"Жайлы мектеп" – сапалы білім беру

   Елімізде Президент бастамасымен «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге аса бастады. Мұндай мектептер ауылда да, қалада да бірыңғай стандарт бойынша салынады. Бұл мектептің бұрынғы мектептерден айырмашылығы бастауыш сыныптар мен жоғары сынып оқушылары бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, спорт залдары, асханалары, дәретханалары болады.

Оқушыларға оқу құралдарын сақтауға, киімдерін ауыстырып киюге арналған жеке шкафтар қойылады. Бейнебақылау, дыбыстық хабарлау орнатылып, оқушылардың қауіпсіз ортада болуы да қарастырылған. Сондай-ақ, балалардың кітап оқуына, шығармашылық істермен айналысуына және демалуына қажетті жағдайлар жасалады. Физика, химия, биология және робототехника пәндерінен заманауи кабинеттер ашылады, олар жылдамдығы жоғары интернетке қосылады. Мұның өзі осы пәндерді оқушылардың заман талабына сай терең меңгеруіне үлкен септігін тигізеді. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға да тиісті жағдайлар жасалады. Сонымен қатар мектепке апаратын жол, жаяу жүргіншілер жолы, оларға жарық жүргізу, автобус бағыттары мен аялдамалары да қарастырылады. Осындай зәулім, заманауи, жайлы, барлық жағдайы жасалған мектептерде оқу оқушылардың сапалы білім алуына  жасалған үлкен қамқорлық болмақ. Ақпарат құралдарынан білгеніміздей, мұндай мектептерді  қаржыландыруға жай мектептерді қаржыландырудан екі есе артық қаржы жұмсалады екен. Мемлекеттің  мүмкіндігі болып жатса, әрине жақсы ғой. Ал бұрынғы мектептерді де жөндеп, осындай қалыпқа келтірсе құба-құп. «Еліміздің болашағы – жастар» десек, сол жастар бүгінгі мектеп партасындағы бүлдіршіндер. Олар сапалы білім алып, ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп, ұлттық рухпен тәрбиеленсе, заман талабына сай тереңірек білім алса, елді өркендетер жастар болып шығары хақ. 
     Ал, енді қазіргі оқулықтардағы материалдардың оқушы жасына, түсінуіне сәйкес келмеуі, мәтіндердің оқуға түсінікті, жатық тілмен емес, ғылыми тілмен берілуі, көптеген оқушылардың өз бетімен оқи алмай, ата-ана көмегіне жүгінуі, ал ата-аналар да түсінбей немесе уақыты жетпей оқу орталықтарын іздеуі - бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр. Оған беруге кез-келген ата-ананың жағдайы келе бермейді. Егер мүмкіндік болса, бұрындары мектеп тәжірибесінде болған ұзартылған күн тобын іске қосып, баланың үй тапсырмасын орындауына жағдай туғызу керек-ау  деген ой туындайды.  Мектеп заман талабына сай салынғанмен, білім беретін оқулық мәселесін, соны қалай оқыту мәселесін шешпей толыққанды, сапалы білім алуда қиындықтар арылмасы анық.

Мутянова Лиза Төлегенқызы,

ардагер ұстаз, ҚР білім беру ісінің үздігі 

Аққыстау ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT