Өнер мектебінде аудандық білім бөлімінің және ауданның белсенді кәсіпкер ханымдарынан құралған қоғамдық бірлестіктің қолдауымен ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған жаңа жылдық мерекелік шырша ұйымдастырылды. Игі бастама аясында 100 балаға шаттық пен мерекелік көңіл күй сыйланды.
Мерекелік кешке Аққыстау ауылындағы «Айым» дамыту орталығының, Тұщықұдық ауылындағы «Несібелі ана» орталығының тәрбиеленушілерімен қатар, аудан мектептерінде білім алып жүрген ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар қатысты. Әсем безендірілген зал, жарқыраған шамдар мен ертегі кейіпкерлері балаларды бір сәтке ғажайып әлемге жетелегендей әсер қалдырды.
Шараның жоғары деңгейде өтуіне ауданның 13 белсенді кәсіпкері қолдау көрсетіп, балалардың жүзінен күлкі кетпеуіне өз үлестерін қосты. Мерекелік қойылымдар, қызықты ойындар мен көңілді әндер, Аяз ата мен Ақшақардың тарту еткен сый-сияпаттары балғындардың жүрегіне қуаныш ұялатты. Әр баланың көзінен жаңа жылға деген сенім мен шаттықты аңғаруға болады.

— Мұндай мерекелік шаралар балалардың көңіл күйін көтеріп қана қоймай, олардың қоғаммен етене араласуына, өздерін ортада еркін сезінуіне мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да осындай игі бастамалар жалғасын табады деп сенеміз,-дейді ұйымдастырушылардың бірі Ақмарал Тахаева.
Іс-шара соңында ата-аналар балаларға қуаныш сыйлаған ұйымдастырушылар мен қолдау көрсеткен кәсіпкерлерге алғыстарын білдіріп, игі істердің көпке үлгі екенін атап өтті. Осындай жанашырлық пен мейірімге толы мерекелер – қоғамдағы адамгершілік пен бірліктің айқын көрінісі екені сөзсіз.
Сағыныш ҚАЙЫР


