Жаңа оқу жылы басталар сәт таяды. Енді жазғы каникулдарында емін-еркін демалған шәкірт атаулы мектептеріне оралып, оқуларын жалғастырмақшы. Еңбек демалыстарында болған ұстаздар қауымының да тынымсыз күндері басталар сәт.
Жаңа оқу жылына ауданның білім беру саласы 16 жалпы білім беретін мектеп, яғни 10 орта, 1 негізгі, 4 бастауыш мектеп, 1 мектеп-гимназия, сондай-ақ, 12 бөбекжай-бақша, 3 балалар саз мектебі, 1 оқушылар үйі, «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубы, №4 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті бойынша қандай дайындықтармен келіп отыр?
Оқу жылы қарсаңында аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Махмудақызы Құрманғалиевамен сұхбаттасып, білім беру ұйымдарының бүгінгі тынысы туралы білген едік.
- Гүлайна Махмудақызы, жаңа оқу жылының дайындығы туралы айтқанда, бар мәселенің тоқайласар тұсы орта білім беру жайы ғой. Бүгінгі барлық дайындықтың нәтижесі де содан көрінеді емес пе?
- Дұрыс айтасыз. Ол әруақытта да солай болып келген. Болжамды мәлімет бойынша, жаңа 2024-2025 оқу жылы аудандағы 16 орта мектепте 5511 оқушымен, 320 сынып комплектісімен басталады деп отырмыз. Ал бұл көрсеткіштер өткен оқу жылында 5327 оқушы, 313 сынып комплектісі болған болатын. Оқушы саны болжам бойынша 184-ке, сынып комплектісі 7-ге өскен.
Өткен 2023-2024 оқу жылында білім сапасы 58,2 пайызды (2022-2023 оқу жылында 60 пайыз) құрады. Үлгерім 100 пайыз болды. Үздіктер саны – 630, екпінді – 2413. Денсаулығына байланысты бағаланбағаны - 10 оқушы.
Аудан бойынша 11-сынып бітіруші - 265 түлек, «Алтын белгіге» бітіргені - 10 оқушы, «Үздік аттестатқа» бітіргені - 9 оқушы. 2024 оқу жылында мемлекеттік грант иегерлері саны 112-ге (2023 жылы – 92) жетіп отыр.
-Білім саласындағы мектепке дейінгі білім беру ісі де бірегей жұмыстың бірі екені белгілі. Бұл жайынан айтылар әңгіме аз болмас?
- Аудан бойынша 12 бөбекжай-бақшаның 8-і – типтік, 4-еуі, яғни «Балбөбек», «Нарын», «Бәйтерек», «Аққу» бөбекжай-бақшалары бейімделген ғимараттарда орналасқан. Мектепке дейінгі осы 12 білім беру ұйымындағы 64 топта 1338 бала тәрбиеленеді.
Аталған білім беру ұйымдарында 219 педагог, 321 жай қызметкер еңбек етеді. Мектеп жасына дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен, оқытумен қамту (1-6 жас бойынша) 83,6 пайызды (2023 жылы - 81) көрсетті. 3-6 жас аралығы бойынша 100 пайызды құрады.
Кезектілік бойынша 550 арыз тіркелген (Аққыстау ауылдық округі-213, Тұщықұдық ауылдық округі-163, Қамысқала ауылдық округі- 47, Жанбай ауылдық округі-62, Зинеден ауылдық округі-9, Исатай ауылдық округі-30, Нарын ауылдық округі-26). Оның 39-ы – 1-6 жастағы балалар
Күні бүгін Нарын ауылында және Томан елді мекенінде 80 орындық бөбекжай-бақша ғимараттары құрылысы басталды.
- Қосымша білім берудің ахуалы қандай?
- Аудандағы қосымша білім беру ұйымдары - Ш.Шәріпов атындағы саз мектебі, Жанбай саз мектебі, Новобогат саз мектебі, Оқушылар үйі, «Барыс» балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлық клубы. Бұлардың барлығы да жұмыс жасап тұр.
Аудан бойынша қосымша біліммен қамту – 1697 бала, 32,45 пайыз (2022-23 оқу жылында – 1354 бала, қамту – 25,52 пайыз).
Саз мектептері бойынша домбыра, баян, қобыз, халық әні-терме, фортепиано кластары жұмыс жасаса, Оқушылар үйінде сәндік-қолданбалы, сурет, тілдік бағыт, «Аққайың» би тобы, драма, мүсіндеу, жаратылыстану бағытындағы үйірмелер жұмыс жасайды.
«Барыс» балалар-жасөспірімдер, дене шынықтыру, даярлық клубында баскетбол, гандбол, үстел теннисі, самбо, жеңіл атлетика, таэквондо, тоғызқұмалақ, футбол, волейбол үйірмелері оқушыларға қосымша білім беруде.
- Арнайы білім беру туралы айтарыңыз бар ма?
- Ерекше білімді қажет ететін үйден оқитын оқушылар саны өткен оқу жылында үйден оқитын бала саны-19, арнаулы сынып оқушылары-38, инклюзивті оқытылатын оқушы саны 46 болды.
Ауданда №4 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті жұмыс жасайды. Өткен оқу жылында кабинетке облыстық медициналық-психологиялық-педагогикалық кеңестің тұжырымы бойынша 76 бала(2022-23 оқу жылында 89 бала) қамтылды. Аталған кеңестен балалар жылына бір рет өткізіледі.
- Қашан да, қай салада да іс тетігі кадрлардың қолында екені өзгермес қағида деуге келеді. Бұл ретте ауданның білім беру ұйымдары мұғалім-тәрбиешілермен қаншалықты қамтылып отыр?
- Аудан бойынша мектептердегі педагог саны - 802, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде - 219 тәрбиеші, қосымша білім беру ұйымдарында - 68 педагог, түзеу кабинетінде 8 педагог қызмет атқаратуда.
Ауданның білім беру ұйымдарына жоғары санатты – 6, І санатты – 6, ІІ санатты -12, шебер педагог - 6, зерттеуші педагог – 122, сарапшы педагог – 190, педагог модератор – 208 және 257 педагог қызмет атқарады.
Жалпы білім беретін орта мектептерге – математика, орыс тілі, АӘД, қосымша білім беру мекемелеріне – саз жетекшісі, логопед, хореограф, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінен маманға сұраныс түсті.
- Мектептерде қауіпсіз орта қалыптастыру (интернет жылдамдығы, орталық шұғыл желіге қосылуы) қаншалықты дәрежеде?
- Аудан бойынша оқушыларды қауіпсіз ортада білім берумен қамту, білім беру ұйымдарында кедергісіз орта қалыптастыру мақсатында бейне – бақылау камералары - 1041 (ішкі - 587, сыртқысы - 454), 20 дана турникет, ішкі әжетханалар (алдыңғы оқу жылында олар 432 (ішкі-306, сыртқы – 126)) орнатылған.
Интернетке қосылу жылдамдығына тоқталсам, «Қазақтелеком» АҚ операторына - 11 мектеп, «Транстелеком» АҚ операторына - 4 мектеп, «Қазтранском» АҚ операторына 1 мектеп қосылған.
Орталық шұғыл желіге 13 орта мектеп қосылып отыр.
- Күрделі жөндеу және модернизация мәселесі де күрделі мәселелер ғой. Осы төңіректе ортаға саларыңыз бар ма?
- Аудан бойынша апаттық және үш ауысымды мектептер жоқ.
2023-24 оқу жылында Қаратүбек ауылындағы 320 орындық мектеп-гимназияның жаңа ғимараты 100 орындық жатақханасымен пайдалануға берілді.
2021-2025 жылдарға арналған Исатай ауданының аумақтық даму бағдарламасында ауданда білім беру ұйымдарын дамыту бағытында:
- Ю.Гагарин атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтті;
- Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектепке 350 орындық жапсаржай құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді;
- «Барыс» балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлық клубында, Аққыстау, Исатай орта мектептерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде;
- 250 орындық Өнер мектебінің құрылысы жүргізілуде;
-Нарын ауылында, Томан елді мекенінде 80 орындық балабақша құрылыстары басталғанын жоғарыда айтып өттім.
Жамбыл бастауыш мектебінің модернизациясына 10750,0 мың теңгеге мектепке кабинет жабдықтары алынды.
Исатай орта мектебінің модернизациясына 37604,535 мың теңге қаралып, 6370,0 мың теңгеге 14 шкаф, 90 парта, 8 тақта сатып алынды. Жалпы 90 па-йыз жұмыс аяқталды.
Қызыл үй негізгі мектебі модернизациясына 44000,0 теңге қаралып, физика, химия, география, STEM кабинеттеріне облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы тендер жарияланып, жеңімпаз анықталуда.
Аққыстау орта мектебінде күрделі жөндеу бойынша мектептің ішкі жұмыстары, бейне-бақылау, өртке қарсы тұрбалар сырты қапталды, спорт залындағы жылу радиаторының үстіңгі қатары қапталды. Әктеу, сырлау жұмыстары жасалып жатыр. Сыртқы жұмыстарынан сыртқы жарықтандыру аяқталды, абаттандыру және спорт алаңдары жасалуда.
Жасқайрат бастауыш мектебін газ желісіне қосу жұмыстары жүргізілуде.
Ауданның барлық білім беру ұйымдарында жай жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ол толықтай аяқталды.
- Материалдық-техникалық база да мән берілуі керек тұстың бірі емес пе?
- Материалдық-техникалық базаны нығайту да – мақсатты жұмыстардың бірі. Сол мақсатта 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары негізінде 2024 жылға оқу-әдістемелік кабинеттерін сатып алуға керекті қаражаттарға сұраныс берілді. Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер толықтай келді.
Жалпы, жаңа оқу жылы басталар сәтке жеткенде, оның дайындығы, жетістіктеріміз бен олқылықтарымыз жайлы айтқанда, ауданның білім беру саласындағы шаруалар осындай.
- Санаулы күннен кейін жаңа оқу жылы басталады. Оның жаңалығы аз болмас, басты жаңалықтары жөнінде қысқаша тоқтала кетсеңіз.
- Жаңа Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының қабылдануына орай, 2026 жылдан бастап жаңартылған оқу бағдарламаларын енгізу көзделген. Білім беру сапасын арттыру үшін ауылдық тірек және шағын жинақты мектептерде жекелеген пәндерді оқытудың инновациялық тәсілдерді енгізу қарастырылуда. Білім беру округтері құрылып, нәтижелері төмен нысаналы мектептерді мақсатты қолдау шаралары қабылданады. Аталған нысаналы мектептер қатарына ауданымыздағы 3 мектеп (Абай, Исатай, Гагарин) қосылып отыр, бұл мектептердің мұғалімдері курстан өтуді кезең-кезеңімен бас-тап кетті.
Жаңа оқу жылынан бастап «Цифрлық ұстаз» жобасын іске асыру шеңберінде аз қамтылған отбасылардан шыққан білім алушылармен жұмыс жандандырылады.
Сонымен қатар, биылғы оқу жылында цифрландыру, жасанды интелектпен жұмысқа басымдық беріледі.
- Әңгімеңізге рақмет! Жаңа оқу жылында білім беру ұйымдарының, олардағы педагогтарымыз бен шәкірттеріміздің, тәрбиеленушілеріміздің жетер жетістіктері мол болғай деген тілектеміз.
Дайындаған:
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР