жағдайлар жасалуда. Бұл – білім саласына көрсетілген ерекше назар мен қолдаудың айқын көрінісі.

 

 

Жалғасы газеттің №32 (4245) санында

 

 Сұхбаттасқан: Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT