Ауылдық жердегі ағайынның бір күнкөріс көзі – алдындағы малы. Ал уақыт талабына ілесіп шаруа қожалықтарын құрып, бірыңғай мал бағумен айналысып жүрген шаруагер жандардың жұмыс көзі де осы. Осындай жағдайда жазда малын қырға жайлатып, ауа райы қолайлы болса күзде де, қыста да өрісін өзгертпей отырған малшы ауылдың жылқыларының белгісіз ауруға шалдығуы шаруа ағайынды қалай алаңдатпасын?
Қамысқала ауылдық округінің Жасқайрат елді мекенінде ағымдағы жылдың 17 шілдесінен бастап жылқы малының ауырғаны туралы ауылдық округтегі ветеринарларға хабарлама түсе бастады. Осы өңірде, яғни қатқыл мен құмның тоғысқан жерінде округке қарасты 31 шаруа қожалығы өздерінің төрт түлік малын өсіріп отыр еді. Нақтырақ айтқанда, елді мекеннің Әусен және Қожбан құдығы деп аталатын аумағында жайылып жүрген жылқылар жөпелдемде тез ауырып, симтоматикалық ем-шара алмаса өліп қалып жатыр. Аурудың симптомдары - тыныс алу қиындап, жануар-дың мұрнынан қан кетеді. Аяқтары дірілдеп, ақырында әлсіреп құлайды.
Округке бөлінген ветеринар мамандар хабар бойынша ауырған малдарды аяқтай барып қарап, тіркеуге алған бойда емдік шараларды жүргізуде. Аудандық аумақтық инспекция мен аудандық ветеринариялық стансаның шақыртуымен Астана қаласынан ұлттық референттік орталық пен Алматы, Тараз қалаларынан мал ауруларын зерттейтін ғылыми зерттеу институттарының мамандары келіп, өлген және ауырған малдардан сынамалар алды.
Күні бүгінге референттік орталықтың қорытындысы келіп, онда малдан адамға, малдан малға жұғатын аса қауіпті 10 аурудың белгісі анықталмағаны туралы ақпарат алдық. Қалған екі лабораториялық қорытындылар әлі келген жоқ. Қазіргі таңда жоғарыда айтылған мекеме басшылары қызметкерлерімен округтегі мал аурулары шыққан қожалықтарға бізбен бірге барып, жағдай бойынша қажетті іс-әрекет жасау жөніндегі түсінік жұмыстарын жүргізуде. Анықталған ақпарат негізінде Атырау облысы, оның ішінде Қамысқала ауылдық округі жылқылар арасында паразитарлы аурулардан қауіп бар өңірлер қатарына кіреді. Сол себепті малшыларға ветеринарлық-инспекциялық шараларды күшейтіп, екпелер мен инсектоцидтерді қолдануға және балама жайылымдарға өріс ауыстырып қарауға қолдау көрсетуді ұйымдастыруымыз керек. Тағы бір баса айтатын жағдай - иелері малдың өлекселерін биоқалдықтарды жоюдың заңдылығына сәйкес, өздерінің мал жайылымы үшін алған жер телімдерінің аумағынан мал моласын дайындап, сол жерде өртеліп, жойылуы тиіс екені. Өйткені, далада жайылып жүрген малдың иммунитеті төмендегенде сүйектерді жалап, одан әрі өлексе паразиттерін жұқтырып алу ықтималдығы өте жоғары екен. Бұл дегеніміз – паразитарлы аурулардың таралу қаупінің жоғарылайтыны. Осыған дейін де болған ауруларды анықтауда ветеринарлық институттың зерттеуі бойынша негізгі себеп - малдардың күтімінің болмауы және уақытылы екпе алмауынан туындайтындығы.
Сонымен қатар ветстанса мамандары мал суаты болған Жасқайрат каналындағы судан да сынама алып, облыстық ветеринариялық зертханаға жолдады. Күні кеше зертханадан күтілген қорытынды да келіп отыр. Онда Жасқайрат елді мекеніндегі мал су ішетін жайма суатынан (котлован басынан) осы жылғы 5 тамызда алынған су сынамасы бойынша облыстық ветеринариялық зертхананың зерттеу қорытындысы нәтижесімен ұсынымдар жолданған. Онда ауа райының қазіргідей ыстық кезінде малдың суды шамадан тыс көп ішуінен зертхананың сараптама актісінде көрсетілген элементтер мал ағзасына біртіндеп жиналып (кумулятивный) улану әсерін туғызуы ықтималдығын көрсететіні айтылады. Сонымен қатар, мал арықтап, иммунитетінің әлсіреуіне де әкеліп соғуы мүмкін делінген. Сондықтан осы каналдан су ішетін аталған ауыл шаруашылығы жануарларының суатын өзгерту, котловандағы тұйықталған суды ағызып, ағын су қалыптастыру, судың тазалығын үнемі бақылауда ұстап отыру ұсынылған.
Иә, жанынан бұрын малының амандығын сұрайтын қазақ үшін өзі бағып-күтіп, өсіріп-өндіріп игілігін көріп отырған малының да амандығы маңызды-ақ. Соны ескерген біздің де жайлаулықтағы жылқы малының неден ауырып жатқанын анықтап, алдын алу бағытында атқарылар істерді нақтылауды ойластыра отырып мамандармен бірлесе жүргізген жұмысымыздың бір нәтижесі осы болды.
Рафиғат ТАЖИДЕНОВА,
Қамысқала ауылдық округінің әкімі