Жаңа жыл жақсылығымен келсін!

 

Міне, күні кеше бастауын алған сияқты көрінетін және бір жыл тәмамдала келді. Жер бетінде тағы да 365 күн жылжып өтіп, оның орнына тазалық пен талғампаздықтың да бейнесіндей болып жылқы жылы келеді. Жылан жылы жұртқа жақсылығын тарту етіп, табысын арттырып, өзіне тән жетістіктерімен тарих қойнауына енгелі тұр десек болғандай. Әрине, әр жылдың еншісінде өзіндік жетістіктері мен табысы, жақсылығы мен шарапаты, сондай-ақ қиындықтары да болатыны белгілі. Десек те, еліміз өмірінде бұл жыл елдің амандығымен, заманның тыныштығымен өткен жыл болғанын айтсақ абзал. 

Осы бір сәттерде қазақтың «өткен жылға өкпем жоқ» дейтін сөзі де ойға оралып отыр. Бұл жылы тұтас еліміздегідей, біздің ауданымызда да елдің игілігіне, халықтың қамына бағышталған жақсы жұмыстар жасалды. Оның бәрін бұл мақаламызда жіктеп-жіліктеп айтып шығуды мақсат тұтпадық. Өйткені оның барлығы аяқталып жатқан жыл бойына апта сайын оқырманының қолына үзіліссіз жетіп отырған ауданның төл басылымының бетінде тұрақты жарияға беріліп келді. Басылымның осы санында да солардың қайсыбірін көзі қарақты оқырманның қаперіне беріп, келер жылы да сол жақсылықтардың жалғасын табуына деген тілеулес көңілімізді жайып салып отырған жайымыз бар.

Жалпы алғанда, бұл - қорытындыланып жатқан жылдың жетістіктері сараланатын сәт. Күні кеше ауылдық округтерде болып, тұрғындармен кезекті кездесулерін өткізген аудан әкімі Нұрым Мусин де жыл ішіндегі жасалынған жұмыстарға тоқталып, алдағы жылы атқарылар жоспар-жобаларымен бөліскені белгілі. Сондай-ақ аудан басшысы жылдағы жұмыстардың, қол жеткен жетістіктердің бір парасы жөнінде аудан айнасына берген арнайы сұхбатында да жан-жақты сөз етті. Соның бәрінен көрініс берер жайт, әлгінде айтылғандай, өтер жылға өкпеміз жоқтығы.
Иә, жалпы қандайма мерекелі сәтте де көңіл біткен көтеріңкі, жүзіміз жарқын көрінетіні рас. Дейтұрғанмен, осынау жыл тоғысындағы мерекелі көңіл-күй мүлдем бөлек сезілетіні де бар. Мұның бәрінің төркіні бір жылды аман-сау аяқтаған адамдардың келер жылдан да жақсылықтар күткен ниет-тілегінде жатса керек. Мұны әлеуметтік желілердегі «Рахмет саған, 2025!» деп басталып, өтіп бара жатқан жылдың өз басындағы, отбасындағы, әулетіндегі, ауылындағы жақсы жаңалықтарымен, сүйінішті жағдайларымен, естен кетпес сәттерімен бөліскен замандастарымыздың жарияланымдарынан да айқын аңғарасыз. Олардың бірі перзент сүйсе, бірі отау көтерген, бірі мерейлі жасқа толса, енді бірі еңбекте жақсы нәтижелерге жеткен, тағы бірі баспаналы болған, әйтеуір айтылып жатқан әсерлі сәттер аз емес. Соларға назар сала отырып, жыл ішіндегі осынау жағымды жағдайларға сүйсінесің, өтер жылдың өрнекті сәттерін өзің де ойға алып, іштей риза боласың.  

Жалпы, қазақ ырымшыл халық емес пе?! Сосын да болар, бұрынғылар әр жылдың өзіне тән мінезі болатынын да айтып кеткен екен. Осы ретте этнографтардың сөзіне сүйенсек, үй жануарлары жылы жақсы, жайлы өтетін көрінеді. Бұған бақсақ, қазақта жылқы  текті түлік саналатыны шындық. Судың тұнығынан ішіп, шөптің шүйгініне жайылатын да сол жылқы. Осыдан кейін оны тазалықтың, талғампаздықтың да бейнесіндей көресің.  

Иә, алда тағы бір жаңа жыл – 2026 жыл тарихтағы алғашқы парағын ашпақшы. Жылқы атауын иелене жетер сол жаңа жылымыз жақсылығымен келсін деп тілейік.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT