Жадымыздасыз, Жұмеке

Қым-қуат тірлікте түрлі адамдармен жолың түйіседі.

Саған қарап өзіңнен кішілер үлгі алса, сен алдыңғы толқын ағаларға қарап бой түзейсің. Мынау фәни дүниеде маған таныс-біліс болуға, бірге жүруге, өнегесін алуға мүмкіндік туған сондай асқар таудай тұлғалы азаматтардың бірі Жұмажан аға Қадымұлы болды. Ол кісімен 35 жылға жуық аға-іні ретінде араласа келе байқағаным, қөзі қарақты, жан-жақты қабілетке ие, әсіресе, өзінің кіндік қаны тамып, өсіп өнген Нарын өңірінің жер-су атауларын, тарихи орындарын, арғы-бергі айтулы өнер адамдарын терең білетіндігі ерекше көзге ұрып тұратын. Күйшілер Дина, Жаңбырбай мен ақын Насихат Сүгірұлы сияқты атақты адамдар мен қатар, есімі елде атала бермейтін «Тесік тамақ» Сабыр күйші, Игібай әнші сияқты біз естімеген өнерпаз адамдар жөнінде ол кісі әңгімелеп отырғанда таңқалысымызды жасыра алмайтынбыз. Айбастың төрінде Нәбидолла Кәрімұлы ағасы екеуі кездескенде өзімізді ғылыми танымдық мәжілісте отырғандай сезінгенбіз. Осының бәрін қайдан біледі деп таң қалғанымызды да жасыра алмаймыз. Сөйткен Нарынның соңғы абызы Нәкең де, сол дала академигінің көзін көрген, әңгімесін тыңдаған орнын басуға лайықты тұлға Жұмекеңнің өзі де өмірден өтті.

Бір көңілге медет тұтатынымыз, толайғай теңіз білімін өзімен бірге ала кетпей, «Зерде», «Талайлы тағдырлар» сияқты ғылыми тұрғыдан құнды, танымдық кітаптарын жазып үлгеріп, көпшіліктің игілігіне айналдыра білгені игілікті іс болды.

Қазақ жігітті «сегіз қырлы, бір сырлы» дейді. Ондай азаматтарды ерекше қадірлеп «сал», «сері» деп еркелеткен. Егер халқымыздың дәстүр биігінен қарасақ, Жұмекең де солардан қалған, көненің сарқытындай көрінеді. Өйткені, ол кісі білікті басшы, шебер ұйымдастырушы, үнемі ізденісте жүретін зерделі азамат, сөйлесе тыңдаушысын ұйыта білетін шешен, арғы-бергі тарихты терең меңгерген өлкетанушы, әзіл сөздің шебері, қоңыр үнді әнші, биік адамгершілік иесі болған еді. Сондықтан Жұмажан Қадымұлының асыл қасиеттері жерлестерінің есінде ұзақ сақталары сөзсіз.

Мүтиғолла НАСИХАНОВ,

әріптес інісі, аудандық мәслихат аппаратының басшысы

COVID 19

covid

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

Бейнебаян жаңалығы

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21