Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ Сауда палатасының президенті және бас атқарушы директоры Сюзанн Кларкпен кездесуі – екі ел арасындағы экономикалық әріптестікті тереңдетуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Бұл кездесу Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеру қажеттігін көрсетіп отыр.
Мемлекет басшысы екіжақты тауар айналымын ұлғайту мақсатында ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударды. Қазақстан АҚШ-ты Орталық Азиядағы басты экономикалық әрі саяси серіктесі ретінде қарайды. Бұл бағытта Қазақстан тарапы америкалық ірі компаниялармен және бизнес қауымдастығымен тығыз жұмыс істеуге әрдайым мүдделі екенін көрсетіп келеді.
Кездесу барысында жуырда өткен америкалық сауда-инвестициялық миссиясының нәтижелері де сөз болды. Бұл миссия – АҚШ бизнесінің Қазақстан нарығына деген қызығушылығы артып келе жатқанын айғақтайды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ Президенті Дональд Трамппен және Сауда министрі Говард Латникпен өткізген келіссөздері – екіжақты қарым-қатынастың мазмұнды әрі жүйелі екенін білдіреді.
Өз кезегінде, Сюзанн Кларк Қазақстанмен экономикалық байланыстарды кеңейтуге зор мүмкіндік бар екенін нақты атап өтті. Екі ел арасындағы сенімді диалог, іскерлік ынтымақтастық және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға деген ортақ ниет – алдағы кезеңде нақты нәтижелерге қол жеткізуге жол ашады.
Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық серіктестік тек сауда көлемін ұлғайтумен шектелмейді, ол сондай-ақ инновациялық технологиялар, жасыл экономика, ауыл шаруашылығы, энергетика және цифрлық трансформация сияқты маңызды бағыттарды да қамтиды. Бұл – еліміз үшін жаңа инвестицияларды тартуға, жұмыс орындарын көбейтуге және экономиканы әртараптандыруға жол ашатын тиімді құрал.
Аталған кездесу – Қазақстанның ашық әрі сенімді әріптес ретіндегі халықаралық беделін тағы бір мәрте айқындай түсті.
Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ