Исатай аудандық орталық кітапханада облыстық, аудандық әкімдік пен ардагерлер кеңесінің бастамасымен Ұлы Отан соғысының ардагері, Атырау облысының Құрметті азаматы, қоғам және мемлекет қайраткері, ғибратты ғұмыр иесі Орынғали Қарасаевтың «Тектілік тұғырынан таймаған» атты кітабының тұсаукесері болды.
Ұлы Жеңістің 78 жылдық мерекесі қарсаңында өткізілген мәдени шараға келушілерде аз болмады. Шараның мақсаты кейінгі өскелең жас ұрпаққа тағылымды өнеге иесі О.Қарасаевтың артында қалған рухани мұраларын дәріптеу.
Алдымен ұзақ жылдар партия, комсомол комитеттерінде, идеология, мәдениет саласында абыройлы еңбек еткен атамыздың өмірбаяны туралы экраннан бейнефильм көрсетілді. Бұдан кейін жүргізуші Саябек Шагиров алғашқы сөзді Атырау облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Мұхамбетовке берді. Ол өз сөзінде облыстың мәдениетін, өнерін басқару мен өрге бастыруда Орынғали ағаның орны ерекше екенін, оны ілгері дамытуда көп еңбек сіңіргенін, әз ағаның жарқын тұлғасы, өнегелі өмірі кейінгі буын өкілдеріне жігер беретініне, аға туралы естеліктер әлі талай рет айтыла береріне сенімді екенін айтса, Орынғали атамыздың немере інісі Бағытжан Мүбараков пен атамыздың қызы Халам Орынғалиқызы осындай танымдық-тағылымдық мәдени шарасын ұйымдастырған облыс, аудан әкімдігі мен ардагерлер кеңесіне, кітапхана ұжымына алғыстарын айтып, шынайы сезімнен туған ризашылықтарын жасырып қалмады.
С. Мұхамбетов пен атаның немере інісі Б. Мүбараков жаңа кітаптың тұсауын кесті. Аудан әкімдігі аппаратының басшысы Абзал Байсалбаев аудан әкімі Полымбет Хасановтың құттықтау хатын оқып, сәлемін жеткізді. Сондай-ақ шара кезінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Маштахов, ауданның Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер, Жазушылар одағының мүшесі М. Бектенов және тағы басқалар Орынғали ата туралы естелік әңгімелер айтып, шараның маңыздылығына тоқталды.
Ш.Шәріпов атындағы саз мектебінің мұғалімі Айтқабыл Ләтипұлы Махамбет пен Есбайдың күйлерін күмбірлетсе, кітапхана қызметкерлері қонақтарға сый-сияпат ұсынды.
Соңында жүргізуші С.Шагиров барша ауылдасқа, аудан әкімдігіне, ішкі саясат қызметкерлеріне, кітапхана ұжымына, О.Қарасаевтың жұбайы Дәметия анамызға, қонақтарға, ұрпақтарына алғыс сезімін білдірді.
Аяпберген САЛИХОВ