Жаңбырсыз жаз да сынап тұр

 

Ауылдағы ағайынның, әсіресе шаруа баққан жандардың есінде әр жылдың өзіндік бір ерекшеліктерімен жатталып қалатыны бар. «Анау қар көп болған жылы», «су мол болған кез», «көктем кеш келген жыл» деп үлкендердің әлі де әңгімелеп отыратынын көреміз. Сол айтқандай, өтіп бара жатқан биылғы жыл да өзіндік ерекшеліктерімен есте қалары анық. Соның ішінде «жаңбырсыз жазы» ұмытылмас десек болар. 

Иә, биылғы жаз жаңбырсыз болды. Айналғанда ерте көктемде табаны жақсы көрініп, қылтия бой көтерген жас өскін атаулы ылғалдың жоқтығынан, шаруалардың тілімен айтқанда, «мыш болып қалды». Ақырында мортық, шытыр сияқты маусымдық шөптер ерте қурап, желге ұшып жоқ болды. Торғайот, балықкөз, алабұта сияқты қара шөптің өзі бой ала алмады. Түйе мен қой-ешкі атаулы, тіпті жылқы мен сиырдың өзі «тері сүйреткендей» болып жатқан жайылымдарда тырбиып жатқан сол қара шөпті талғажау етіп келді. Өзіміз аралап көрген Тұщықұдық, Қамысқала ауылдық округтерінің қырлығы, жиек бойы тап осындай күйде. Жауын-шашынның жоқтығынан аудан көлеміндегі өзге округтер жерлерінде де осындай жағдай қалыптасып отырғаны анық. Нәтижесінде малдың күйі нашарлады, жылқысы барлардың арасында «союға жарайтыны жоқ» деушілер көп.

Енді не істемек керек дегенде, соңғы күндердегі бір-екі өткінші нөсер жаңбырдан кейін «сораң да болса көтерілер» деген көптің үміті зорайғанын байқаймыз. Қазір сол жаңбырлардың ылғалына сайларды қуалай өсіп, көлдеу жерлерде көгере қылтиған көк атаулыға қадалып жатқан мал. Осындайда «жаздың соңындағы жаңбырға қара шөп болса да көтеріледі ғой» деп отырған шаруаның тілегі болғай дейсің іштей.

Жайылыстың жайы әлгіндей болғанда, жемнің жоқтығы да тағы жақсы емес. Бұл және кешегі аптада аймақ басшысымен болған кездесуде айтылған жайттың бірі болды. Бұрындары ауыл-ауылдағы сау-да нүктелерінде үзілмейтін кебек жемнің өзі қат болып қалды. Біз ауыл кәсіпкерлерімен де сөйлесіп көргенбіз. Солардың бірі Дабысқали Садихов: - Өзім қазір жем сатып жүргенім жоқ, бірақ жемнің қымбаттап кеткенінен хабарлымыз. Ең арзаны әрі халықтың көп тұтынатыны – кебек жем. Басқаларын айтпағанда, сол кебектің өзі былтыр 25 келілік қаптағысы 1700 теңге еді, қазір 2800 теңге, яғни 1000-1100 теңгеге қымбатсып кетіп отыр,-дейді. Басқа да кәсіпкерлердің, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының да айтары осы.

Қалыптасқан жағдайға қарап, алдағы сын шақ – қыстақ барысы қалай өтерін ойлайсың. «Қыс аспанға қыстамайтыны» тағы рас. Соны ойлағанда көңілге бір демеу болатыны – көршілер Батыс Қазақстан облысынан, өз облысымыздың Қызылқоға ауданынан, сондай-ақ теңіз жағалауларының бала құрағынан дайындалған пішен орамаларының жеткізіліп, малы бар ағайынның «қыстың қамын жаз ойлап», мүмкіндігінше алып қалуға жұмыстанып жатқандары. «Елде болса ерінге тиеді» деген осы. Жағдаймен санасқаны болар, әлде келер жерінде көбірек пе, пішен орамаларының бағасы бұрынғыдан қымбаттаған жоқ әзір. Қызылқоға, ауданынан, Забурын ауылдық округі аумағынан жеткізілген пішен орамаларының әрбірін 7-8 мыңнан саудалап, барынша қолжетімді қылып жүрген жеткізушілер де бар. Олар алар жерінде қымбатсып кетпесе, өздерінің әзір осы бағаны ұстап тұрғанын айтады.

Енді аз күнде жаз да түгесіліп, салқын күз айлары басталады. Одан әріде қытымыр қыстың кезек күтіп тұрған жайы бар. Осыдан кейін біз «Шаруа ағайынның алдағы қысқа дайындық жайы нешік?» деген сауалымызды аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміндегілерге де көлденең тартқанбыз, аталмыш бөлім басшысы Дидар Есмұханов газетіміздің алдағы санында оған толыққанды жауап бермекке уәде етті.

 

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT