Жақсылық жолындағы марапат

 

Қоғамдағы тұрақтылық пен өзара сенімді нығайтуда мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару құрылымдарының және қоғамдық ұйымдардың атқаратын қызметін халыққа кеңінен таныстыру, олардың бастамаларын ақпараттық тұрғыда қолдау ерекше маңызға ие. Әсіресе әлеуметтік маңызы бар жобалар мен қоғамдық қозғалыстарды түсіндіру, азаматтарды белсенділікке тарту – ішкі саясат саласындағы негізгі бағыттардың бірі. Осы бағытта Атырау облысы басқармалары, өзге де мемлекеттік органдар және өзін-өзі басқару ұйымдары еріктілік қозғалысын дамытуға, қоғамдық бастамаларды қолдауға және азаматтық жауапкершілікті арттыруға жүйелі түрде бастамашы болып келеді.

 Осы орайда волонтерлік қызметті насихаттау, еріктілердің еңбегін бағалау және олардың қоғам өміріндегі рөлін кеңінен түсіндіру мақсатында Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының «Атырау облысының Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен Халықаралық волонтерлер күніне орай облыстық «Volunteer Awards» байқауы өтті.

Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдық өмірге белсене араласып, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға атсалысып жүрген еріктілерді қолдау, олардың еңбегін бағалау және волонтерлік қызметтің қоғамдағы маңызын кеңінен насихаттау. Сонымен қатар бұл шара еріктілерді өзара тәжірибе алмасуға, жаңа бастамаларға шабыттандыруды көздеді. Мазмұнды да мағыналы шараға облыстың түпкір-түпкірінен белсенді волонтерлер жиналып, еріктілік жолындағы жетістіктері мен тәжірибелерімен бөлісті.

Аталған шараға біздің ауданымыздан да бірқатар белсенді еріктілер қатысты. Атап айтқанда, күміс волонтер Валя Губашова, «Таңшолпан» қоғамдық қорының жетекшісі Алтынай Сағынғали және ауданымыздың белсенді еріктісі Медет Насихатов облыстық деңгейдегі шараның төрінен табылды. Іс-шара барысында облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова сөз сөйлеп, еріктілерді Халықаралық волонтерлер күнімен құттықтады. Ол өз сөзінде еріктілердің қоғамдағы рөлін ерекше атап өтіп, олардың атқарып жүрген игі істері жас ұрпаққа үлгі екенін жеткізді. Сондай-ақ белсенді волонтерлерге алғыс хаттар табысталып, олардың еңбегі жоғары бағаланды.

Облыстық «Volunteer Awards» байқауы еріктілер үшін үлкен рухани қолдау мен мотивация сыйлаған тағылымды шара болды. Мұндай кездесулер волонтерлік қозғалыстың дамуына серпін беріп, қоғамда мейірім мен жанашырлық құндылықтарын одан әрі нығайта түсері сөзсіз.

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT