Жаңа жолдау жүктеген жаңа міндеттер

 

Халқымыздың жыл сайын қыркүйек айында жарияланатын Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың жолдауларын асыға күтетіні жасырын сыр емес. Биылғы жолдау да көпшіліктің көкейіндегі көптеген сұрақтарға жауап беріп, таяу жылдары болатын еліміздің басқару жүйесіндегі Сенаттың қызметін тоқтату сияқты саяси реформаларды алдын- ала жалпақ жұртқа жария еткен құнды құжат болды десек қателеспейміз.

Өз сөзін заманның даму үрдісіне орай кездесіп отырған қиындықтардан бастаған мемлекет басшысы «Қазақстан 3 жыл ішінде жаппай цифрлі ел болуы керек» деген үлкен міндет қойды.Еліміз өркениет көшіне ілесу үшін экономика саласына  инвестиция тартуды жеделдетіп, өңдеу өнеркәсібіне қаржы бөлуге назар аудару,атом энергетикасын дамыту, көмір өндіруді ұлғайту,заңсыз берілген жерлерді қайтарып алу т.б еліміз үшін өзекті мәселелер туралы айта келіп, әсіресе Қазақстандық туризмді дамытуға ерекше мән берді.

Оның да өзіндік себебі де бар деп ойлаймын.Өйткені қазіргі заманда мұнай өндіру мен автомобиль жасау өндірістерінен кейін табыс әкелетін сала ретінде туризм әлдеқашан өзін дәлелдеп қойған.Сондықтан да президентіміз кең байтақ жеріміздегі осы мақсатты жүзеге асыруға болатын барлық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып жұмыс жасаудың маңыздылығына тоқталды.Әсіресе еліміздің шығысындағы тау және тау шаңғысы туризмін дамытуға арнайы назар аударуы президенттің ел ішіндегі өзекті мәселерден жан-жақты хабардар екенін аңғартады.

Қорыта айтқанда биылғы жолдау жаңа дәуірге бет түзеген еліміздің  келешектегі  сара бағытын сызып берген стратегиялық жоспар болды десек қателеспейміз.Тек осыны халқымыз қолдап, үкіметіміз оны жүзеге асырудың тиімді жолдарын белгілеп,тиянақтылықпен іске асырса,  жалпақ жұртшылықтың оның жемісін көп күттірмей көреріне күмән жоқ.


Мүтиғолла Насиханов, 
мемлекеттік қызметтің ардагері
Тұщықұдық ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT