Исатай аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінен алынған мәліметте аудан бойынша 2023-2024 жылдардың мал қыстағына ауыл шаруашылығы құрылымдары мен жеке секторлардың дайындығы ойдағыдай екендігі көрініс тапқан. Қыстаққа аудан бойынша 25501 бас мүйзді ірі қара, 37748 бас қой-ешкі, 25746 бас жылқы және 9343 бас түйе малдары түседі деп жоспарлануда.
-Аудан бойынша қыстаққа дайындалуы керекті мал азығы 80720 тонна, оның 4350 тоннасы өткен жылдан қалған қалдық, биылғы жылға дайындалуға тиісті мал азығы 76370 тонна екендігі, 2900 тонна құрама жем қажет болатыны нақтыланды. Қажетті 76370 тонна шөптің 49640 тоннасы (65%-ы) Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарынан, көршілес Құрманғазы, Қызылқоға аудандарынан жеткізілсе, 26730 тоннасы (35%-ы) ауданымыздың өз аумағындағы құм өңірі, теңіз жағалауы, қатқыл бойынан дайыналып жатыр. Қазанның 24-і күнгі қорытынды мәлімет бойынша жеке қожалықтары мен шаруа қожалықтарында 76622 тонна пішен дайындалды, яғни дайындалуы керек пішен 100 пайызға орындалып отыр,-деді аталған бөлім басшысы Қадыржан Ермұханов.
Деректерге қарағанда, қыстаққа қажетті құрама жем Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарынан, Атырау қаласы «Карат» ЖШС-нен (Даулет-НАН) кебек жем тасымалдануда. Көршілес Астрахань облысының жеке кәсіпкерлері де саттыққа кебек жем жеткізуде екен.
Ауданда 273 шаруа қожалығы тіркелген, шаруашылықтарда 248 мал қыстағы орналасқан. Олардың көпшілігі Тұшықұдық және Қамысқала ауылдық округтерінде. Бір апта бұрын құм өңіріне сапарлап, шаруа қожалықтары мен жекелеген шаруалардың қыстаққа дайындық барысындағы қам-қарекетімен танысып, жағдайларын зерделеп оралған ауданның бас шаруагері олардың қораларын жөндеп, қыстақ басына дайындаған шөбін үйіп, қапысыз қамдануда екенін жеткізді.
-Биылғы күз жылы, жаңбырлы болып тұр ғой. Бұл, әсіресе, құм өресіндегі шаруа баққан ағайынға қолайлы болып тұр. Қазір қыстаққа түсетін малдың бәрі күйлі, қоңды екенін көрдік. Шаруагерлер де сын кезеңге барынша дайндық жасап отырғандарын айтады,-дейді Қадыржан Ермұханов.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР
Суреттерін түсірген Ержан ШЕРУЕНОВ