Қамысқала ауылдық округінің коммуналдық әлеуеті тағы бір заманауи техникамен толықты. Осылайша округке көп функционалды «Беларус МТЗ–92.2» тракторы салтанатты түрде берілді. Арнайы техниканың кілтін аудан әкімі Нұрым Мусин ауылдық округ әкімі Рафиғат Тажиденоваға ресми түрде табыстады.
Бұл жаңа трактор ауыл ішіндегі санитарлық тазалықты жақсартуға бағытталған. Ол көшелерді сыпыру, қар тазалау және өзге де коммуналдық жұмыстарды тиімді атқаруға қажетті қосымша құрал-жабдықтармен толық жарақтандырылған. Бұл техника округ тұрғындары үшін таза, жайлы және қауіпсіз ортаны қалыптастыруға айрықша үлес қосуы күтіледі.
Ауыл әкімі Рафиғат Тажиденова жаңа техниканың елді мекеннің дамуына оң серпін беретінін атап өтті. Оның айтуынша, округте бұрыннан қолданылып жүрген «Беларус МТЗ–80» тракторы да тіркемесімен бірге әлі пайдаланылатын болады.
– «Беларус МТЗ–80» – қолданыстағы негізгі техникаларымыздың бірі. Ол екі мәрте күрделі жөндеуден өтіп, ауылдың алты көшесінің тазалығын қамтамасыз етіп келді. Ауыл аумағын таза ұстау үшін арнайы техниканың бөлінуі біз үшін үлкен көмек. Бұл – халық игілігі үшін жасалып жатқан маңызды жұмыстардың бірі,-деді ауыл әкімі.
Айта кетейік, жаңа трактор Қостанай қаласындағы «МТЗ–Қазақстан» машина жасау зауытында құрастырылған. Кабинасы заманауи салқындатқыш жүйемен жабдықталған.
Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА


